http://almaty-akshamy.kz/?p=30187
Мәскеудегі Ілияс тойы
Ақшам-ақпарат / 27.10.2014, 19:58 / 90 рет оқылды
2203Мәскеудегі Ұлттар үйінде Ілияс Жансүгіровтің 120 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті. Кештің бірінші бөлімінде Ілияс Жансүгіровтің ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері ақынның шығармашылығы мен өмірі туралы әңгіме айтты. Ал екінші бөлімде Мәскеуде білім алып жатқан қазақ жастары ақынның поэма-өлеңдерінен үзінді оқып, күй шертті.
Мәскеуде атасының мерейтойын өткізу үшін барлық күш-жігерін салған ақын немересі Фатима Жандосова: «Біздің атамыз Ілияс Жансүгіров – қазақтың ұлы ақыны, қоғам қайраткері. Танымал тұлғаның немересі болу әсте оңай емес. Себебі, менің атамның атына кір келтіруге қақым жоқ. «Жансүгіровтің ұрпағы кім екен, қандай екен, атасын қаншалықты құрметтейді, шығармашылығын қаншалықты біліп, қалай дәріптейді?» деп жұрттың әрқашан назары бізде болады. Бала кезімнен атамның өлең-жырларын жаттап өстім. Анам «Қазақтың танымал тұлғасының, үлкен ақынның немересісің. Сол атқа лайықты болуың керек!» деп тәрбиеледі. Мен де өз баламды Ілияс Жансүгіровтің шөбересі болудың үлкен жауапкершілігі бар екенін түсіндіріп, өсірдім. Балам атасының шығармашылығын жақсы біледі» дейді.
Айтқандай, кештің сценарийін Фатима Жандосова өзі жазып, өзі «еркін форматта» жүргізді. Кеш өткен залдың қабырғасында Ілияс Жансүгіровтің өмірінен, шығармашылығынан сыр шертетін тарихи суреттер ілініп тұрды.
Ресей Халықтар Достығы университетінің магистранты, жазушы Аягүл Мантаева: «Мәскеу секілді мәдениеті мен әдебиеті дамыған әлемдік қалада қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіровтің мерейтойын тойлап жатуымыздың өзі қуантады. Ілияс Жансүгіров – қазақтың тектілігін, ақсүйектігін, намысшылдығын, өжеттігін, білімділігін, қайсарлығын, шыншылдығын, қысқасы, бүкіл ұлттық ерекшелігін көрсететін тұлға. Қазақ дегеніміз – Ілияс Жансүгіров, қазақтың тілі дегеніміз – Ілияс Жансүгіров. Қазақтың ары мен ұяты – Ілияс Жансүгіров. Мен жалпы қазақты Ілияс Жансүгіровтің, алаштықтардың рецептімен сүйгім келеді. Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмаларын оқып отырсаңыз, құлағыңызда Құрманғазының, Тәттімбеттің күйі күмбірлеп тұрғандай болады. Өзі жырлаған Құлагер секілді жүйрік, поэзия әлемінде жарық жұлдыздай жарқыраған Ілияс та репрессияның құрбаны болды. Иә, қазақтың жүрегінде жара қалды, бірақ, сол жараны Ілиястан мұраға қалған жырлар емдеп жатыр» деді.
Кеште Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің аспиранты Бану Оңдасынова «Күйші» дастанынан қазақша, ал Валерий Забиняк «Күйшіден» үзіндіні орыс тілінде оқып жатқанда, Нұрлан Бертісов күй шертіп, әдемі композиция болды.
Белгілі әншілер Жеңіс Ысқақов, Татьяна Полтавская шырқаған әндер кештің көркін аша түсті.
Жанар АЙТҚАЗЫ. Мәскеу.