Ілиястану М.М.Иманғазинов.

Бөлісу

Ілияс Жансүгіров өмірі мен  шығармашылығына арналған «Ілиястану» арнаулы курсы бойынша оқу құралының авторы, қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы М.М.Иманғазинов.

Ілиястану М.М.Иманғазинов.

Алғысөз

Ілияс Жансүгіров тек ақын ғана емес, үлкен прозаик, драматург, сатирик және талантты аудармашы да. Ілияс Жансүгіровтің қазақ әдебиеті тарихында алатын орны үлкен. Ол өзінің шығармаларымен әдебиетіміздегі көркемдік тәсілді қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Заман шындығын, оның өткен шырғалаңын нақты суреттей білген реалист қаламгер. Сөз зергерінің айшықты туындылары қазақтың көркем сөз мәдениетін дамытты, әдеби тілді байытты.
Ілияс Жансүгіров 1894 жылы мамыр айының 1-де бұрынғы Қапал уезінің Ақсу болысына қарасты (қазіргі Алматы облысы, Ақсу ауданы) «Қызылтаң» ауылының маңындағы Кіндікқоңыр қыстағында туған, Әкесі Жансүгірдің шағын ғана дәулеті бар, ескіше хат танитын, араб-парсы, шағатай тілдеріндегі кітаптарды жинап, батырлық дастандар, тарихи оқиғалар мен аңыз-ертегілерді, әңгіме-шежірелерді жақсы білетін кезі қарақты, ол саусағынан өнері тамған адам болған. Ілиястың 4 жасында анасы Көкіш қайтыс болып, жастық шағы көбіне әке тәрбиесінде етеді. Балаға қатал Жансүгір Ілиясты мезгілінде хат танытып, қазақ ішіндегі белгілі ақындар мен жыраулардың кең тараған шығармаларымен, ауыз әдебиеті үлгілерімен ерте табыстырады. Табиғатынан дарынды жаратылған зерек бала Біржан мен Сараның, Әсет лен Рысжанның, Жанақ пен Түбектің, Шөже мен Кемпірбайдың айтыстарын жаттап алып, «Қыз Жібек», «Зарқұм», «Рүстем-Зорап» қисса-дастандарын майын ағыза оқитын дәрежеге жетеді.
1912 жылы күзде талапты жас оқуға ілініп, Қарағаштағы «Мамания» мектебінде төрт жарым айдай оқиды. Бірақ бұл жолы да түрлі себептерге байланысты оқуды тастап кетуге мәжбүр болды.
Міне,  Ілиястың  жас   шағында  алған  білімі  осымен аяқталады.
Білімінің аздығын, оқыған кітаптарының мардымсыздығын қатты сезінген Ілияс қайтсе жүйелі түрде оқымақ ниетімен 1920 жылы Ташкент қаласына барып, сондағы мұғалімдер  даярлайтын қазақ-қырғыз  институтының  екі жылдық курсына түседі. Осы кезеңде «Ақ жол» газетінде корректор болып жұмыс істей жүріп, Ғани Мұратбаевтың ұйымдастыруымен «Жас   Алаш»   газетін   шығаруға   ат салысады. Өзінің «Жалпы жасқа» деген өлеңін осы газеттің бірінші бетіне бастырады. 1921 жылы денсаулығына байланысты еліне қайтып, Талдықорған уезіндегі Белтоған   ауылдық мектебінде  мұғалім  болып істейді.   1922  жылдың жазына дейін бала оқытып,  осы көздері Алматыда шығып тұрған  «Кедей еркі»,  «Тілші» газеттеріне өлеңдерін шығарады.
1922 жылы   қараша   айында   «Қосшы»   одағының шақыруымен   Алматыға келіп, «Тілші»газетіне   әдеби қызметкер болып орналасады. Газетте істеу, экспедицияға шығып, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинау жас Ілиясты ширатады, шыңдайды.
1923 жылдың ақпан айында Алматыдағы қазақ-қырғыз институтының   меңгерушісі   болып  тағайындалады.   Жас азаматтың,  қызметтен   өзге  уақыты  түгелдей   кітап  пен баспасөз беттерін оқуға, көңіліндегі көрікті ойын қағазға түсіруге жұмсалады. Осы уақыт — Ілияс творчествосындағы өрлеу, ерекше жемісті, өнімді кезең.  1924 жылға дейін Ілияс қаламынан 50 тарта өлең шыққан. Алғашқы өлеңдері 1917  жылы  "Сарыарқа»   газетінің   15-сі  мен  22  тамыз күндері шықса, басқа жырлары «Тілші»,  «Кедей еркі», «Жас  Алаш»,  «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» басылымдарында жарық көреді. 1927 жылы «Беташар» атты үгіт өлеңі, 1928 жылы «Сағанақ» деген тұңғыш кітабы шығады.
Алайда, білім кемшілігін қатты сезінген Ілияс қаламгерлік таланты мен есімі танылып қалса да, өз еркімен қызметтен босанып, 1925 жылы күзде Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтына оқуға аттанады. Оны ойдағыдай бітіріп шыққан соң, әдебиет, журналистика саласындағы еңбекке қызу араласады. Алғашында «Еңбекші қазақ» газетінде істеп, кейін 1932 жылы 18 мамыр күні өткен ҚазАПП-тың соңғы жиналысында Қазақстан Кеңес жазушыларының ұйымдастыру комитеті 10 адамнан құрылып, оның төрағалығына Ілияс Жансүгіровті сайлайды. Қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен алға басуына Ілияс осы жылдары көп еңбек сіңіреді. Осы қызметте 1935 жылға дейін істейді.
1935-1937 жылдарда көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарады.
1937 жылы 5 тамыз күні жікшілдер мен шаш ал десе, бас алатын қаныпезерлердің кесірінен қамауға алынып, 1938 жылы 26 ақпан күні ату жазасына бұйырылады.
Тек 1957 жылы 12 көкекте жазықсыз жазаға ұшырап, республикада отызыншы жылдары орын алған зорлық-зомбылықтың, социалистік заңдылықты бұзудың құрбаны болған аса көрнекті қазақ ақыны, жазушы, журналист Ілияс Жансүгіров толықтай ақталып, туған халқымен қауышады.


Қаламгер өмірінің жарқын тұстары

Ілияс Жансүгіровтің жан-жақты талант иесі екенін халық әлдеқашан мойындаған. Қаламгердің сан-салалы асыл мұраларының құны жойылмайтыны анық.
Осы баға жетпес дүниелерді зерделеу — қазіргі ұрпақ еншісінде. Ілиястың шығармаларымен қатар оның ғұмырлық жолын қарастыру да кешеуілдетуге жатпайтын мәселе.
Қазақ әдебиетінде қаламгерлердің биографиялық болмыс-бітімдері жөніндегі фактілерді зерттеу кеш қолға алынса да, біршама қазақ даналарының ғұмырлық кейбір қалтарыс беттері айқындалды.
Ілияс замандастары ішінде «тонның ішкі бауындай» болып кеткен тағдырлас Сәкен Сейфуллиннің өмірі жөнінде кітап филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Кәкішевтің авторлығымен «Тамаша адамдар өмірі» сериясы бойынша Мәскеуден 1984 жылы кітап болып шықты, Кейін қазақ тілінде жарық көрді.
Бейімбет Майлиннің «Тамаша адамдар өмірінен» сериясы бойынша 90-жылдардың басында өзіміздің жерлесіміз, филология ғылымының кандидаты, әдебиетші-ғалым — Тоқтар Бейісқұловтың авторлығымен жарық көрді. Ал, Ілиястың өміріне қатысты бұл сериямен кітап шықпақ түгілі ғұмырнамалық (автобиографиялық) фактілері нақты анықталып болмаған. Бұл, әрине, өкінішті жайт.
Ілиястың творчестволық лабораториясы кең, ауқымды. Оны зерттеп, кей шығармаларының шығу жайы, тарихы жөнінде бір  қажет мәлімет болатын болса, өмірлік фактілері мен архив деректеріне жүгіну аса маңызды жайт.
Қаламгердің ресми түрде жазылған өмір тарихы жөніндегі деректерді оқи отыра, бір-біріне сәйкес келмейтін жолдарды көргенімізде, еріксіз талай фактілерді анықтауға, түрліше деңгейде жазылған әдебиеттерді қарастырдық. Көптеген дүниелерді анықтау жолында мұражайда мұрағаттар негіз болса, одан бері де Ілиястың балалары марқұм Үміт Ілиясқызы, кіші қызы Ильфа, ұлдары — Болат, Саяттар үлкен жәрдем тигізді.
Сонымен қатар, Ілиястың көзін көріп, араласып бірге қызмет істеген адамдар Әбділда Тәжібаев, Мұқаметжан Қаратаев, Сәду Машақов, Бекболат Мұстафин, Серпербай ақсақал, Зейнеп апай (Мейірман Ермектасовтың жұбайы, Мейірман Ермектасов Ілияспен бірге «Мамания» мектебінде бірге оқыған) және Ілиястың поэзиясын жете зерттеген филология ғылымдарының докторы Тұрсынхан Әбдірахманованың, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеевтің көмектері зор болды. 
Біріншіден, Ілиястың туған жылы жөнінде. Өзі «Жылқы жылы туыппын» дейді. Бұл 1894 жыл. Ал, туған айы жөнінде «Жазға салым» делінген. Ол тұста қолда құжат болмағандықтан, өзінің туған күнін 14 май деп жаздырған. Ал, басқа әдебиеттерде 1 май деп жазылған. Бұл турасында ілиястанушы ғалым Мырзабек Дүйсенов мынадай маңызды жайтты айтады:  «Революциядан бұрын өмір сүрген қазақ туған жылы мен айын біледі, бірақ күнін дәл біле бермейді. Сәкен, Бейімбет үшеуі бір күні Ілиясты ортаға алып туған күнін сұрағанда (Ф.Ғабитованың дерегінен):
— Жазға салым туыппын, бірақ ай-күнін білмеймін, — депті.
—  Ендеше     жазға    салым    күннің    біреуін таңда, еуропалықтарша тойлаймыз туған күніңді, — деп Сәкен мен Бейімбет ұсыныс жасайды.
Ілияс: — Туған күнді тойлап, уақыт өткізіп жүреміз бе? — деп көнбейді. Екі құрдасы болмаған соң, ақырында ойланып тұрып:
—   Мереке күні бәрі бір жұмыс істемейміз, мейрамдаймыз ғой.
Ендеше, менің туған күнім сол 1 май күні болсын, -дейді».
Сондықтан, әр кітаптардағы 14 май не басқа емес, нақты бірінші май деп жазылса керекті. Өйткені, мектеп және жоғары оқу орнында пайдаланатын көп еңбектерде 14 май деп жазылған.
Тағы бір атап өтер жайт — Ілиястың туған жері туралы көбіне «4 ауылда» туған деген дерек кездеседі. (Оны өзі солай жазған). Бірақ, одан да аулақ болып, оқырманды не оқушыларды адастырмау мақсатында нақты «Ақсу ауданы, Қызылтаң ауылының маңындағы Кіндік төбе қыстағында туды» деп айтылса құба-құп. «Кіндік төбенің» ұшар басына Ильфаның жолдасы, марқұм Санжар Жандосов белгі қойған. Кішігірім цемент бағанада үш қарияның бейнесі салынған мыс металлдан жасалған панно.Кейін жерлестері қыстақ маңайынан өтетін жолға ескерткіш қояды.Белгі Қызылтаң ауылынан үш шақырым жердің шығыс жағындағы орналасқан қой фермасының сол жақ қапталында.
Ілияс туғанда ерекше қуанып, оның кіндігін сол жерге атасы Берсүгір көмген-ді. Сол уақыттан бастап сол төбені, «Кіндік төбе» деп кеткен. Берсүгірдің аздап өлең шығаратыны болыпты. Жас кезінде Ілиясты еркелетіп былай деп әндетеді екен:
«Сенің атың білемін Ілиястай, 
Саған келіншек әперсем сірә, жастай. 
Үйлендіріп еншінді бөліп берсем, 
Кетер ме едің әкене қарайласпай? 
Әлде сері боларсың жорға мінген, 
Әлде өлеңші боларсың ән күйлеген, 
Бақыт, дәулет, абырой әлі алдында, 
Сонда мені есіңе ал әлдилеген,
— деп, Берсүгір Ілиясты құшақтап бетінен сүйеді.
Ілиястың ата-бабаларын айту үшін шежірені тарату жөн болар деймін. Біріншіден, Ілияс Орта жүздің Найман елінен, оның ішінде  — Төлегетай, одан-Матай, одан — Сүттіболат, одан — Аталық, одан — Қайнар, одан — Тоқпан, одан — Жарылғап, одан — Жамбай, одан — Берсүгір тарайды. Үлкен әкесі Берсүгірден Жансүгір, Шөкен, Сүлеймен (аталарының бірқатарын өзіне «псевдоним» етіп алады. «Матай», «Аталық», «Сүттіболат», «Қайнар», тағы басқа (М. Дүйсеновтың дерегі).
Жансүгір — үлкен ұлы. Бұдан үш қыз, үш ұл туады. Үлкені қыздар. Олар — Рахима, Рахия, Қани. Ұлдары-Бимағзұм, Ілияс, Қызырбек.
Жансүгір бірнеше әйел алған, бірінші әйелі ерте дүние салған. Одан Бимағзұм туады. Екінші әйелі Көкіш (кейбір деректерде ол Шөкі деп теріс айтылып жүр), Көкіштен Рахия, Рахима, Ілияс туады. Көкіш Сарқан жақтағы, кейін «Қызылту», совхозы тұрған жердің қызы. Әжептәуір әнші болған адам. Ол кісі Ілиястың төрт жасында дүние салып, ол кейінгі өгей шешесі Бибінің қолында өседі. Бұдан Қызырбек туады. Ал, сол немерелерінің ішінде Ілиястың бала кезінен ұғымтал, зерек болып өсіп келе жатқанына қуанған атасы Берсүгір оны ерекше жақсы көріп, «Қоңырым» дейді екен.
Ілиястың әкесі туралы айтар болсақ, 1928 жылы Ілиястың өз қолымен жазған өмірбаянында «Жансүгір — әкем көзі тірі, жылы жылан, жетпіс  бірде» дейді. 1928 жылы 71 жастағы кісінің туған жылын анықтау қиын емес. Сонда Ілиястың әкесі 1857 жылы туған болса, биыл 2011 жылы 154 жасқа келіп отыр. Жансүгір халық арасындағы Жанақ, Шөже, Бақтыбай, Құлмамбет, Шернияз, Базар сынды жыраулармен қатар, Ақан, Біржан-Сара айтыстары мен шығармаларын мұқият жинап, оларды ел арасында кеңінен насихаттаған адам. Ал Сүйінбайдың жырларын Жансүгір сүйіп оқитын болған. Балаға суық, қатал Ілиясқа қара танытқан да өз әкесі болды. Қазақстанда аштық жылдарында Оңтүстік Қазақстан жақтағы канал қазу жұмыстарына қатысып (Мақтарал ауданында), сол жерде 1932 жылы дүние салады. Жерленген жерін Ілияс түгіл, бейбіт өмірде кейінгі балалары іздеп таба алмайды.
Енді Ілиястың өз автопортреті жөнінде. Әдетте, суретке қарап ол кісі осындай екен ғой деп қоямыз, әрине фотосурет болғаны жақсы ғой. Бірақ ол кісіні тіл, сөз арқылы суреттегенде көп қызғылықты жайтқа кезігеміз. Біріншіден, фото өлі бейне, ал сөз арқылы (словесный портрет) жасағанда оны басқа қырынан танимыз. Ақын Әбділда Тәжібаевпен 1991 жылы қыркүйек айында кездесіп, Ілияс жөнінде біршама деректер алдым.
«Ілияс балуан тұлғалы, үлкен бетіндегі үлкен мұрыны ерекше еді», — дейді. Мұхаметжан Қаратаев Ілияс жөнінде: «Сом денелі, мықты кісі еді, жоталы алқам-салқам пішініне қарап, батыр немесе балуан дейтіндей». Бет әлпеті — «ат ерінді, ер мұрынды келсін» дегендей, кавказ мұрынды, кең маңдай, бүркіт қабақ жігіт екен. Елпілдеп, желпілдеп жан-жағына жалтақтап,  әркімнен  әр нәрсе жайында сөйлеп  отыратын кісілер сияқты емес, мінезі тұйықтау тұнжырық, ұстамды адам тәрізді.
Аз сөйлейді, жарқылдап, шешенсіп, өлеңдетіп сөйлеу онда жоқ. Қоңыр үнмен марғау, бәсең сөйлейді, бірақ сабырмен айтқан пікірлерінде қорғасындай салмақтылық, қиыннан қиыстырған қарапайым қисындылық пен ой жүйелілігі сезіледі. Дегенмен, ойлы, дәлелді сөйлеу және соз арасында жіңішкелеп әзіл-қалжың, мысқыл қыстырып сөйлеуге өте шебер» — дейді.
Бейсембай Кенжебаев өз естелігінде: Ілияс ұзын бойлы, ірі, алып денелі, балуан мүсінді десе де болар еді. Дене мүсініне бет әлпеті сай еді: кең мандайлы, қою қара қасты, жар қабақ, шүңірек қара көзді, үлкен қыр мұрынды, жазық бетті, сүйір иекті, қара торы еді. Сондай-ақ, шоқша қара мұртымен ол кавказдықтарға біраз ұқсар еді.Жүргенде Ілияс бірдеңеге құлақ салып келе жатқан тәрізді, басын сол жағына қисайтып, жайбарақат, сәл салқам жүретін. Жүрісі дене мүсінімен бет әлпетіне жарасып тұратын.
Ілияс аз сөйлейтін. Бірақ қу тілді болатын. Сөйлегенде сөзді тауып, ақылды, дәлелді, жүйелі, жатық, өткір, көп ретте күлкілі етіп сөйлейтін. Күлдіргі, мысқыл, әжуа әңгімелерді әрі көп білетін, әрі келісті етіп айтатын. Ол қандай қызық, күлдіргі әңгіме айтып, жұрт күліп жатса да өзі күлмейтін. Тек үстіңгі ернінің бір бұрышын бір бүлқ еткізіп қойып, отыра беретін. Ілияс тегі ауыр мінезді, сабыр иесі адам еді. Жүріс-тұрысы байсалды болатын, салмақты, ұстамды сөйлейтін.
Ілиястың дене құрылысы мен бет әлпетіне сай келмейтін жері — үні, дауысы болатын.Қатты қызуланып сөйлегенде оның үні шіңкілдеңкіреп шығатын (Азамат ақын. Алматы, «Жазушы», 1994, 104 б.). Ілиястың өнері туралы сөз қозғағанда оның әншілігін айта кеткен жөн. Оны замандастары былай деп еске алады: «Ілияс әнші еді, ән салғанда оның дауысын да ерекше бір қасиет пайда болатын. Ол әрі сылдырлы, әрі созылымды, өте таза, сонымен құлаққа жағымды болып шығатын, жазғы қоңыр желдей есетін қоңыраудай, таудан аққан тас бұлақтың суындай сылдырлайтын.
Ілияс жолдас-жоралары бас қосып отырған жерде, қонақта ән салуды жақсы көретін. Жұрт сұраса іркілмей ән сала беретін. Қазақтың көптеген тамаша әндерін әдемі айтатын. Әсіресе, Әсеттің әнін, «Сұршақыз», «Қаракөз», «Құлагер», «Жайдарман», «Екі жирен» әндерін келісті шырқайтын. Жұрттың құлақ құрышын мейілінше қандыратын. «Халық арасында айтылып жүрген «Шилі-өзен қамыс-ай» әнінің сөзін Ілияс жазған. Қазірде «Шилі-өзен қамыс-ай» деп айтылып жүр, ол дұрыс емес. Қамыс әдетте өзен емес, өзекте өседі дегені бар еді ғой, Фатима Ғабитова Мырзабек Дүйсеновпен бір сұхбатында. Шынында да, Ілиястың туған ауылының айналасын көргенімізде шилі, қамысты жерлерді көп байқадық. Ақын әдетте көргенін жырламай ма?
Ілиястың өнерінің тағы бір қыры — оның айтыскерлігі. Ол жас кезінде талай адамдармен айтысып, алдына жан салмай кеткен ақын еді. Оған дәлел Айтолық, Тойымбала, Әлиша тағы басқа ақын қыздармен айтысып, олардан озық шығады.
Ілияс Жансүгіровтің отбасы туралы әр-әр жерде тамғұмдап жазылып жүр. Айталық, қаяу түсірер жайсыз әңгіме естіліп қалатыны да жасырын емес. Сондықтан, оның анық-қанығын білу үшін кейбір түйткіл жайды айқындап алу үшін де және халық, кейінгі ұрпақ Ілиястың өз басы жөнінде құлағдар, хабардар болу үшін осы төменгі жайды айтуды мақсат тұтып отырмыз.
Біріншіден айтарымыз, Ілияс жас кезінде өзінің табиғат берген қабілет-қарымы арқасында ауылды жердің «оқуын» толық игеріп алған еді. Оны алға, білімге жетелеген, тағы бір жайт — оның Барлыбек Сыртановпен кездесуі.Оны Барлыбек Сыртановтың баласы Әбдул-қадыр (Кәке) Сыртанов былай деп есіне алады: «Ілияспен жақын танысып араласып кеткенім әлі есімде. 1913 жыл еді. Онда әкем тірі. Ілияс менен ересектеу болатын. Біздің үйге келгенде, жас әнші жігітке әкем араб әрпімен басылған қазақ кітаптарын беруші еді. Орыс, Еуропа ақындары туралы айтып отыратын» (Азамат ақын. Алматы, 1994,180 бет).
Жас жігіт арман-қиялға батып, әрі қарай оқуды аңсайды. Бірақ оның тағдыры — қатал әкенің қолында. Балаларды оқытуға молда жоқтықтан Ілиясты Жансүгірдің өзі оқытты. Жансүгірдің Ілиясты өзі оқытқандығы күткен үміті – кәміл хат таныту, өмір өрісінде еңбекке баулу, өлгенде «әкесіне арнап, молдаларға құран оқыту дәрежесіне іліндіру» болған. Бірақ Ілиястың бала жасынан ынтасы дүниетану болды. Зерделі бала өмірдің сырын білуді, айналасын тануды арман етті» («Азамат ақын». Алматы, 1994, 132-бет, Құсайын Шөкеновтың естелігі). Ол «Ғалия» мектебіне баруға құштар еді. Әкесі: «Осы оқуда аз болмас, шырағым Ілияс, сені көз алдымнан қайда жіберемін, қалай шыдаймын? Тағы оқимын дегенің болса, ана Абдыра Бекеттегі Сары молдадан оқы», — дейді. Ілияс, «Сары молданың жинап отырған оқулығы ылғи «Мұхтасар», «Бақырған», «Афтиек», «Құран», онымен қанша жерге барамын, Сары молдадан оқымаймын» — дейді әкесіне. «Оқымасаң онда ауылда бол» деген ойды бекем ұстанған әкесі Ілиясқа өзінен едәуір үлкен Жәмила деген қызды айттырып қосады. Үш-төрт жылдай отасқанда, бала болмаған соң әйелінің өз ризалығымен оны төркініне жібереді. Бұл — 1919 жыл. Кейін Тасыбай деген елдің Аманша Берентайқызы деген бір қызын алып береді. Бірақ Аманшаға Ілиястың онша ықыласы болмайды. Оның үстіне Аманша ауру еді. Сол тұста анкета толтырғанда (1925) «әйелім    бар»    дегені    Аманшаны    айтқан.
«Шаруашылығымда бір атым және бір сиырым бар дегені — өз билігі өзінде, жеке отбасы болғаны» деп түсіндік.
Енді ол өзінің арман еткен оқуына аттанады. Бұл -1925 жыл. Мәскеудегі КИЖ-ге түседі. Онда Ілияс 31 жаста. Аманша өзінің әпкесі Балдыбаланың қолында тұрады. Бұрынғы Садық-Сыдық поселкесінде (қазіргі Еркін селосы) қалады. Өйткені, ауру еді.
Ілияс Мескеуде жүргенде Аманша 1927 жылы босана алмай баладан өледі. Ал, 1929 жылы өзі сүйіп қосылған адамы Бәтима Ахметқызы Төребаева еді. Ол 1911 жылғы, Қызылорданың Жаңақорған ауданының қызы. Мамандығы — казақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Бәтима Төребаевамен екі жыл отасады, одан екі перзент көреді.Бірі — Саят Жансүгіров 1930 жылы ақпанда туған және қызы Сайра. Бірақ Сайра ерте қайтыс болады. Бәтима Төребаевадан ресми түрде бөлініскеннен кейін 1931 жылы Фатима Ғабитоваға қосылады. Одан үш перзент сүйеді. Үміт, Ильфа және Болат. Үміт 1997 жылы дүниеден өтті. Ал, Ильфа Алматы қаласында тұрады. Болат 2007 жылы қайтыс болады.
Ілиястың Фатима Ғабитоваға деген ықыласы ерекше еді. Фатимамен отасқанда оның ең бақытты және шабытты шағы оянғандай болған. Осы тұста оның қаламынан түрлі жанрда, түрлі формада сан жүздеген шығармалары жарық көріп, халыққа, жұртқа кеңінен танылады. Ол қиын-қыстау шақта, Ілияс қамауға алынғанда асқан батылдық пен қажырлылық танытып, оның шығармалары мен еңбектерін аман сақтап қалады. Бүгінгі күні сол Фатима Ғабитованың Ілиясқа деген ынтасы арқылы талай ақиқатты және көп еңбектерді оқып отырмыз, сол Фатима Ғабитова нағыз бақытты жан. Ілиястың 1957 жылы ақталуын және еңбектерінің жарық көргенінің куәсі болып, 1968 жылдың 6 қаңтарында асқазан ауруымен науқастанып, көз жұмды. Ол кісінің сүйегі Алматыдағы Кеңсай зиратында. Зиратты өз қолымен баласы Болат Ғабитов тұрғызған. Бір ескерер жайт, XX ғасырдың 20-30 жылдары қазақ зиялыларының көбіне орыс, татар ұлтының қыздарына үйленетіндігі ойланар факт. Мәселен, Ахмет Байтұрсыновтың әйелі Бадрисафа, Әлихан Бөкейхановтың әйелі — Елена Яковлевна Севостьянова, Қаныш Сәтбаевтің әйелі Таисия Алексеевна, Мұхтар Әуезовтің әйелі — Валентина Николаевна, тағы басқа қазақ зиялылары ұлты өзге қыздарға үйленген. Сонда қалай болғаны, әлде заман ыңғайы солай болды ма? Бұл тұста оқыған білімді адаммен тізе қосып, көңілін аулар, тең дәрежелес сауатты, ішкі және сыртқы эстетикалық мәдениеті бай қазақ қыздары некен-саяқ еді. Бұған ғасырлар бойғы қазақ халқының қыз баланы оқытуға көңіл қоймай, көбіне «Қыз жат жұрттық» психологиясы мен «Қызға қырық үйден тию» ұлттық болмыстың кесірі болуы әбден мүмкін?
Музейдегі экспонаттардың ішінде ерекше көңіл қояр екі құжат бар: ол Ілиястың қайтыс болғандығы мен атылу мерзімі көрсетілген анықтама қағаз.
Біріншісі: 1957 жылы 12 көкекте Кеңес одағының жоғарғы соты әскери коллегиясы анықтама берген қағазында «Ілияс Жансүгіровтің 1938 жылы 26 ақпан күні атылғандығын» растайды.
Екіншісі: «1947 жылы 19 көкекте қайтыс болғандығы», оны Алматы қаласынаың №2 бөлімшесінің Халық соты 29 мамыр 1957 жылы беріп отыр, осындай тағы бір анықтама қағазды 1961 жылы 22 наурыз күні берген. Осындай жағдайды басынан өткізген Ілиястың бала-шағасы әрі-сәріге түседі. Қайсы шын, қайсы жалған, әкелерінің не тірі, не өлгенін біле алмай дал болады. Өйткені, Ілиястың жерленген жері анықталмаған. Заң орындарына барса деген қағаздары анау, НКВД қасына адам жуытпайды. Негізгі ақиқатын білетін НКВД, Ілиясты солар әкеткен еді. Сол тұста «Мира-83» үйде тұратын Ілиястың отбасына бір белгісіз адам келіп (қазан айы 1955 жыл), «Мен қамаудан жуырда босадым, Сібірде әкелеріңмен бірге болдым. Көп ұзамай аман-есен босап келеді. Мені сол кісі жіберіп еді»-деп дүрліктірді. Әлгі адамды жақсы қарсы алып, дәмді, жылы-жұмсақ тағамды алдына тосады. Қаражаттың жоғына қарамастан, ол адамға киім-кешек әпереді. Сөйтіп, әлгі адамның асты-үстіне түсіп, бәйек болып қалады. Бір күні Хоппижамал (Ф.Ғабитованың шешесінің сіңлісі) төрде тұрған Ілияс пен Біләлдің суретін көрсетіп, «қайсысымен қамауда болып едің» дегенде, әлгі бейбақ Біләлдің суретін көрсетеді. Содан ол адамға сенімсіздік туып, оны Фатимаға айтқанда, Фатима Хоппижамалға ұрысады. Сол күннен бастап белгісіз адам көрінбей кетеді. Екі-үш ай өткенде әлгі адамды көшеде көрген Фатима бас салып ұстап үстіндегі Болаттың пальтосын шешіп алып қалады.
Ал, Ілиястың жерленген жері Талғар ауданы, Жаңалық селосы екені 1992 жылы наурыз айында анықталған тұста, осы жайды Үміт Ілиясқызы әңгімелеп берді. Тіпті, осы оқиға жөнінде кезінде поэма да жазады. Поэманың жазылу жайы да қызғылықты. Ол экспромтпен жазылған. Бір жолын Үміт жазса, екінші жолын Мұрат Әуезов жазады.
Сөйтіп, бір оқушының жол дәптері толады. Шығармаларының атын «Татар жөнінде поэма» деп атап қояды. 
Ілияс Жансүгіровтің 1938 жылы ақпанның 26-күні қаза болғанын білсек те, оның анық-қанығына жетпей-ақ, ие солай екен ғой деп те қоятынбыз. Оны әркім де мойындар.
Десек те, сол тұста-ақ атағы жер жарған ақиық ақынның кенеттен адам түсіне кірмес алапат жалалар жабылып, қамауға алынуы, кейінірек атылып кеткендігі жөнінде, тиісті орындарға хат жазып, алған жауаптарымыз, бір-біріне мүлдем кереғар дәйектерге кезіккеніміз бізді бей-жай қалдырған жоқ. Көптен бері: "Ілиясты соғыстан кейін көрдік. Ол кісімен Сібірде жолыққанымызда көзі соқыр болып қалыпты, тіпті ауылына келіпті, соны сезген НКВД қызметкерлері байлап-матап қайтадан алып кетіпті" деген қауссеттер аяқ бастырмайтын.
Кезінде, Сәкен Сейфуллин төңірегінде де сондай алып қашпа сөздер болды емес пе? Ол жөнінде "Қазақ әдебиеті" газеті жазды.
Ал Ілияс туралы айтылып жүрген аңыздар төңірегінде ақынның облыстағы әдеби мұражайының зерттеулері мен ізденістерін оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік. Әрине, болашақта әлі де болса біз білмейтін, естімеген деректер табылып қалуы мүмкін, ондайға тек тілектеспіз. Енді әңгімемізді жоғарыда атап өткен тиісті орындардан алынған құжаттардан бастайық:
1957 жылы 12 көкекте Кеңес Одағының Жоғарғы Соты әскери коллегиясы берген анықтама қағазы Ілияс Жансүгіровтің 1938 жылы 26-ақпан айында қаза болғандығын растайды.
Ал екінші анықтама қағазында, Ілияс Жансүгіров 1949 жылы 19-көкекте қаза болды (Алматы қаласы, Сталин ауданы 2-бөлімшенің Халық соты, 29-мамыр, 1957 жыл, Мемлекеттік Нотариалды Кеңсенің Алматы қаласы Фрунзе аудандық нотариусы, 22-наурыз, 1961 жыл" деген құжаттарға мән берсеңіз, осында бір шикілік бар екені белгілі. Ақиқатқа жету үшін, кейбір деректерге көңіл боліп, балаларымен кездесіп, осы күмәнді құжаттар төңірегінде әңгімеге тартуды жөн көрдік. Алғашында Ілиястың қай уақытта, қандай жағдайда қамауға алынғандығы жөнінде сөз қозғасақ:
1937 жылы Ілияс отбасымен жазғы демалыстарын Алматы мен Фрунзе аралығында, Дегерес жайлауында еткізбекші болады. Өзі жайлауға көп кешігіп келеді. Себебі, Қазақ драма театры ақынның "Исатай-Махамбет" спектаклін дайындап жатқан еді. Көп ұзамай тамыздың 11-де жазушылар одағының парторгі Әбдіқадыров Қалмақан Ілиясты Алматыға шақыртады. Екі күннен кейін Алматыға жеткенде, олардың "Ғаббас Тоқжановтың орнынан алынғандығына байланысты" шақыртқанын біледі. Сол күні үйлеріне қонаққа келген Мұхтар Әуезовпен шай ішіп, кешке ол кісіні шығарып салып, үйлеріне кіргенде, арттарынан НКВД-ның адамдары да еніп, ордерларын көрсетіп, үйдің ішін тас-талқанын шығарып тінтіп, қолжазбаларды, кітаптарды алып, Ілиясты қамауға әкетеді.
Яғни, Ілияс тамыздың 13-нен бастап түрмеде, НКВД қызметкерлері үй-ішімен ақынды кездестіруге бір-ақ рет рұқсат етеді. Ол 1938 жылдың ақпан айы. Сол тұста нәрестелі болған Фатима апай қолындағы құндақтаулы кішкентай ұлы Болатпен бірге барады. Сонда Ілияс ұлын қолына алып (халықтың аузынан тастамай айтып жүрген ақынның естен кетпес сөзі) тебіреніп тұрып: "Қайтесің, біздің алғашқы кездесуіміз осындай орында болды. Бұл ұлымыз етікші болсын, етік тігуге үйрет бұл ұлды", — дегенінде тергеуші "өзіңіздей жазушы болар" деп күлді. Ілияс тергеушіге қарап: "Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанынша, етікші болып еркін өмір сүрсін", — деген екен ақын. Көп ұзамай әскери адам Ілиясты НКВД түрмесіне айдай жөнеледі.
Фатима апай кейін түрмеге қайта-қайта барып сұрап қоймағаннан кейін ол кісіге тергеуші: "Ілиясты 10 жылға алыс Сібірге айдатып жібердік", — депті. Бұл 1938 жылдың көкек айының соңы болатын. Ілияс ол уақытта түрмеде жоқ. Осы Фатима апайдың жазбаларын оқығаннан кейін: "Расында Ілиясты Сібірде кергендер болуы мүмкін, 1949 жылы қайтыс болған шығар" деген ой болғаны анық.
Десек те, балаларынан осы әңгіме төңірегінде ой бөлісулерін сұраған едік. Ілиястың үлкен қызы Үміт апайды жұртшылық білер, ол кісі әкесінің әдеби мұраларын көзінің қарашығандай сақтап, оларды жарыққа шығаруға, зерттеуге көп көңіл бөлген адам. Өзінің зерттеу еңбектері, мақалалары жарыққа шыққан. Ұзақ жылдар бойы медицина саласында қызмет істеп, кандидаттық диссертация қорғаған ғалым. 1997 жылы дүниеден еткен. Ол кісінің айтқанынан білгеніміз мынау; "шешем Фатима Ғабитова ұзақ қиындықты басынан кешіріп, 1949 жылы үйелменімен Алматыға көшіп келеді. Ол кезде Ілиястың ақталмаған сәті. Соған қарамастан балаларының бәрі оқып, жақсы тәрбие алып, әр түрлі қызметте, кейбіреуі жоғары оқу орнында оқып жүрген сәттері. Сол тұста біздер Мир көшесіндегі № 83-ші үйде тұратынбыз. Үйдегі балаларға бас-көз болып отырған Фатима Ғабитова мен әпкесі Хуппижамал-тын. 1955 жылдың қазан айы болуы керек, бір күні үйге танымайтын адам келді: "Ілиясты көрдім, екеуміз лагерьде бірге отырдық, көп ұзамай келуі керек", дейді. Үйдегілер жандары қалмай, оның асты-үстіне түсіп қызмет етеді. Жүректерінде үміт оты жанып, "келіп қалар" деп ұзақ сарылумен уақыт өткізеді. Бірақ ол кісінің алдап жүргенін сезген Хуппи, Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетіне Фатима Ғабитованы "арнайы тексерсін" деп жібереді. Ол жердегілердің айтқаны: ондай су жұқпас сумақайлардың көбейіп кеткенін ескертеді, ол адам жай алдап жүргенін айтады. Тура сол күні ол кісі із-түзсіз көрінбей кетеді, Оның аты-жөні де есімде қалмапты. 
Міне, осындай жағдайлардан кейін Фатима шешемнің де, біздің де, туған туысқандарының да Ілиястың 1938 жылы 26 ақпанда қайтыс болғандығына көзіміз жетіп, елдің ішінде айтылып жүрген қауесетке сенбейтін болдық. Алып-қашпа әңгімелердің бәрі де Ілиястың атын жамылып, өз пайдасын ойлаған біреулер деген тұжырымға келдік" деген еді.
Біз ақын өмірінің нақты қай уақытта үзілгендігіне көңіл бөліп, іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқанымызда, Мәскеуден бұрып-соқты көзге түспеген аса құпия құжаттардың бірі Ілияс Жансүгіров және тағы да 36 адамды ату жөніндегі анықтама қағаз қолымызға түсті. Бұл хатты талай уақыттан бері күткен едік. Хатта үкімнің шыққан күні мен тізімі бізге айтылған ойларға дәлел ретінде Ілиястың 1938 жылы 26-ақпанда атылғаны анықталды.
Ал жерленген жері Алматының шығыс жағында орналасқан Талғар ауданының "Жаңалық" ауылы. 2500 адам жерленген жер біршама үлкен екен. 
Міне, кеш болса да, ақын сүйегінің қайда жатқандығы анықталды. Өз тұсында мына өлең жолдарын Фатима Ғабитова жазған еді. Кім біледі, көпті көрген Фатима апай, Ілиястың осы ауыр тағдырын алдын ала сезген де шығар? Бір ескерер жайт, Фатима Ғабитова Ілиястың осы жоғарыда аталған жерде жерленгенін білмей, арманда болып кетіп еді.
Ылайланып, шыр айналып, 
Ақсу суы ағады. 
Біздің жүрек, біздің сүйек, 
Әлдеқайда қалады. 
Ылайланып, шыр айналып, 
Ақсу суы тынбасын. 
Біздер кешкен қиын жылдар, 
Ескерусіз қалмасын.
Талдықорған облысында Ақсу ауданы Сағабүйен селосында Нұртаза Дүйсеков деген адам тұрған. Ол кісі Ілияспен таныс болыпты. 1930 жылдары елдегі аштық дүниенің осындай астаң-кестеңі шығып жатқанда: "Қытай еліне барып бас сауғалайық" дегеніне Ілекең келіспей, осы жақта қалып қойған екен. Сол ақсақалымыз бүгінгі күнге дейін "Қайран асыл ер, осындай боларын сезіп ем, боздап кеттің-ау!" деп күйінеді екен. "Елім, жұртым" деп қалып қойған ақынның тағдыры Қытайға кеткенде мұндай болмас па еді деп те қоясың.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1.I.Жансүгiров тұсындағы социализм дәуiрiндегi әдебиеттiң дамуы.
2. I.Жансүгiров шығармалардағы сюжеттердiң әдебиеттегi орны.
1 I.Жансүгiров шығармаларындағы философия, музыка, әдебиет 
     мәселелерi
2. I.Жансүгiровтің оқыған, тәлім алған ортасы.

              Әдебиеттер:

1. Байтұрсынов А.Әдебиет танытқыш. Шығармалары. А.,1989
2.Дүйсенов М. Ілияс Жансүгіров. Монография. А.,1965.
3. Әбдірахманова Т. Ақын арманы. А., Жазушы. 1965.
4.Ақберен. Жинақ.- А.,1972.


Ілияс Жансүгіров — лирик ақын

Жалпы ақындық  қасиет  адамға  ерте   қонатындығы, әдетте  өлең  шығару  жас кезден  басталатыны  дүйім  жұртқа   мәлім  факт. Бірақ  сондай   дарынға  түрткі  болатын  игілікті  жайт-ойы  мен  көңілін  қозғар  орта  болмаса, оған  қандай  да  бір  жағдай  жасасаң да, одан  шығар  нәтиже  шамалы.
 Ілиястың  өскен  ортасы да, өмір кешкен қоғамы да оның ең алғаш қалам тартып, ақындық  жолға түсуіне түрткі  болған, дарынын, ішкі талант құбылыс-қасиетін ашқан, әсемдік әлеміне жетелеген –Жетісу  табиғаты мен өзінің туып-өскен жерінің сұлулығы. Әдетте, сұлулыққа тәнті болған адам ғана  құштарланады, іңкәрлік  сезімге  бөленіп, толғанысқа, қиял-сезімге бой ұрады. Бұл жайтты Ілияс та басынан кешірген. Бойындағы  сезімтал  қасиеті оның ойын  сан-саққа  жүгіртеді, қинайды, әбден қалжырап, бәлкім қасындағы өзін  сезетіндей адам табылмағасын қолына  қалам  алуы да  ғажап емес. Алғашқы өлеңдерінің бірінде  былай деп  жырлайды:
Ащы  көңіл,
Тұщы өмір,
Төсек –темір, бар  ма дос?
Қайғы баптап,
Ойды шақтап  
Сырғанақтап жүрмін бос.
           ( «Шам-шырақ») 
Немесе:
«Жел жалауды желбірет!» деп, ішкі дерттті  қалай  шығаратын   білмей  дал  болады.
Жоғарыда  айтып  өткеніміздей, Ілиясқа  жас, албырт кезінде  табиғаттың  сұлу  көрінісі  ерекше  әсер  еткен. Табиғатқа  іңкәрліктен  туған  балғын  жырлары  айналадағы  тылсым  сәт  пен жарқыл  қаққан  өмір көріністерінен туса, кейінірек эпикалық шығармаларға  батыл  ауыз салады.
          “Ілияс  поэзиясындағы  мөлдір  арнаның бірі — табиғат  лирикасы”- дейді, академик Р.Нұрғалиев өзінің “Арқау” атты   монографиялық  еңбегінде. “Туған  жерін, елінің  тау-тасын  өзен – көлін  беріле сүйген патриот ақын қоршаған ортаның ғажап  сұлулығынан өз шабытына нұр алып, сан алуан бояулары  буырқанған  ғажап  суреттер  салды. Бұлардың ішінде нақты  географиялық  адресі  танылған (“Ағынды менің Ақсуым”),  табиғаттың  бір   сурттегі көрінісін  бейнелейтін (“Ақшам”, “Бұлт”, “Желді күн”, “Жазғы таң”),құбылысты  көз  алдыңа  әкелетін  (“Жауында ”, “Жел ”, “Тас”) сан  алуан  үлгілері   бар.  Натюрморт, этюд, эскиз сипатындағы туындылардағы ойлар, символдық бейнелер, ишарат образдар философиялық идеяларға  жетелейді, көп  мағыналы  сарын- әуездерді  тудырады”.
Шынында да  ақынға  суреткерлік, қылқалам шеберлігі  секілді  қасиетке ие болмай, ірі полотно жазу мүмкін емес. Ілияс өз  бойындағы  осы  бір  буырқанған  қасиетті  ауыздықтай ала  алды  ма?
-Жоқ !
Шынайы дарын тірі, көрікті табиғатты сезіне отырып оның  тылсымынан  шыға  алмастан, оны  мүмкін-қадірінше  одан әрі  игергісі  келетіндіктен, қаламын сілтей берді.
Қазақ  ортасында  өлең өнері ертеден-ақ  ерекше  орын   алды десек, табиғатты  жырлау кенже қалған тақырыптардың бірі. Ілияс  мұны  сезінбеуі мүмкін  емес. Сезінді де, осы  тақырыпқа  ерекше  ден  қойды.
  Ілиястың табиғат лирикасына орай  жазылған қай  өлеңін алып  қарасаңыз да, ондағы стил өрнегі, қаламгерлік дара тұлғасы  айқындалып тұрады.
Өлеңіндегі эпикалық  кеңдік, теңеу, эпитет, метафора, градация, эпифора, анафора байлығы  оның поэзиясындағы  негізгі   белгілері десек, одан  халықтыќ, фольклорлық  леп  ескендей сезіледі. Олай болуы заңды да. Халқымыздың құт- берекесі  дарыған, көне  заманнан  даналық  пен  ақындық  мекені  болған Жетісу  жерінің  перзенті Ілияс  бала  күннен  бастап  өлең  мен  жырдың  қойнауында  туып, сонда  өсіп-өркендеген. Нәтижесінде,  нағыз  халықтық  пафоста, танымдық-білімдік тұрғыдан берері мол, этнографиялық  ғылым саласына  жақын  жазылған  өлеңді  оқып  тамашалайсыз.
Ақ үйге  алты  қанат  келсем  кіріп,
Босаға, маңдайша мен  табалдырық,
Кереге алты  жапсар, алпыс  уық,
 Шаңырақ, күлдіреуіш оған жуық.
Құр, таңғыш, басқұр, арқан, екі аяқ бау,
 Төрт ірге, есік  жабық, ши туырлық,
 Он бес бау ішкі-сыртқы  белдеу, желбау,
Тұскиіз көрпе, көпшік,  шай  шымылдық
Текемет,  жастық, шапан,  кілем, сырмақ,
  Алаша, бешпет, көйлек, сәлі бөрік,
Самаурын, үстел кесе,  шәйнек, шәугім,
Дөдеге, сандық,  кебеже, ақ  түндік…
Бұрын-соңды мұндай өлең жазылмаған. Бұл қазақ  поэзиясындағы  жаңа  серпін,  жаңа  үрдіс.
Бұл-өлең үлгісін Ілияс жас шағында жазған. Қазірде  ұмытыла бастаған үй- жабдығын өлеңмен  өріп, атауын  атап, түсін  түстеп беру  Ілияс шығарамларын ерекше ажарландырады. Осы тұрғыда  жазылған  өлең үлгілері Ілияс поэзиясында кейінгі  кезеңдерде берік  орын  алған.
«Жетісу суреттері» өлеңі Ілиястың ең айшықты  шығармаларының  бірі. Өз тұрғысында М.Әуезов  бұл  шығарманы бағалап,  былай деген  еді: «Мен  Ілиясты  бұрын  білуші ем, өлеңдерін  оқып  жүретінмін. Бірақ  оның шын мағынасында  дарынды ақын екенін  мойындағаным  сол «Жетісу суреттері»  өлеңін  оқығаннан кейін» дейді. «Жетісу  суретінде» ақын 52 тіршілік  иелерін  атап  өтеді. Өлең  жолдары былай келеді:
Мінеки. Алатауға біткен торғай:
Қара, боз, суық, бұқпас, сипті, шымшық,
Шапшақай, майлық, маубабұқа, шөже, 
Тоқылдақ, сан–сапалақ атаулысы…
 Ал  аңдар  атаулысы: сілеусін, ілбіс, аю, бұғы, бұлан, қасқыр шибөрі, қарсақ, сусар, бұлғын, жанат таутеке, арқар, қарақұйрық, суыр, марал т.б. Жыртқыш  құстар: тазқара, балтажұмар, құмай   жұртшы, су бүркіт, лашын,  тұйған, тұнжыр, тынар, мықи, ителгі, бәрпі, қырғи, тұрымтай, бидайық, бүркіт, тығанақ  тағы басқа  да  құстар  мен  қазірде  ұмыт  болған  ағаш-шөптердің атаулары  өлеңде   ерекше  жарасым тауып, табиғи түрде  орын  тепкен.
       Долана, ұшқат,  шетен, ырғай, арша,
      Ақ сасық, қызыл  қайың, барша, шынар. 
      Шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен,

Үйеңкі, сырғай, балғын, тораңғылар,
 Сарыағаш, түйеқұйрық бауыр  құрттар, 
Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік,
Сықылды  ағаштардың  талайы бар…»-деп, Жетісудың бай,  шүйгін табиғатын  жырға  қосады. Тегінде, «Жетісу суреттері», «Жалпы сын», «Тау  суреті», «Жетсудағы су  суреті», «Жетсу жәндігі», «Жер түгі»,тәрізді  бес  бөлімнен, 333 жолдан  тұратын  көлемді   туынды. Бұл шығарма  асқан  шебердің  қолынан  шыққан, құлпырып  жайнаған, ерекше  пафоспен  жазылған  қазақ  поэзиясындағы  еш қаталанбас  құнды  поэзиялық  мұра.
 Қазақ әдебиетінің  құнарлы  саласының бірі — поэзия  болса, Ілияс сол құнарлы  салаға  бар  күш-қуатын  сарқа   жұмсаған  алпауыт  ақынның бірі.
В.Г.Белинский Пушкин  мен Лермонтов  поэзиясына орай «Бүкіл әлем,   гүл, бояулар,  дыбыстар,  бар  жаратылыс, барлық  өмір-поэзия  дүниесі, осы  құбылыстарды  құпия  қуат, оларға  тіршілік,  ойнақы өмір  беретін  сырлар  поэзияның жаны  мен  тетігі. Поэзия — әлемдік  өмірдің қан тамырының  соғуы мен сол  өмірдің қаны  мен оты, жарығы мен  күні»- десе, бұл анықтама Ілиястың да поэзиясына қатысты  айтылған сөз. Олай болатыны- жоғарыдағы атап  өткеніміздей, Ілияс  поэзиясы  бастан-аяқ  қазақтың  халық  әдебиеті  мен халық  тілінен нәр алып дамыған шығармашылық  десек, оның тағы да  бір қайнар бұлақ  көзінің  бірі-классикалық орыс  әдебиеті. Бұл  бұлақтан  өз  тұсында әуелі  ұлы  Абай сусындаса, сол Абайдың сан-салалы поэзиясынан  Ілияс  та  үйреніп,  өзіне  тәлім  алған.
Кейін  жиырмасыншы  жылдары  Пушкин, Лермонтов,  Крылов, Державин, Некрасов т.б. ақындардың  шығармаларымен көбірек  шұғылдана отырып, олардың бірқатарын қазақ тіліне аударады. Сонымен бірге  әлем әдебиеті   классиктері Гюго  мен Гейне, Гете, татар  ақыны Ғ.Тоқайды,  тәжік ақыны К. Лахутиді және басқа да  дүние жүзі поэзиясының өкілдері мұраларының  қыр-сырына  үңіліп, одан үнемі үйреніп, үлкен ізденіс жасағаны Ілияс  поэзиясының  диапазонын  кеңейтті.
Ілияс Жансүгіров поэзия  әлеміне  жастай  келді  десек,  атап  өткеніміздей, балғын, талапкер шағында Абайдың поэзиясы оған  ерекше  әсер  етті. Әйтпесе, Ілиястың  жас  шағындағы «Құтырған  күндеріндегі»  өлеңдері  әр-әр  жерде  айтылған  жерінде  қалып, көп  мұралы сақтаусыз шашылып қала берген. Сол өлеңдерінің  алғашқыларының  бірі «Балдырған»  атты  жинақ  дәптерінде  енген  Абайдың  әсерімен  жазған  өлең  нұсқасы  төмендегідей  келеді.
                  Салды бұлақ енді  әнге,
                  Құйқылжытқан келді  әнге.
                  Тау мен тас  мұңданып,
                  Арғы мен  салды  бергі  әнге.
Ағаш, тоғай   қуанып,
Әкетті ертіп  жерді әнге.
 Жан-жануар  таңырқап,
Тамсандырды  елді  әнге.
Тоқсан  толғап қайырып,
                   Тоқтады барып әреңге…»-деп  жырлайды. Мұнда  не  ұйқас, не форма, не өлең  өлшемдері сақталмаған. Бұл Абайға  дейінгі  өлеңдері. Бұдан кейін, өзі  айтқандай, «… Абай артық  әсер  етті. Ойым ояна  бастады. Қайта-қайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік,сілкініс, жүрегімде жаңалық  сездім. Жазуға  талабым оянды, Келсе  де  келмесе   шұқылып,  өмірді өлең қыла  бастадым…»-дейді.
 Ақын поэзия әлеміне 18 жаста келеді. Оны дәлелдейтін мына  факт. 1958 жылы Қалижан Бекқожин «Халық өмірінің  өрен жыршысы»  деген мақаласында: «Біздің әдебиетшілеріміз Ілиястың  ақындық  өнер  адымы 1919-1920 жылдардан басталды деп  келді. Бұл қазір теріске   шықты. Алматының Пушкин атындағы көпшілік кітапханасының архив  қорынан жуықта ғана табылған Ілияс Жансүгіровтің өз қолымен  жазылған  екі  өлең  дәптері ақынның  өлеңді 1915-1916 жылдардан бастап  жазғанын дәлелдейді».
 1986-1988 жылдар арасында баспа бетін  көрген «Бес томдық  шығармалар жинағында» Ілияс Жансүгіровтің бұл томында ақын  өлеңдерінің  жазылу  хронологиясына қарай жасалумен  байланысты, оның «Күзгі гүлге» өлеңімен ашылып отыр. Бұған дейін Ілияс Жансүгіров   творчествосы 1915-1916 жылдардан  басталады  делініп, келсе, ақынның  Қазақ ССР  Мемлекеттік  архивіндегі өз қорынан табылған (№37 папка, 127-бет)  осы  өлеңі ол пікірді өзгертіп, оның   творчествосының бұдан гөрі сәл ілгеріректен басталатынын  дәлелдеп  отыр». Бұл ақынның  өз  қолымен жазған  «Балдырған» және  «Қызыл жалау» атты  өлең  дәптері. Яғни, сол дәптерінде  жоғарыдағы аталған «Күзгі  гүлге» өлеңі 1912 жылы  жазылған . Ал баспа бетін  тұңғыш  рет 1917  жылы «Сарыарқа» газетінің  15-сі  мен 22 тамызы күнгі  «Тілек»  және  «Сарыарқаға» деген  атпен  жарық   көреді.  Ілиястың  бұдан кейінгі шығармалары баспасөз  беттерінен жиі  шығып,  творчестволық  өсу  эволюциясы  басталады. Осы  кезеңдегі  поэзияның  денін  былай деп көрсетеді: «Мен төңкерістен әрі жерде  хат шығарып, қисса  оқудан  артық сауатым болмаған ауыл наданымын. 1917 жылдың  тұрғысындағы бостандық пен көбейе  бастаған  газет-журналдар  мені  үлкен  жазуға   еліктірді. Еліккенен  еш нәрсе  шығара  алмадым.. 1921  жылы «Жас Алаш» газетінде 22 мартта шыққан «Жас замандастарға» деген  бас  мақала  менікі және сол нөмірде  «Жалпы жасқа» деген   өлеңім де басылды. Менің алғашқы баспасөзге шыққан, бірінші шыққан мақалам осы»-дейді.
         Жоғарыда аталған   «Сарыарқа» газетіндегі басылған жырларын атамағаны  ол  өлеңдеріне  көңілі  толмаса керек. Бұл  Ілиястың  әлі  де  болса  ақындық  шеберлігі  толыспаған, өзіне  сенімсіздеу, сыни көзқарас  танытатын тұс.
        Осы  кезеңге  орай Әбділда Тәжібаев  Ілияс поэзиясы  жөнінде  төмендегідей  тұжырым  ұстанады:
       «Біздің  байқауымызша, мүмкін  үстірт те  болар, Ілияс Жансүгіров   лирикалары үш  басқышқа бөлінеді, әрине шартты түрде: Бірінші  басқыш: Ілиястың әлі  өзін  таппаған, өзгелерге  көбірек  ұқсайтын тұсы.
           Екінші басқыш — Ілиястың өзін-өзі  таба бастаған, бірақ ақындық  мәдениеті жетіспегендіктен өлеңдерінің  әрі шұбарлаң, әрі шұбар  тұсы.
Үшінші басқыш-Ілиястың жас жағынан да, өнерлілік жағынан да толыққан, өлеңінің түрі  мен  мазмұнын  келістіре  тауып, лирикалық жырларына  эпикалық қуат берген тұсы»,-дейді.
 Ілияс  әр тұста  да өз  творчествосына  аса жауапкершілікпен  қараған болса, Ә.Тәжібаевтың көрсеткенідей,  алғашқы  басқышта «Әлі  өзін  таппаған,  өзгелерге  ұқсайтын» кезеңді  басынан  өткерген. Бойындағы қасиеті — қаншама білімі биіктеп, өлең жырлары мен  шығармаларын халық сүйсініп оқып, құрметтесе де өзіне көңілі  толмаған. Үнемі  өзіне  сын   көзбен қарап,  туған әдебиетіне де жанашырлықпен сезімін әрдайым айқындап отырады. Енді бір 7-8 жыл  өткесін  өз-өзіне  келген  ақын  сол  тұстағы   әдебиетте  белең  алған  дөкір социализмнің оралымсыздықтары, кезең  идеологиясын  жақтаған  шикі,  талғамсыз шығармалар туралы  ойына  қаншама тұсау салса  да, қажетті  жерде  аяусыз  сын  айтатын  сәт те  туады.
            «….Бірқатар құрғақ жасасындар , рапорттар жазылады.  Колхоз, совхоз, тракторды жалпылап,  жасасындар, науқан жайында өлеңмен  үлкен  рапорттар, ұзын-ұзын  поэмалар  мен  баталар  беріліп жатты. Оны  ел  сүйсініп оқыған  жоқ,  қайта жүрегін айнытты.
 Сөйтіп, біз сол екі жылда, 1930-1932 жылдың ішінде  әдебиетіміздің, әсіресе өлеңдердің құнын арзандатып, сапасын төмендетіп алдық. Менің «Социалдық ауыл», Сәкеннің «Социалистан», Сәбиттің «Көмір-коммунизм», «Алатаудың  алыбының» қақ  жартысы, Бейімбеттің «Рапорт», Қалмқанның «Екпінді», Асқардың «Құрылыс», Мәжиттің «Құрылыс жыры», «Социализм жыры» деген  жинақтары, Тайырдың «Коммунизм таңы», Ғалымның «Балға-орағы»,  «Доңғалағы», Исаның «Колхоз, Совхоз»,  Жақанның сол  жылғы өлеңдері,  Өтебайдың «Ақ алтын», «Қара  алтындар» тағы басқалар-сапасы төмендеген шығармалардың  белгілері. Бұларда адамды  жырлаған  мазмұн, тартыс жоқ,  тек жалпылау «Көп жасасын» болды.  Адамды көрмей, ауылдан  қашып,  тек  «трактор»,  «аэроплан», «бесжылдық»,  деп  жалпыларп,  жауыр  поэманы  көбейтіп  алдық.
Поэзияда  әлі  жемісі  көркем, тілі  бай, мазмұны күшті  үлгілі  өлеңдер  жоқ. Қызықты тартыс жоқ. Өлеңге  жан  бітіретін  лирика жоқ..» деп,  құрдас  қаламгерлердің  көркемдік  кемшілігін  жасырмай ашық айтады  да, әдебиет  сыншысы есебінде  қаламы  уытты  екенін  танытады.
Көздеген  мақсаты — қазақ  әдебиетінің жарқын  болашағы, шығармалардың  көркемдік  аясының кеңеюі,  образдардың  айқын  ашылуы,  реализмнің кең өріс алуы,  жалпы әдебиеттің  дамуын  жеделдету  еді.
Ілияс-өзінің әдебиет әлеміне  келіп, өмірінің соңына дейін 20 жылға,  творчестволық кезеңіне дейін  күшін  сарқа  мол еңбектенген  қаламгер. Ілияс-өз заманың көкейтесті кез келген әлеуметтік  мәселелерге үн қосып,  өз  дәуірінің  болмыс — бітімін  жан-жақты  бейнелелеп,  жырлап  өткен ақын. ХХ ғасыр  басындағы  қазақтың   ағартушылық-демократиялық бағыттары қаламгерлердің оқу-білімге  шақырған идеялық ой-толғамдарына ұқсас «Жаңылғаным», «Талғамалар», «Маңым», «Жыбырлық», «Замандасқа» атты  өлеңдерінде  төңкеріске дейінгі надандық  пен  жоқшылықтан  шығар  бір  жол — оқу-білім екеін  айтып,  сонымен қатар адами — моральдық  мәселелерге  ден  қояды.
              Өнерге   ұмтыл,  өнерді біл  замандас!
             Қамдан, жатпа,  заманыңнан  хабарлас!
             Ынта  салсаң, білім  туын  қолға  алсаң,
             Теңдік тиер,  ешкім  күйе  жаға алмас!-
«Жыбырлақ» өлеңінде де  қазақ  ішіндегі  жаман  әдеттен  ада  болуға  шақырады.
          Сынға салдым
         Шынға  салдым,
         Жас талапкер  өзіңе,- деп, одан  арғысын әр  жастың өз  таңдауына  береді. Ортаға  ұран,  үміттік  әуез  сарындас   өлеңдерінде  де  ел  теңдігі   үшін  жан  аямай  күресуге,  әлеумет пен  қоғам  ісіне  адал,   белсене   араласуға  шақырады. Бұл  тұрғыдағы  шығармаларға  «Жастар ұраны» (1922), «Тілек» (1922), «Жанар тау» (1922) т.б.  өлеңдері жатады.
Әйел-еркек, жалпы жас!
Көтеріл, көрін, көзіңді аш!…
Топтал,  тұтас, туғандас!
Жасасын еркің! Жоғалмас.
Жамырас,  үлес, жалпы жас,
Қосыл, қозғал,  қоғамдас!
          Ақын  ертеңгі  болашақты  бүгін  ойлау  қажет деген  идеяны  жастарға  арнайды.  Жарқын  күнге  жету  үшін,  өмірде өз   жолыңды  табудың  қажет десе,  бірде  өз жолын әлі таба  алмаған,  алдына  мақсат  қойған  жеткіншектерге  «Жастар», «Саналы жастарға», «Баласынан анасына хат», «Оқимын »  деген  өлеңдер  тобын  жазады.
          Қазақстанда  кеңес  өкіметі  орнаған  алғашқы он шақты  жылдың  ішінде  күннен-күнге, жылдан-жылға   үздіксіз өсіп, жетіліп  келген қазақ әдебиетінің  сан-саласы тақырыптарының бірі төңкеріске байланысты жырлар. Ол кездегі қазақтың жазушыларының бұл тақырыпты жырламағаны жоқ. Қазақ өміріндегі барлық өзгерістердің негізі Қазан революциясы екенін сезінген жас Ілияс, нендей тақырыпты алса да, оны сол төңкеріс тұрғысынан қарастырып тұрады. Бірақ бұл тұста  жас  қаламгерде айналадағы болып жатқан өзгерісті толық  танымағандықтан,  онша  терең түсінігі  болмауынан,  сонымен  бірге  творчестволық тәжірибесінің аздығынан кейбір кібіртік, сенімсіз аяқ  алысы  да  байқалады. Бұл жолда  оның  поэзия  талаптарын  толық түйсінбей, екпінді сөздерді бірінің үстіне бірін тоғытып,  жарқыл мен  жаңа  леп  тұрғызуға  дыбыс  екпінін  ойнатуға  күш  салады.
Тілі қаншама бай, ақындық  қуаты  аса  мол  бола  тұра, өлеңдерінде  композициялық  бостандық  пен  ой  үстірттігі  аңғарылып  қалады. Мәселен, 1924 жылы  «Желді  күн» атты  өлеңінде  әмеңгерлік  салт  бойынша  еріксіз шалға тигелі  отырған жас  әйелдің  жан-күйін  суреттеу үшін ақын күңіренген желге  шулаған  шөп, ызылдаған  бұтаны қосып, өлеңге  эмоциялық реңк  сапары  созылып, көркемдік қасиеттен айрылып  қалады.
«Жел мен келіншек жылайды,
Келе ме  деп  большевик!
Даттап аруақ, құдайды,
Жел де, келіншек теңселеді» — деп, ұйқассыз аяқталатын өлең, Ілияс поэзиясына  көрік  беріп  отырған жоқ.
Жас ақын поэзиясында  ара- кідік  болса да кездесетін тағы  да  бір жайт лирикалық өлеңдерге жанаспайтын ұғым мен түсінікті  ауырлатанын, поэзиялық айқындықтан алыс  тұрған  сөздерді  қолдану, эпикалық  жырларға  тән  кесек сөйлемдерді  қолдану,  эпикалық жырларға тән  кесек  сөйлемдерді  үстемелей  бере  пайдалануы  өлең  ішінде сөздің образдық  қуатын  әлсіретеді. Мысалы, мына  төмендегі  өлеңді алайық;
«Жайлауым желді  қарағай,
Жайлауында  елі  жарасқан.
Жанымда  жайлау  жағалай,
Жанса, қалай  жақ  ашпан?»
Мұнда ақын дыбыс  үдестігі  мен аллитерацияны пайдаланғысы  келгенімен, үш рет қайталанатын «Жайлау» сөзі  өлең  ырғағына  ауырлық  туғызып  отыр, әрине оқу түсіну де  қиын.
Ақын  өз  кемшіліктерін іштей сезінетін секілді. Әйткенімен, жүре келе халық ішінде ағарту жұысына араласуы, баспасөз жұмысына белсене қатысуы нәтижесінде қаламгердің тәжірбиелік білімі толығып ұғымы  ұлғаяды, төңкеріс тарихи орны мен өз өмірі туралы философиялық  көзқарасы едәуір дәрежеге көтерілді. Осы тұста оның Мәскеуге  оқуға  аттануы  да  бекер болмас керек.
Ілияс өміріндегі бұл  кезең  аса жауапты  кезең. Қанша талабы мен  таланты  болса да, өзінің  ішкі олқылығын сезініп, онша алысқа  ұзай  алмайтынын  түсінеді. Басты  кедергі- оқудың, білімнің аздығы  аяғына тұсау  сала  берді. Осы  кезеңді  былай  деп  жазады: «1923 жылдың  басынан «Тілші» газетінің  бір  жазушысы  болдым. Менің  қалам қызметіне  айналысқаным – осы 1923  жылдан. «Тілшіде» мақала,  оқшау  өлең  жаза бастадым. «Жетісу  әйелі» деген бір  журнал шықты. Онда  бір өлең,  бір әңгімем басылады. Сол  «Тілшіде» күні  бүгінгі  шейін  жазып тұрам. Тәшкендегі «Жас қазақ», «Сана», «Шаншар» журналдарына  материалдар жібере  бастадым. Бұлардың  басылғандары да, басылмағандары да болды.
Әлеуметтік қызметіне кеткендігім, Жетісудың облыстық  атком  мүшесі,  ағарту  бастығы, институт  басқарушысы, газет шығарушы … білім аздығы, надандығым басымдағы діңкеме тие берді. Оқуды  қатты  аңсай  бердім. Аяғында 1925 жылы күзде тілегім бойынша Жетісудың партия  ұйымы оқуға жіберді. Мәскеуге келіп  осы  күнгі оқып  жүрген мемлекттік  журналистер  институтына түстім. 
Тәшкенде  алты  ай  оқыдым  ГИЖ–де оқығалы – 3жыл . Барлық тізе  бүгіп оқығанымды  санағанда 38  ай  оқыған  болам»,- дейді.
Мәскеуде оқып, өзінің  теориялық және  тәжірибелік білімін  толықтыра  келе, идеялық  тұрғыдан  тез  есейіп,  жаңа суреткерлік соны  биікке  еркін  көтеріледі. Осы  тұста  ақындық  аяқ   алысы да төселіп,  поэзияның  эстетикалық  мазмұны  мен  түрі  тереңдей  түседі.
Алдымен өзінің  туған  табиғатын  жырлаған  ақын, кейін Жетісу  жерін,  одан  кейін тек Қазақстан  жерін жырлаумен шектеліп қалмай, Ресейдің кең байтақ даласы мен орманын  жырға  қосады. 1927жылы жазған «Ресей жері» өлеңінде кең  толғанған ақын,  орыс жерін  өзінің туған  жерінен кем  көрмей, майда  мақпал торқадай  қара топырақты, қыздың қола  шашындай  томсарған  тоғайды, кілегей  күрең  тортадай  бұлты  бар  орыс  жерінің  әсем  суретін  салып,  ондағы  адамдардың еңбекшілдігін  үлгі етіп,  сүйсіне  жырлайды. 
Достық,  бауырмалдық,  туысқандық, интернационалдық сезімге толы  өлеңдерінің  ішінде   «Ұштасқан үш тілек», «Заводта», «Мәскеу-Қазақстан» ақынның үздік шыққан  туындыларының белгісі. Ақын  осы  асыл  сезімдерін  поэзия  тілімен  сомдап,  жайнатып  көрсеткен, «Мәскеу-Қазақстан» ұзақ  сюжетті  өлеңінде   даладағы  жаңа өмірдің  жайнай  түсуіне  тікелей  қолғабысын  тигізбек  боп аттанған  жұмысшылардың ішкі  толғанысы,  оларды  қарсы алған  қазақтың ен  даласы  әдемі  суретпен, терең  толғаумен  әсерлі  берілген.
Кеңес заманының  тұсындағы  халықаралық жағдай  мен жер  жүзілік оқиғалар —  әр уақытта  да  ақынның  көңілін аударып келген  басты  тақырыптардың  бірі. Бұл Ілияс Жансүгіровтің қалам  жұмысына  араласқаннан бері үнемі жазылып жүрген, оның поэзиясынан  әжептәуір орын  алатын тақырып. 1922 жылы «Тілші» газетінде  «Саясат қошқарлары» деген  сықақ  өлеңінде  Батыс  Европа елдерінің  ала  ауыз дипломатиясын  мазақтаса, 1928 жылы «Жаңа  әдебиет» журналындағы  «Қос аяқ» өлеңінде  билеуші таптарды  сұм  жылан образына теңеп, сынап – мінейді. 1926 жылы мамыр айында  Ұлыбританияда  күшпен  басылған көмір  кеншілерінің  көтерілісіне  «Кім үшін?» деген  өлең арнайды. 1925 жылы «Тілші» газетінде «Коммуна» атты өлең жазып,  бастырады. Бұл  туындысында  ақын Париж коммунанасы қаһармандары  бастаған  ұлы  істі  Кеңес одағы жалғастырып, іске  асырғанын,  сол  идея  дүние  жүзін  нұрға  бөлегенін айтып, жырға  қосады. 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде  атақты француз ақыны Виктор Гюгоның «Қырғында» деген  революциялық өлеңін қазақ тіліне  аударып, жарыққа  шығарады.
Осы  тақылеттес  шығармаларының ішіндегі  айрықша әдемі,  мазмұны  мен түрі  қиысқан,  кесек  шыққан  шығармаларының бірі  -«Гималай» атты  өлеңі.
Гималай – көктің кіндігі.
Гималай- жердің  түндігі,
Мұз- туырлық, қар- үзік
Түрілмеген бір күні,-деп, жырлайды.
Шумағындағы кіндік, түндік, туырлық, үзік секілді қазақтың  ұғымындағы сөздерді  метафора  ретінде  шебер  пайдаланған ақын  өзінің  табиғи сезімінен туған, нағыз толқыған жанның  жүрек  түпкірінен  шыққан  шынайы  сөзін берген. Бұл өлең – бүгінгі  күні  революциялық  идеядан нәр алып,  отаршылықтың бұғауын үзіп,  өз тізгінін өзі  алып, тәуелсіздік  жолға  түскен Азия мен Африка  елдерінің кешегі  өмірі.
Ақын Гималайды адам  кейіптес  етіп  бейнелейді. Бұрқақ  астында қалған  асқардың азат көріп,  күңіренген үні шығады. Терегі  көкке  өрлеп, аңы  таста  ойнаған  құт  мекен  қаншама байлық ордасы бола тұра,  халі   мүшкіл  тартқан. Ақын  Гималайдың  осы  жайын  айта  келе, «Гималай асқар неге олай?» деп сұрақ  қойып  отыруы  өлеңін композициялық сапасына, құрылысы менидеялық   тұтастығына  ерекше  әр  береді.
Өлеңінде  талай  ғасырлар  бойы   билеуші  таптың табан астына түсіп азап шеккен,  бостандығынан  айрылған Шығыс  елдерінің трагедиялық кейпі  сөз  болған. Ақын қорлық пен зорлықтан  шығудың  басты жолы — әлеуметтік тартыс  пен  саяси  күрес,  басқа  жол  жоқ деген идеяны  алға  тартады.
Ілияс өміріндегі  айтулы  кезеңнің  бірі — оның 1928 жылы  сол  тұстағы  Қазақстанның  астанасы Қызылорда қаласында  тұңғыш  рет «Сағанақ» атты  жинағының  жарық көруі. Мұнда  өзінің  «Балдырған» және «Қызыл жалау»атты  қолжазба дәптерінен  іріктеліп  алынған туындылары мен  кейінгі  баспасөз  орындарында  жұмыс  істеген тұстарында  жазған  жыр  өлеңдері  енгізілген.  Әдебиетте  тұңғыш рет жарыққа  шыққан  еңбек  көңіл  тасытар болса,   Ілияста  жоқ,  тіпті  ренішті  қалпын баспасөз  бетінде жариялайды. Ондағы  негізгі  себеп «Сағанақтың» «Беташарын» жазған Сәбит Мұқанов пен өзінің  өлеңдерінің тиянақты  реттелмей  шығуында  болып отыр. «Еңбекші қазақ» газетінде жарық  көрген  ренішті  хат былай  деп келеді. «Кітапты шыққанда көрдім, сауатсыз, тексінде қатесі қалың. Қатесін қайт теріп  аяғына жалғаған  бопты. Кей сөзімнің  көзі  жоқ. Кей  пікірімнің ізі жоқ. Жазбам да өзім ылайық қылған бөлімдерге  бөлінбеген, бүлінген. Қолы  шолақ, құлағы шұнақ, мұрны пұшық, шала  туған бала сияқты», деп бейнелі тілмен  суреттеп, өкпелі жайын  ақтарып тастайды. Бұл  реніштерге  Сәбит Мұқанов үнсіз  қалуды  жөн көрмей 1928 жылдың 11 сәуір күні «Бас асауалық» деген  мақаласын  «Еңбекші қазақ» газетіне жариялайды: «Ілияс, Ілияс болғалы Ілияс жазды деген сөзге ен тағылған жалғыз беташар еді, соған ерін бауырына алып  тулап  жатыр» деп қабылдайды.
Қысқасы, Ілиястың тұңғыш шыққан жыр жинағының жайы солай болса, бұл оқиға оқу бітіріп келген жастың  кейінгі қалам сілтесіне ешбір нұқсан келтірген жоқ. Керісінше, қайта өршеленіп, поэзия өлкесіне батыл қадам жасауына ықпал етеді.   Сағат санап өскен жаңа өмірдің  әр қадам қарқынынан қалмай, қарымды, жақсы жыршысы болу үшін өлең топтамаларын үдете жаза түседі. 
       Ақынның поэзиядағы тағы да бір берекелі арнасының бірі- өзгерген дала келбетн, қазақ жұртының кемел қимылы мен өрісті қадамын, сол замандағы адамдардың рухани келбетін, еңбектегі ерлігін саяси лирикада аша түседі. 1928 жылы творчестволық толысу, шалқыған толғау үлгісінде “ Бүгінгі дала” өлеңін жазды. 
       Бұл туындысында ақын қазақ халқының басынан өткен қорлық- зомбылығы мен кешірген қиямет, азаптарын қазақ жеріндегі арай атқан еркіндік пен бостандықты зор мақтаныш пафоспен жырлады. Кейін бұл жыр толғауы мол сарында “Дала” поэмасына айналды.
 “Бүгін, бүгін, бүгін дала!
 Мұндай ма еді бұрын дала?
 Көктен күні сәуле шашып,
 Көкке шарпып нұрын дала.
 Өлкем өсіп ел кенелді,
 Көгім жайнап жер гүлденді.
 Тауым ашып қазынасын,
 Жомарт жерім шашты кенді.
 Елім жаңа жұртқа қонды,
 Жұрт жұмысқа қойды қолды.
 Білім бұлақ сусын болды,
 Елдің өмірі жырдай болып.
 Сұмның күні қуғын болды…”
—    десе, соңғы жыр шумағын “мұндай ма еді бұрын дала?”- деп қорытады. Бұл Илияс поэзиясының дәстүрлі әдісі. 
      Ілиястың өндіріс тақырыбына арналған өлеңдерінде өзіндік үн бар, дауысы бөлек, жырлау формасы да ерекше.  Мұнда басқа ақындардан айырмашылығы — индустрия тақырыбын игеруде ұлттық образдарды, фольклорлық  үлгілерді бейнелеу мен көріктендіруді қазақ ұғымына сай жаза білу, шебер ұйқастырып, ұтымды пайдалана алуы.  Мысалы, “ Алтын қазан” өлеңін былай жырлайды:

“Сақырлап машиналар тасығандай,
 Үгіп тұр тасты, кенді насыбайдай.
 Тетіктеп бір жұмыскер жүргізіп тұр.
 Өзінің бір жақсы атын қасығандай.
 Мырышты алып жатыр илеп нандай,
 Қорғасын шыжғырылып, еріп майдай.
 Арылып арамынан алтын жатыр,
Кілегей сүтке қаймақ ұйығандай…” -деп кете береді.
        Жанды сурет.  Күнделікті көріп жүрген қазақ жеріндегі, өміріндегі күйкі тірліктегі құрал- жабдықтар мен болар- болмыс, қазақы болмыс — бітім мен көріністер.  Бәрі де таныс. Бәрі де күнде қолымен ұстап жүрген, пайдаланып жүрген дүниелер.  Аталмыш “ Алтын қазан” өлеңі- қазақтың он бір буынды қара өлең түріндегі, әшекейлі де әуезді жазылған жұмыр, жатық туынды /қазіргі Ленингорск/  айналасындағы табиғаттың көркі,  ішкі- сыртқы сипаты мен сол өндіріс орныны игеріп жатқан жас қазақ жұмысшыларының  бейнелері көркем суреттелген. 
      Сондай–ақ, өндіріс тақырыбына жазған “Заводта” өлеңі Мәсекудегі заводта болғанда көрген әсерінен туса, “ Жаңа дала” өлеңі Қазақстаннның  өзіне орнаған өндірістерді көргендегі қуаныштан туған өлеңдер.
        Қазіргі дәуірде қанша құбыжық көрінгенмен, қазақ тарихындағы “ақтаңдақ беттер” саналатын коллективтендіру кезінде арналған туындылар Ілияс шығармаларында орын алатыны жасырын емес. Сол тұстағы кезең   1930-31 жылдары бет ыңғайына қарай қоғамда орын алып отырған солақай саясаттың белгілерінен ада шығармаларды Ілияс та жазған. Бұл Кеңес одағында өмір кешкен әр саладағы творчествалық өкілдердің басынан өткен жайт. 

Эпикалық поэзиядағы халықтың тарихи өмірінің бейнеленуі
            Ілияс Жансүгіровтің ұзын сарынды эпикалық поэмалары қазақ тарихындағы елеулі кезеңдерді, ел басындағы қуаныш пен ауыр күндерді, әр заманда өмір сүрген адамдар өмірін жырлауға арналған. Өнер тақырыбындағы алғашқы «Күй» атты поэмасын 1929 жылы жазды. Сырттай қарағанда, бұл поэмада халық жадында сақталған  «Боз інген» аңызы толғанатын сияқты. Ал, үңіле зер салсақ, поэма арнасы сол аңыздан кеңірек. Поэма ертедегі халық  дарынының құдыреттілігін, адамның жан дүниесін тебірентетін сиқырлы эстетикалық күшін танытуды мақсат еткен. Ақын алдына қойған  ол мақсатын орындап шыққан. «Күй» — лиро-эпикалық шығарма. Поэманың сюжеті бар. Сол сюжетпен қиюласып, тамырласып жатқан лирикалық шегініс те мол. Баяндау, суреттеу қатар жарысып, поэманың жалпы бітімі сындарлы болып шыққан. 
       Поэманың сюжеті «Боз інген» аңызына негізделген. Поэмада қобызшы Молықбай  шалдың айтқаны  дей отырып, сол аңызды бастан — аяқ түгел әңгімелеп береді. Халық аңызының идеялық-көркемдік жүйесін сақтай отырып, ақын өзіндік  айтпақ ойды да анық аңғарта кетеді. Мәселен, Бағылан бай мен оның серіктері дағдарып отырғанда, оғанақыл тауып беретін – жетім тазша. Аңыздағы да, поэмадағы да жетім тазша – халық өкілі. Бұл жердегі идеялық түйін айқын. Зеректік, білгіштік, ақылдылық – сол дәуірдегі еңбек адамдарының  — халықтың бойында деген пікірді білдіру. Сол пікір поэмада айқын өрнектеліп, оқырман зердесіне құйылып жатады.
      Поэма кейіпкері қобызшы Молықбай шал да – халық өкілі. Оның бойындағы бұқыраған өнер – халық жасаған ғажайып өнер көрінісі. Поэманың идеялық нысанасы осы бір түйінге саяды.
      Ақын көне өнердің иесі  «бақайшағы маймаңдаған жорға» Молықбай шалдың қартайған шағындағы портретін келісті бейнелейді:
                 
                   “Жар қабақ, сида, арсақай сар шұбар шал
                   Жарықшық, үні тозған, қаңсыған шал”.

        Осы «еңкейіп екіндідей күні кеткен» шалдың қобызбен «Ақ көбік» күйін аңыратуын, «Боз інген» күйін күңірентуін, «Көк көбік» күйін күрілдетуін, «Ер Әлінің дүлдүлін» дүрілдетуін ақын шабыттана толғайды. Ақын қобызда тартылған күйді де, сол күйді тартушы қобызшының өнерін де үлкен шеберлікпен тамылжыта суреттеп берген. 
             “Бас бұрап, төрт түкіріп, толғап тоғыз, 
             Қозғалар «құлақ күйден» жосып қобыз. 
             Көтерген көк түндігін күй өргегі
             Құлатып асқарда – ағын, мәңгіде – мұз.
             Ызғыған ызғырық күн, құлдырап қыл, 
    Алатау, әсем бұлақ сылдырап тұр. 
             Қиқылдап қырда – қызғыш, көлде —  қаз-қу,
             Қыңқылдап таңдай қаққан талды бұлбұл. 
             … Кейде күй талмаураған, толықсыған, 
             Кейде өжет, кейде долы, албытсынған.
             Кейде паң, кейде дарқан, кейде сергек, 
             Шаршы өрге кейде шапшып шауып тынған”.

    Міне, бұл ақын суреттеп отырған қобыздағы күйдің бейнесі. Әдетте, тартылған  әдемі  күйдің  сазын   сөзбен  жеткізу  мүмкін  емес  дейміз. Бұл рас. Қобыздағы күйдің әсерін, оның мазмұнын айтып беру екінің  бірінің қолынан келе бермейді. Бұған ақын болу керек. Ақын болғанда қарабайыр ақын емес, дүлдүл ақын болу керек. Ал, І. Жансүгіров күйдің суретін әсерлі өрнекпен беруде ерекше талантын айқын танытты.  Күйдің «кейде талмаураған, толықсыған» шағын, «кейде өжет, кейде долы, кейде паң, кейде дарқан» қалпын дәл бейнелейді. Бүкіл табиғаттың тамылжыған жанды келбетін, адамдардың көңіл күйінің алуан сырын бейнелеген ғажайып күйдің әсерлі толқынын ақын аудармай, қаз-қалпында бере алған. Ақын жырының өзі де әсем бір сазға айналып, оқырманның құлағынан кіріп, бойын алып кетеді. Күйді, сол күйдің  құдіретін жеткізіп айта білген тіл өнерінің асыл қасиетін танып,тамашалай түсесің. Халықтың сондай алтын қазынасы болған ғажайып күйлерді орындаушы, қолынан өнер тамған қобызшыны да ақынның шабыттана, әсерлі суреттегенін көріп, қайран қаласың.
     Қобызшыны Молқыбай шалдың «Боз інгенді» боздатқан өрен өнерін жеріне жеткізе толғай отырып, ақын сол күйді тыңдаған шақтағы адамның алатын сиқырлы әсерін әдемі  де  шебер суреттейді. 
      Туған халқының рухани байлығын, күш-құатын танытатын  күй өнеріне де, сол күйді сақтап жеткізуші қобызшы өнерпазға да ақынның ризашылығында, жүрек махаббатында шек жоқ. 
      Тұтастай алғанда, «Күй» — ақынның тарихи тақырыпқа поэма жазудағы алғашқы творчестволық  сәтті ізденістерінің жемісі. Жоғарыда айтылған кейбір қайшылық-олқылығына қарамастан, «Күй» — қазақ  поэмасының тарихындағы өнер тақырыбына арналған алғашқы сәтті туындының  бірі. 
        Ілиястың 1934 жылы жазылған «Күйші» поэмасы қазақтың эпикалық поэзиясындағы елеулі құбылыс болды. «Күй» ақынның поэма жанрындағы өнер тақырыбын қозғауының басы, әдемі бастамасы болса, «Күйші» соның сатылы, заңды жалғасы еді. «Күйшіде» ақын өнер тақырыбын өрістете түсті. Көркемдік шешімі тұрғысынан қарағанда, ақын ілгеріледі. Сюжеттік, композициялық, образдық, тілдік шеберлік бағытында ақын алғашқы поэмасынан гөрі «Күйшіде» өсу, биіктеу үстінде болғанын толық аңғартты.
      Поэма басында Арқадан көшіп, Алатауға беттеген хан Кененің ордасы бейнеленеді. Халық жиналып, ханға қошемет көрсетіп, той жасайды. Біреулер ерулікке бие сойса, біреулер ат сыйлап, мәре-сәресі шығып жатыр. Көп халықтың ішінен не берер малы, не сыйлығы жоқ, жалғыз шешесі бар кедей жігіт күйші келіп, дүйім жұртқа күй арқылы қуаныш, ләззат сыйлайды. Рахаттан кім қашсын? Кененің сылқ-сылқ күлген сұлу қарындасы Қарашаш Күйшінің рахат берер күйлеріне тәнті, соған ғашық болады. Осы тұста шығарма желісі оқыс оқиғаға тап болады. Күйшінің майталман  өнерпаздығы өзіне пәле болып жабысады. Ол туған ел мен жерін, шешесін тастап, Қарашашқа күй шертіп, рахатқа батыру үшін басы бүтін құлдыққа берілмек. Күйшіге бұл ауыр тиген соққы. Әрине, қара жұмыс істемейді, тек Қарашашқа күй тартып беру керек. Осы сәтте еркіндік, бостандықтан айырылған күйші ескі сарынды, қайғылы, күйінішті  күй тартып, мұңға батады. Оның бүкіл әуенінен  қуанышты леп су сепкендей басылған. Азаттықтан айырылып, жарым көңіл күй кешкен өнерпаз, көп ұзамай тағдыр жазуына мойын ұсынып, Қарашаш отауына да үйренеді. Үйренгені аздай «қара қас, қалың қабақ, ордадағы сырықтай, бойы сымдай, балға ашытқан қымыздай» ханшаға сезім көңілі оянып, ғашықтың дертіне ұшырайды. Осы тұста Күйшінің  күй ырғағы да сезім толқындарына толып, ұшқыр қиялды елестететін, түлкі алатын құмайға, аңға шапқан тазыға айналып, шат-шадымын, шабыт шақырар әуенге бет бұрады. Күй тартқан күйшінің ішкі тебіренісі Қарашашқа әсер етпей қоймайды. Күйшінің домбырасынан төгілген күй тасқыны қыздың көз алдына фантастикалық бейне, көріністерге айналып, дегбірін алады. Өйткені, Күйшінің ой-қиялы  шексіз, бірде самал желге айналса, қыздың бетінен өппек, суға айналса, шомылдырмақ, қымыз болып сусынға айналса, сұлудың ернінен сүймек, ал алтын, күміске айналса, қолынан білезік болып тағылып, жүрек лүпілін сезбек. Домбыра пернесінен төгілген  күй Қарашашты тебірентіп, есінен айырады, Күйшіге қосылмақ ойы да болады. Бірақ ол ойынан тез қайтады. Хан тұқымын қалай былғамақ. 
       Ендігі  тұста сюжеттік  желіге мына жайт тап болды. Түн мезгілінде Әлімқұл датқаның ерке, сері баласы Сапақ Қарашашты оятпақ боп қасына барғанда, ұйқысы сергек қыз оянып, көзін аша сала, Наркескенге ұмтылады. Ашуы бұрқ-сарқ қайнайды. Ел-жұртты аяғынан тік тұрғызады.
       Ғашық дертіне шалдыққан күйші көрген түсіме, әлде өңі ме, сон біле алмай әрі-сәрі күй кешеді. «Қызды оятқан өзім шығармын» деп ажал құрығына даяр тұрады. «Зәнталақ! Пері қаққан! Сен жүрсің бе!»– деп күйшіге тап берген жендетті қыз тоқтатып, «Тиіспе менің күйшіме, оны істеген ол емес, Әлімқұлдың шолжаң ұлы» деп зекіп тастайды. 
     Боз баланың бұл қылығы соғыс өртін тұтандыратын үлкен зобалаң, кесапат әкеледі. Түбінде Үйсін, Дулат ортақ мәмілеге келіп, жгіттің бет —  аузынан  күйелеп, мойнына масқаралап құрым байлап, киімін түк қалдырмай шешіп алып, жаяу-жалпылатып Қарашаштың алдына әкеледі. Көңілі танып, халыққа сес көрсеткен қыз-жігітті өлтірмей, көзінен сорасы аққан әкесі Әлімқұлға береді. 
     Осы оқиға Күйшінің өрекпіген көңілін басып, жүрегін суытып, қанын қарайтады. Күй сарыны да өзгеріп, тартылып жүрген тәтті, сырлы, сезімді әуен  мұңды, қайғылы, өлімді сарынға айналады. «Күйген» , «Суға кеткен», «Желмая», «Атылған аққу» күйлерін бірінен кейін бірі кезектесіп, Қарашаштың салтанатты, әшекейлі сұлу сарайын мұңға батырады. Күйші сұлу Қаршашқа деген сезімі жоғалған, оны сұр мегежінге, жиырылған кесірткеге, албасты, мыстан  кемпірге балайды, күй сарыны үнемі осыны сездіреді. Қыз өз қиялында «бұл жігіт емес, жылап отыр, саусағы да  жез тырнақтың тұяғы секілді»  деп күйшіден жеріп, күйді тоқтатады.  
      Бір мезет көңілі тасып тұрған  Қарашаш Күйшіден «тілегің не ?» деп сұрағанда, «Тілегім мың қайтара – бір-ақ тілек, басыма бостандық бер, елге қайтам» дейді. Мұндай жауап күтпеген кербез қыз, ұзақ ойланып, жібергісі келмесе де, «болсын» дейді. Одан күн артынан күн өтіп, ай артынан ай келеді. Қыз жігітті жібергісі жоқ. 
     Ақырында қыз жүрегі жеңіледі. Күйшіге астына ат мінгізіп, еліне қайтарады. Еліне келгенде Күйші шабыттанып, «Азат» деген күйді шертеді.        
    Ілияс  Жансүгіровтің осы «Күйші» поэмасы кең тынысты, асқақ әуенді, қатыгездік пен зұлымдықты  өнер арқылы жеңе  білген қазақ әдебиетіндегі қайталанбас ірі де көркем туынды. Мұнда негізгі сюжетпен қоса, Қарашаш пен Күйші арасындағы терең психолгизм, адам сезімдерінің шарпысулары  ақынның шалқар шабытына, шексіз фантазиясына, табиғи ағысына барынша ерік берілгені айқын аңғарылады. 
      Қарашаш – «Күйші» поэмасындағы басты кейіпкердің бірі. Автордың түпкі ой қазығы бойынша, ол – ұнамсыз тұлға. Солай бола тұрса да, оның кейбір адамдық қасиеттерін де ақын жарқыратып алға жайып салған. Ол алған беттен таймайтын, орта жолда бөгеліп қалмайтын, алдына қойған мақсатын орындамай тынбайтын, қайратты, кесек мінезді тұтас характер. Ол мәмілеге келуді, шегінуді білмейтін өр тұлға ретінде есте қалады. Қарашаш ақылсыз әумесер де емес. Ашумен қатар ақылы да бар.  
     Қарашаш — әр алуан сыр-сипатымен терең бейнеленген күрделі кейіпкер. Ол тарихи тақырыпқа жазылған поэмалардағы дараланған типтің бірі. 
    Поэмада күйші жігіт жөнінде онша көп мәлімет жоқ. Кедей екені, шешесі бар екені айтылады. Ақын оның портретін, мінездемесін бере қойған жоқ. Бізге дейінгі зерттеушілер айтып жүргендей, поэмадағы күйші жігіт екі түрлі сыр-сипатымен, яғни өнерпаздығымен көзге түседі. Ал, хан феодалдарының құлдық бұғауынан босатуға ұмтылу, рухани байлықты жасау – халықтық қадір-қасиет үйсін күйші жігіт арқылы көрінеді. 
     Күйші жігіт өмірінің нақтылы көріністерін, сезім күйін, арман дүниесінің бұралаң-қалтарыстарынан нәзік те әсерлі тіл бояуларымен суреттеу арқылы халық өкілінің әп-әдемі бейнесін ақынның мүсіндеп бергені – поэмадағы елеулі көркемдік жетістік. Оның ең басты қасиеті бойына жинаған асқан халықтық дарыны — өнерпаздығы. Шығарманың «Күйші» атануы да осы бір  өзекті сарынмен тікелей байланысты.
     Күйші жігіт басында оянған махаббат сезімін де ақын келістіре толғайды. Жалпы жастық, махаббат деген үлкен рухани күш. Ол адамды шабыттандырады, қанат бітіріп, көкке ұшырады. Бойға бұрқыраған жігер-күш беріп, тау қопартады. Адам санасын нұрландырып, мол жарыққа кенеледі. Қарашашқа ынтыққан поэмадағы күйші жігіт халі осындай. Бұрынғы өзі тартып жүрген  тоқсан түрлі  күйді қоя тұрып, шабыт қанатына мінген өнерпаз өз жүрегінің жаңа күйін – махаббат күйін төгеді. 
     Поэмадағы күйші жігіт – есте қаларлықтай кесек тұлға. Ақын оның асқан өнерпаздығын, өміріндегі бұралаңы бар күрделі сәттерді құлпырта сөз бояуларымен айқын суреттеп берген. Домбырадағы тоқсан құбылған құдіретті күйдің  адам сезімдерімен  ұштасқан кейде реалистік, кейде романтикалық кейпін -өрісін ақын өрен шабытпен өлең өрнегіне шебер түсірген. Күйші жігіттің барлық қадір–қасиеті – халықтың бойындағы асыл мінез, қадір-қасиеттердің жарқын көріністері. Бұл шығарманың бүкіл рухынан көрініп тұр.                           
     Поэмада адамдар тұлғасы нақтылы сипатталған. Бірі ұнамды, бірі ұнамсыз дегендей. Поэманы оқығанда есте қалып қоятын кейіпкердің бірі  — хан Кенесары Қасымов. Кенесары – тарихи шындыққа сәйкес, өзінің зұлымдығымен, жауыздығымен айқын көрінеді. Бұл жөнінде акаемик  Қ. Жұмалиев: «Ақын сөз арасына, кейбір ғана қысқаша сурет, баяндау, репликалар арқылы, Кененің жексұрындық мінез-құлық әрекеттері де шеберлікпен көрсетеді. …Жауыздық, қара жүректілік, менмендік, қара халықты менсінбей, оларға тәкаппарлықпен қараушылық бәрін бір-екі шумақпен-ақ ақын түйіп берген емес пе?»[1] — деп поэмадағы Кенесары бейнесі жөнінде дәл топшылау жасады. 
     «Күйші» поэмасының  қозғайтын  негізгі  мәселесі  қазақ халық күйлерінің – күй өнерінің ғажайып сыр-сипатын, қоғам, адам өміріндегі ерекше рөлін көрсету десе де болғандай. Міне, осы бір халықтың рухани байлығын тіл өнерімен әсерлі толғаған ақын поэмасында сол құдіретті өнерді жасаушы авторын да үнемі есте ұстап отырады. Ақын ғасырлар бойы жасалған рухани байлық – күй өнерін жасаушы халық, халықтың дана дарыны деп дұрыс түсінеді де, сол халықтың нақтлы өкілі ретінде үйсін руынан шыққан күйші жігітті алады. Күйші жігіт те поэманың орталық кейіпкері. Ұнамды кейіпкер. 
      Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасының көркемдік сапасы аса жоғары. Сонымен қатар, идеялық мазмұны да терең. «Күйші» кезінде де, кейін де идеялық қадір-қасиетімен  жарқырап көзге түседі. Қазақ поэмаларының тарихындағы аса көрнекті туынды ретінде бүкіл жұршылыққа кеңінен танылған, оның халықтық шығарма – асыл рухани байлық екені хақ. Сондықтан да, «Күйші» поэмасы Ілияс талантының шарықтаған шағының тамаша туындысы. 
      Қазақ поэзиясының тарихында  ерекше орын алатын тіні мықты шығарманың бірі – «Дала» поэмасын Ілияс Жансүгіров 1930 жылы жазған. Оны алғаш «Еңбекші қазақ» газетінде  бастырған. Поэмада ақын қазақ халқының образын далаға балап жырлаған. Көбіне ишарат, символдық мағына беретін философиялық тереңдігі бар сөзбен көрсетеді. Поэманың басты кейіпкері — әр заман аңғарында зар шеккен, өмір үшін күрескен халық. Халықтың басынан кешкен тарихи оқиғаларды толғау үшін қолайлы тәсіл ретінде шығарманың өн бойында араласып отыратын бір қария адам бар. Поэманың басында, ол былай деп жырлайды:
                    
                    “Көпті көрген бір кәрі, 
                    Талай-талай заманнан,
                    Тепкі көрген қыр жалы,
                    Дөңде отырады осы кез”- 

деп, поэманың қорытынды бөліміне «тарих дейтін шал болам» деп аяқтайды. 
     Поэманың сюжеттік желісі осы қарт адамның шежіресіне құралған. Ақын оны тарихи-философиялық тұрғыдан көрсетпек болып, оған аңыз, ертегі, көркем баяндау мен айшықты образдарды астастырып беруге күш салған. Оның бедерлерін поэманың тарауларына берген атаулардан айқын көреміз. Мәселен, әр тарауға «Ақтабан», «Құл көгені», «Құрбандық», «Сандал»,  «Бостандық», «Аласапыран», «Айдау», «Той бастау» деген атаулар беріп жырлайды. 
     Поэма 1730-1930 жылдар арасын, яғни 200 жыл уақытты толығымен шолып айтпақ. Осы ұзақ уақыт ішінде орасан зор кеңістікті алып, нақты сурет, картина арқылы  ықшам, қысқа да нұсқа жырлап, бүкіл бір елдің тарихын алдыға жайып салады. 
     «Ақтабан» тарауында жау шапқанда  азан-қазан болып үріккен халықтың ұлардай шулап, шұбырынды күй кешіп, қайың сауып, ши шайнап, бақа, жылан қақтаған оқиғасына кезіксек, «Құл көгенін»  оқығанда, көгендегі шал мен баланың ыңырсыған зарын естіп, «Құрбандықта» қорлыққа шыдамай, Еділге түсіп өлген тұтқын қыздың бейнесі көз алдымызға келеді. Ал «Отар жорығында» отаршылыр мен өз елін қоса тапқан қазақтың билеуші табының жасаған қорлығы мен озбырлықтарынан зар илеген қарапайым халықтың қайғы-мұңы сезіледі. 
      Тұтастай алғанда, революциядан бұрын жат жұрттық отаршылдық тепкісі, шапқыншылық, таптық езгіден құтылып, жоқшылық, сауатсыздық, мешеулік атаулыдан арылып, өсіп-өркендеу жолына түскенін ақын шабыттана жырлайды.
       Сонымен , «Дала» поэмасы көркем тарихи, қазақ халқының шежіресі іспетті шығарма деп қабылдасақ, ондағы ел өмірін жырлаған кезіндегі ақынның аңқылдаған желдей екпіні мен қарқыны өлеңге көтеріңкі үн мен қуат беріп, шығарма шырайын күшейтсе, екіншіден, оқиғаның тарихи шынайылылығына көз жеткізеді. Поэмада бұлтартпас қоспасыз тарих беттері мен поэзиялық қанат бітірер күш-қуат астасып, шығармаға ерекше жарасым берген. 
     «Дала» поэмасы – Ілияс Жансүгіровтің тақырыбы маңызды, идеясы айқын, ал көркемдігі алуан үлгіде көрінетін тағылымды туындылардың бірі. Уақыт жағынан екі ғасырды қамтитын поэма ұлы даланың сыры мен мұңын, қазақ халқының даму тарихының бел-белестерін шабытты сәтпен  де мазмұндық-көркемдік үйлесімімен де, ең негізгісі нақты оқиға-көріністері мен  бейнелі образ, тілімен тартымды, жинақы жеткізеді. 
       Ақынның өнер тақырыбына жазылған тағы бір туындысы – атақты «Құлагер» поэмасы. Бұл поэманы ақын қазақ халқының ардагер ұлы Ақан серіге арнаған. Ақан сері – ХІХ ғасырдағы қазақ елінің рухани мәдениетінің тарихынан елеулі орын алатын белгілі өнер қайраткері. Ол – дарынды композитор, ақын әнші. Өзі өмір сүрген заманының әр қилы мәселелерін айқын өнер тілімен көрсете білген, оның әдеби, музыкалық мұрасы мол. Ақан серінің әдеби музыкалық, әншілік еңбектері жайлы көптеген ғылыми-зерттеу еңбектері бар. Сол еңбектердің барлығында Ақан серінің асқан өнерпаздығы, халықтың рухани азығы болған тамаша поэтикалық, музыкалық шығармалар бергені айрықша атап көрсетілген.            
     «Құлагер» поэмасы 1936 жылдың қараша айында «Социалистік Қазақстан» газетінің бірнеше сандарында жариаланады. Бұл ақынның эпикалық жырларының ең соңғысы және поэзиясының ең биік шыңы. 
     Сол газет нұсқасы бойынша пікір айтқан әдебиетші, сыншылардың сын-ескертпелерін ескере отырып, автордың поэманың соңғы нұсқасын кітап етіп шығаруға әзірлегені жөнінде М. Қаратаев былай дейді: «Ілияс Жансүгіровтің жазушылық қызметі 1937 жылы үзіліс тапты. Үзіліс алдында оның жазып үлгіргені – «Құлагер» поэмасын кітап етіп шығаруға әзірлеген толық, кемелді нұсқасы еді.  Газет нұсқасы бойынша әдебиет ортасы поэмаға дән ризалығын білдірумен бірге, жақсара түсу үшін, бірқатар ақыл-кеңес айтқан болатын. Ілияс соның бәрін ескеріп, бірнеше ай бойы өңдеп, жөндеп, толыққан нұсқасын баспаға  ұсынған кезде бұл нұсқа жарық көрмей қалды да, қолдан шығып кетті. Қазір жариаланып жүргені газет нұсқасы». 
Зерттеушінің атап көрсеткеніндей, «Құлагер» поэмасының толыққанды, кемелденген соңғы нұсқасы  қолға түспей жүр. 
    Поэмаға арқау болған оқиға – тараудың басындағы тұсында сері болсын, пері болсын, өмірімен ұнаған Ақан және тұлпар ат Құлагер. 
      «Күйші» поэмасындағыдай, бұл поэмада да Ақан өмір сүрген заманға, қоғамға деген ақынның авторлық тенденциясы айқын. Поэманың толғану атты кіріспесінде-ақ Ілияс Жансүгіров Ақан сері өмір сүрген феодалдық заманға өз көзқарасын  толық білдіріп өтеді:
                   
                    “Бақ туын тұрғанда ұстап бүгін қазақ, 
                    Көңілі судай тасып, оттай маздап. 
                    Ескі күні елім көрген енді ойласам, 
                    Көрінер кейде қорлық, кейде мазақ”.

    Негізгі мақсаты – ескі өмір  мен бүгінгі ұрпақты таныстыра отырып, сол шірік заманға өз замандастарының ыза, кегін өршіте түсу. Осылай толғана отырған ақын халқының ескі тарихын, тұтастай қаралап, мансұқтамайды да. Қанайшылар билеген сол қара түнек заманда еңбекші халық жасаған рухани асыл қазынаға да үңіледі. 
     Сырттай қарағанда, поэманың негізгі сюжеті Ақан серінің бір әніне ғана құралған сияқты. Ал, мұқият қарағанда, поэманың идеялық шеңбері одан да кеңірек. Сол бір уақиғаның керегесін кеңіте отырып, ақын бас кейіпкер Ақанның трагедиясын ашады. Ақан трагедиясы Ақан сияқты мыңдардың трагедиясы екенін жинақтап танытады. Ақан өмірін жырлай отырып, сол бүкіл феодалдық заманның зұлымдығын, ірік-шірігін әшкерелей түскен. Поэманың идеялық түйіні, міне, осында. 
     Мәселен, поэма сюжеті экспозициясы болып есептелетін «Ас» тарауын алайық. Ақан серінің трагедиясына себеп болған аты шулы Құлагер оқиғасы осы Сағынайдың асы үстінде өтеді. Ал, сол асты терең суреттей отырып, ақын әрі сол тұстағы әр түрлі әлеуметтік топтардың өмірін көзге елестетсе, әрі сол заманның әлеуметтік сыр-сипаты жайлы түйінді-түйінді пікір түйеді. Осы асқа тұлпарын мініп, Ақан да келеді. Ойы –Құлагерді бәйгеге қосу.  Құлагерді алғаш рет көрген жұрт: «Бітімі ойқы-шойқы, салпы ерін, салбыр тірсек екен, жазық бауыр, сыйыр сүйек, ұзын тұрық екен, бұл ешқандай бәйге ала алмайды, бұған мініп қоян атса, қойшыға мінгізсе жарасар, ең дауасы – семіріп соғымға сою ғой» — десіп даурығады. Тұлпардың мықты тегін тек Күреңбай сыншы ғана танып «Бабында екен, бағы осы аста ашылар» деп баға береді.
      Бәйгеге 1300 жүйрік қосылмақ. Олар Сырдың қыз-қарасы, Жарылғаптың жирені, Семейдің сұр сіркесі, Алатаудың Ақанаткері, Балқаштың бейпіл Бөртесі, Алтайдың серпінді Көктұйғы , Меруерт жалдас  Шудың Ақсұры, серке санды Көкшетаудың Құлагері, Ұлытаудың ұбайы, Қаратаудың Құмайы – осының бәрін ақын әр жүйріктің нақты қасиетін тамаша образ арқылы береді. Осы суреттеулер мен бейнелерден белгілі ат сыншысы Күреңбайдың көзімен көрсетеді. 
      Поэманың басында осы сюжеттермен қоса асқа келген түрлі әлеуметтік топты да көркем тілмен бейнелеп өтеді. 
      Ет жеп, қымыз ішіп семірген образдарды қызыл көз, саба құрсақ, кебеже қарын болып келеді, семіздерін өгізге, бұқаға, қошқарға теңейді. Осы жайсыз образдарға қарсы контраста ақын Ақан серінің өнерін қояды. 
       Ақан бойындағы асыл өнер осы тұста ерекше сұлуланып кетеді. Оның көкейінен тәтті, мұңды, сұлу сазды әуендері бірінен кейін бірі асып, халықтың зор қошеметіне бөленді. «Ақ саусақ», «Үш тоты», «Ақмарқа», «Сырымбет», «Көкшетау», «Кербез керім», «Ой ерке», «Жайма қоңыр» әндері Ақанның көмейінен нақышты әуенде шығады. Ләззат әлемі, сұлулықпен астасып, әр тыңдарманға рахат сыйлайды.
     Табиғатынан аңқылдақ, ешкімнің бетінен қақпайтын өнерпаз әнші, жүрегіне кек байлаған дүлей күш иесі, арамза Батыраштың ішкі ой-жауыздығын сезбейді. Ақын осы тұста қандай трагедия күтіп тұрғанын аздап болса да байқатып өтеді. 
      Ақан бәгеге қосылған Құлагердің тізгініндегі жетім балаға қамшы салмай, қалып та қоймай шауып отыр деген сөзінен мүлт кетпей зулап отырады. Жыланды өзегінен өткен соң атты өз еркіне жібергенде, Қусақ көлін айнала келе Құлагер Көктұйғынмен қатарласа шабады. Көктұйғын Батыраштың сәйгүлігі. Өзекке түсіп қайта қырға шыққанда алды Көктұйғын, екінші – Айтпақтың күреңі, одан кейін – Шорманның Бурылы. Ал Құлагер көрінбейді. 
     Өйткені, екі көзі қанталаған жендет, Батыраштың суық қол, ақбоз атты, қара киімді қарақшысы Қылта өзекте Құлагердің шекесіне айбалта ұрады. 
     Құлагер өлімі Батыраштан келгенін сезген халық селдей қаптап қара жүрек жауызды таптап жіберердей  толқиды. Бірақ нақты айғақ табылмай дал болады. 
     Ал асыл Ақан айдалада Құлагердің басын құшақұтап көзінен қанды жас ағады. 
                       
                        “Шынымен кеткенің бе, Құлагерім, 
                        Қасымда қасынысып тұрар едің.
                        Баспа-бас қызға бермес жануарым, 
                        Басылар өлгенімше қайтып жерің ?…
                        Құлагер, атаң тұлпар, анаң сұңқар, 
                        Соғып ем жан тымда, қанатым да,
                        Табылмас енді маған сендей тұлпар ! …”-

деп, зар қаққан Ақанның әйгілі шығармасының өз мәтінін ақын поэмаға дәл де орында кіргізген. 
     Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы – сюжетті поэма. Поэма сюжетін құрайтын оқиғалар асты бейнелеген тарауларда ат жарысын, Құлагердің мерт болуын, сонымен байланысты Ақанның қайғы-шерге көмілуін суреттеген тарауларда баяндалған. Өзге поэмаларға қарағанда, бұл поэманың сюжеттік-композициялық бітімінде өзгешелікте бар екені рас. Мәселен, оқиғаны басынан бастамай, аяғынан алып қарасақ та жеткілікті. «Туған жер» атты басқы тарауда ақын Көкшетауда жападан-жалғыз қайыңды көлеңкелеп отырған қара шалды, оның үстінде ілулі тұрған аттың қу басын әңгімелейді. Міне, осы әңгіме-жұмбақтың сырын айтпақ боп ақын шегініс жасайды. Бүкіл оқиғаны сол шегініс арқылы береді де, «Аттың азалы әні» деген соңғы тарауда баяғы алдыңғы тараудағы қара шал мен аттың қу басына қайта оралады. Поэма сюжетін құрудағы бұл қаусырмалы композицияны ақын шебер де ұтқыр пайдаланады. 
      Поэманың бас қаһарманы – Ақан сері Қорамсаұлы. Осы бас кейіпкер өмірін бейнелеген поэма жанрының шеңберінен аспай, осы жанрдың адам образын мүсіндеудегі көркемдік мүмкіншілігін белгілі дәрежеде ұтымды пайдаланғанын көреміз. Ол ең алдымен оқырман қауымды Ақан серімен біраз таныстырып өтеді. Бұл ретте ақын Ақан серіге кең көлемде мінездеме беріп кетеді. Сол мінездеме арқылы Ақан серінің ұнамды тұлғасы анықтала бастайды. 
     Поэмадағы ақынның авторлық мінездемесіне қарағанда: Ақан билік айтқан ел жуаны би емес, «ауыл торып, ел шулатқан ұры» емес, «мешіт салып, зекет алып, дүниенің нәжісін бойға жаққан  молда» емес, тіпті, байдың жалшысы да емес, өз малын баққан қарапайым шаруа да емес. Поэманы оқып отырған оқырманның осы тұста  заңды сұрағы туатыны аян. Ақан енді кім? Бұған жауап ақынның Ақанға берген мына сипаттамасынан табылады:
                
                  “Жүйрік ат, сонар саят, қыз-қырқынмен,
                  Өмірді өткізген жан өз қрқынмен.
                  Өмірдің ащы емес, тұщысын да 
                  Қызықтап жігіт ойын, қыз күлкіңмен.
                  Саңлақ ед шыққан мыңнан, озған жүзден,
                  Көп сұлу көзін сүзген күнді өткізген.
                  Қызықтың айдынына құлаш ұрып,
                  Армансыз қаздай қалқып, қудай жүзген…
                  Кісі емескөп қатынды үйірлеген,
                  Болған жоқ бір пендеге тию деген.
                  Текті құс тазалықты қолына ұстап, 
                   Арманы-ақ сұлулықты сүю деген”.

     Міне, осылайша ақын Ақан серінің халық ішінен шыққан көркемөнердің көрнекті өкілі – асқан өнерпаз ретінде көрсетеді. 
     Поэмадағы Ақан сері образын сөз еткенде Құлагерді айту аса қажет. Ақынның Құлагерді суреттеуі  және оның қадір-қасиеттерін баяндауы бас кейіпкер бейнесін тұлғаландырып тұр. Ақан серінің Құлагері туралы және сол Құлагердің өкінішті қазасы жайлы  шығарған әнінің  хикаясы жөнінде  ақынның поэма жазуы – қазақ поэмасының тақырыптық-мазмұндық арнасындағы ұлттық ерекшелікті де аңғартады. Атқа байланысты оқиға жайлы арнайы поэма жазуы ақынның өз халқының ежелден келе жатқан ұлттық психологиясымен тығыз байланысын танытады. 
     Ілияс Жансүгіров ауыз әдебиетіндегі, жазба әдебиеттегі дәстүрді тек қана жалғастырып қойған жоқ, өзінше өрістетті.  Мәселен, Ілияс суреттеген Құлагердің  Қобыландының Тайбурылынан, Алпамыстың Бйшұбарынан, Қамбардың қара қасқасынан,  Төлегеннің  Көкжорғасынан өзгешелігі бар. Ауыз әдебиетіндегі  аттар әсірелеу арқылы берілсе, Ілияс Құлагерді әсірелемейді де, кейіптеп суреттемейді. 
        Құлагер – Ақан серінің сұлулығы, идеалы. Оның түсінігінде ондай тұлпар енді келмесі анық. Сол тұлпармен жүрек түкпіріне ұялаған әсемдік, көркемдік бәрі жоғалған. Оның бұрынғыдай ән айтуы да, ел арасында жайраңдап жүруі де екі талай. Құлагерге жұмсалған айбалта, Ақанның өзіне тиген, ол енді тірі өлік. 
      Сол заманның зұлым-күшінің нақтылы өкілі ретінде  поэмада көрінетін кейіпкер – Батыраш. Ол – Ақан серіге қарама-қарсы бейне. Ақан серімен майданданға ашық шықпай, жар астынан бұқпантайлап келіп, өз арам ниетін іске асырады. Ашық әрекетке баспайтыны – ол Ақан серінің жақтайтын дүйім елден  қаймығады, жасқанады. Батыраштың ұнамсыз кейіпкер екені оған ақын берген мінездемеден көреміз. Бір жерде ол туралы:
                   
                     “Батыраш бала жастан атқа құмар, 
                     Айқайшыл ат әперген баққа құмар.
                     Арам ой, атанамыс ұр-шоқпары, 
                     Кір көңіл, сарайының батпағы бар”, —

деп сипатталған Батыраш. Осы Батыраштың зұлымдығы поэма оқиғасының шиеленісуі, әрі шешілуі үстінде көрінеді. 
     Ал, поэманың тіл байлығы төтенше. Өзге поэмалардағыдай, бұнда да ақын еркін төгілген, образды бейнеге бай құнарлы тілімен оқырманды эстетикалық ләззатқа бөлеп, бірден баурап алады. 
     «Құлагер» поэмасындағы ақынның көркемдік шеберлігі, тілінің аса шұрайлығы  жайлы М. Қаратаев «Қазақ поэзиясының Құлагері» деген ғылыми зерттеуінде: «Мұндағы ұмытылмас сұлу картиналар, айқын, әдемі образдар, шындықтан туған романтикалық леп, бұлақша сылдыраған нәзік лирикалық сезім, серпінде, кең эпикалық құлаш, балы сорғалаған құнарлы бай тіл, ұйқасы сыңғыраған кәдімгі он бір буынды  қара өлеңнің мінсіз-мүлтіксіз үлгілері «Құлагер» поэмасын шын мәнінде поэзияның «сұлу сарайы», Жансүгіров творчествосының биік шыңы деуге толық дәлел бола алады» — деп түйген болатын. Тілінің байлығы, тазалығы, мөлдірлігі мен бейнелілігі жағынан «Құлагер» — қазақ поэзиясындағы ең үздік поэмалардың бірі.  
     Қысқасы «Құлагер»  дастаны  ақын  туралы, оның тағдыры десек те,
оның негізгі өзегі – Ақан трагедиясы арқылы әлеуметтік орта және замана лебі, қуанышы мен қайғысы кең  көлемде жырланған ірі лиро-эпикалық поэма. 
     Ілияс Жансүгіров қазақ поэзиясында қайталанбас, аса ірі, кең тынысты шығарма жазған эпик ақын. Соның дәлелі ретінде, дарынды ақын қаламын жоғарыда аталған поэмалары сарындас, сапасы да еш кем емес «Көбік шашқан», «Исатай», «Бақытты Жамал», «Мақпал», «Рүстем қырғыны», «Мәйек», «Кәмпеске», «Байкал» толғаулары басталған күйінде аяқталмай, жарық көрмей қалған. Кедергі болған жайт – оның нағыз творчестволық өрлеу жағында жазықсыз жапа шегіп, мерт болуы. Алайда оның тірі кезінде 20 жыл бойы жазып кеткен мол мұрасы қазақ әдебиетінің барлық сапасына үлкен үлес болып қосылып, мәдениетіміз бен өнеріміздің алтын қоры қомақтана түсті. 
      «Мақпал» поэмасының тақырып ауқымы мен оқиға өмірімен көлемді туындының табиғаты танылады. Поэма мазмұны әдебиет тарихында кездесетін, нақтырақ айтсақ Ұзақ пен Балтаның қарсы құда болуы, Мақпал мен Шабденбектің дос-жар жүріп, байланыстары сүйіспеншілікке ұласу, қазақ тұрмысының ауыр сәттері, әйел теңсіздігі тағы басқа мәселелерден қоғам жайы, адам мен уақыт арасындағы қатынас едәуір көрінеді.  Кей тұстары «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасындағы Қарабай мен Сарыбайдың арасындағы қатынастар, классикалық мұралар мен Шығыс хикаяларының желісіне құрылған қазақ дстандарының үлгі-үрдістері де танылады. Алайда, әлеуметтік теңсіздік сыры,   адам портреті мен оған психологиялық мінездеме беру, көркемдік амал-тәсілдер  талап деңгейінен көрінбеген. 
      «Рүстем қырғыны» — қазақ халық өміріндегі жаугершілік кезеңді – қалмаққа қарсы күресті, феодалдық дәуірдің керітартпа қақтығыстары азаттық, тәуелсіздік жолындағы күрес болса, рулық кездегі адамға, малға байланысты күрес-тартыс ескілік көзқарастары, соның сарқыншақтарын танытады. Әсіресе, Найман мен Үйсін руының арасындағы қақтығыс, адам тағдыры,ел намысысын тезіне түседі. 
      «Исатай» поэмасында белгілі нарын қозғалысындағы  еркіндікті, азаттықты аңсаған оқиға негіз болған. Исатай төңірегіндегі шаруалардың топтасуы, ортақ жауға деген ашу-ызалары сенімді өріс алады. Сондай-ақ, өнер иесі, кедей – Жалдықара мен хан тұқымынан шыққан Қарлыға арасындағы сүйіспеншілік, еркіндікке ұмтылулары сендіреді.  Автор Исатай бейнесін  төңірегіндегілердің  ауыз бірлігін, ортақ жауға өшпенділіктерін нанымды ашады. 
       «Байкал» поэмасы Сібір халықтары арасында кеңінен тараған аңыз желісінде жазылған. Поэма оқиғасы Байкал есімді шал меноның қыздары төңірегінде өтеді. Мазмұны, Ангара атты қыз Енисей деген жігітке ғашық болады. Байкал оларға қарсылығын араларына тау-қорған қойып береді. Ангара басындағы ауыр жәйді Бұлақ сіңілілеріне айтып, солардың көмегімен жол тауып Енисейге қосылады. Ангараның Енисейге қосылып, Байкал көлінің дауылды сәттерін ақын адам өмірінің  жастық сәтіме, өмірдегі, ордабасындағы көзқарас, тіршілік тынысымен аңыздық сюжет негізінде жеткізеді. Мазмұны тартымды, сюжеті қызық, әсерлі оқылатын бұл поэма – махаббат тақырыбын сәнді суреттеумен мәнді. 
      Негізінен алғанда жоғарыда еске алған поэмалар қазақ ауылының өмірін, ондағы таптық тартысты, жаңа дәуір адамның ой-санасын, елдік пен ерлік жолындағы әлеуметтік-психологиялық өзгерістерді танып-таразылауда  берер дерегі, рухани нәрі мол. 
     Ілияс Жансүгіров әдебиет саласының басқа жанрларындағы еңбектері жетерлік. Сондай бір қыры – фольклористағы еңбегі. Жасынан өнерге жақын болып өскен Ілияс ел аузындағы әдеби мұраларға, сиқырлы сөзге ерекше ден қойған. Бала кезінде әкесінің әсері болса, өсе келе өз бетімен  жинаған ескі әдеби мұралары, творчестволық өсу жолына көп қолғабысын тигізеді. 
     1933 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне басылған мақаласында былай дейді: «Қазақ ел әдебиетінің осы күнге шейін жүзден бірі  жиналған жоқ». 
      Қоғамдық өмірдің  ірі қайраткері, асқан дарын иесі Ілияс Жансүгіровтің  творчестволық мұрасын аз сөзбен бағалағанда, ол – халқының мәңгі қадірлеп, ардақтауына, мақтаныш етуіне лайық, кесек поэзиялық мұра қалдырған ер тұлғалы  нағыз азамат ақын. 
     Ілияс өзінің өмірбаянымен бірге, халқымыздың бүкіл тұрмыс-тіршілігін, салт-анасын, мінез-құлқын жан-жақты толғаған заңғар ақын. Қазақ халқы барда, егеменді еліміз тұрғанда ұлтжанды ұлы ақынымыздың аты биіктей түседі,  даңқы  асқақтай  береді. 
    Қазақстан тарихындағы саяси-әлеуметтік науқан – қазақ жеріндегі ірі байлардың мал-мүлікін тәркілеу, өздерін жер аудару науқаны 1928  жылы басталды. Оған қызу ат салысқан творчествалық одақтар үгіт-насихаттық жұмыстарды жан-жақты жандандырып, өз тараптарынан үлесін қосып жатты. Әдебиет саласындағы өкілдер қалың қауымға үгіт-насихат жүргізу мақсатында өлең, әңгіме, очерк, дастандар мен деректі шығармалар жазып, көзге түсті. Ілияс бұл науқандық шараға арнап «Кәмпеске» деген шағын поэма жазды. Поэманың басты кейіпкері – Мұқан байдың дүниесін тәркіленген сәттегі ішкі психологиялық қиналысы бейнеленген. Мұқанның малының алынуын, жинаған дүние-мүліктің жалшы-жақыбайға үлестірілуін, зират басына апарып көмген тайтұяқ алтыны мен жамбысы ортаға салынып, шаңырағының ойраны шыққанын ақын фольклордағы жоқтау өлеңінің формасы арқылы шебер көрсете білген. Дүние-мүлік пен елден айырылып, жер аударылған Мұқан мен әйелі Ұлжан бөтен ел мен жұртқа бара жатыр, олардың сауық-сайран дәурені біткен, поезд бұларға адам жұтатын айдаһар болып елестейді. Ақынның мұндағы меңзейтіні – ескі элементтердің жаңа заманның жаңалығын қабыл ала алмайтыны, олардың ғұмыры бітіп, құрдымға кеткенін көрсету.
    Коллективтендіру тақырыбына жататын тағы да бір ірі туындысы – 1922 жылы жазылған «Жаңа туған» поэмасы. Басқа шығармамалрмен салыстарғанда, бұл туындысында реалистік бейнелеулер мен образдық ой-толғамдар бояуы қалыңдау шыққан. Поэманың кіріспесінде қазақ даласындағы болып жатқан ұлы өзгерістерді айта орыра, көпшілік қауымның коллективтік еңбекке қалай кіріскенін баяндайды. Алғашында жеті үйден құралған артель болса, кейін адам саны көбейіп, колхоз дәрежесіне көтерілді. Міне, осы тұста колхоздандыру кезінде асыра сілтеу, шолақ, саяси шикі белсенділердің өрескел қылықтары, соңында қалың жұртты аштыққа апарған кезеңді ақын бүкпесіз, ашық жариялайды. 
Ілияс Жансүгіровтің аталмыш тақырыпқа арналған «Мәйек», «Кеңес» атты поэмалары жазылған. Бұл циклдағы ой мен науқандық кезеңдегі актуалды саналатын тақырыптарды мейлінше ашық, батыл айту пафосы айқын көрініп тұр. Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық ғұмырындағы әлі де болса анықталмаған, зерттелмеген жайттар барын айтсақ, оның соңғы нүктесін қоятын күн әлі ерте секілді. Соның дәлелі ретінде, дарынды ақын қаламынан шыққан, дүйім жұртқа белгілі, бұрындары таңдамалы туындыларында жарық көрген, «Көбік шашқан», «Исатай», «Бақытты Жамал», «Мақпал», «Рүстем қырғыны», «Мәйек», «Кәмпеске», «Байкал» толғаулары басталған күйінде толық аяқталмай, немесе жарық көрмей қалған туындылары қатарында болса, солардың ішінде сапасы жағынан еш кем емес «Қолбала» деген поэмасы да барын айта кеткен дұрыс. Кедергі болған жайт – оның нағыз творчестволық өрлеу жағында жазықсыз жапа шегіп, мерт болуы. Алайда, оның тірі кезінде жазып, жарыққа шығарған аталмыш мол эпикалық мұралары ішінде «Құлагер», «Күй», «Күйші», «Дала» поэмалары қазақ әдебиетінің барлық сапасына жауап беретін, үлкен үлес болып қосылып, мәдениетіміз бен өнеріміздің алтын қоры қомақтана түскендігі кеше ғана еді. 
  «Қолбала» поэмасы жарыққа ақынның көзі тірі кезінде жарыққа шықпаған. Поэманың бір кейіпкері ретінде сурттелетін Ханкелді туғанынан сотқар, ұры, қайырсыз болып өссе, оның жайлауы Күзек, қыстауы Мойынқұм болып, елге жауша шауып, жайсыздық танытады. Сол елде «Қаракөз, аққұбаша жетім бала» өсіп келе жатса, оның аты «Қолбала» екені айтылады. Сол Қолбала өзі әнші, өзі әділетті болып өссе, ұрыларға туралықпен жөн айтқаны жақпайтыны танылады.Сюжеттің келесі бөлімі Сол Қолбаланың жайсыз түс көріп, оны Үш Қайнардын шыққан көріпкел Бәйтенге жорытады. Бәйтеннің жоруынша, Қолбаланың сақ болып, айналасына жіті көз тастауын өтінеді. Арада біраз уақыт өтіп, көп нәрсе ұмыт болады. Қолбаланы өзінің ұры Ханкелді бастаған ағайындары өлтірмек болып, «тойға жүр» деп алдамалап, Арал дейтін жерге апарады. Сол жерде мерт етіп, сүйегін құмға көміп кетеді. Қолбаланың әйелі күйеуі кешіккен соң сұрау салғанымен, одан еш нәтиже шықпайды. Кейін өлімнің арты анықталғанда, Ханкелдінің қасындағы баукеспе ұрылары құн төлеп, Қолбаланы ұмыттырады. Поэманың негізі қысқаша сюжеті осында.
Поэманың нұсқалары шамалауымызша, ауызша таралған болса керек. Сол айтылған сәтте қағазға түскендіктен, ондағы кейбір жолдар түсініксіздеу шыққан. Бұл әрине, дайындап газетке шығарған автордың кінәсі емес, оны естіген адамның жазуында болса керек. 
Мәселен, поэма басында, алдыңғы нұсқасында: «Үшқайнар, Ақсу, Діңгек жүрді қыстап…» деп Үшқайнар жер аты болып қабылданса, ол кейінгі нұсқасындағы «Үш Қайнар» ру аты ретінде айтылған. Мұндағы ақынның айтпағы «Үш Қайнар» руының ол тұста Ақсу мен Діңгек жерінде қыстап жүргені айтылмақ. Сонымен бірге, кейінгі жолда «Шығады жайлауға да жаз жылыстап» деген жолды кейінгі нұсқасындағы «Жаз жайлауға шығады ел жылыстап» дегені дұрыс келеді. Ал кейінгі жолдағы алғашқы нұсқасындағы «Баласы Солтанбайдың үшеу екен…» деген жолдар мағынасы дұрыс болғанымен, оның екінші нұсқасында «Солтанайдың баласы үшеу екен…». Бұл жерде Солтанай ма, әлде Солтанбай ма? Ол жағы белгісіз? Осыны анықтау болашақтың еншісінде болмақ.
Сол Солтанай әлде Солтанбай ма? Соның баласы алғашқы нұсқасында «Қангелді», «Ханкелді» деп орфографиялық жағынан келгенде дұрыс оқылғаны орынды болар деген ойдамыз. «Қанекең» деп деп алғашқы нұсқасында, екінші нұсқасында «Ханкелді» делінген. Сол Ханкелді «Қайырсыз қанды, суыт, ылғи ұры» делінсе, ол «Қайырсыз, қаны суық, ылғи ұры» болуы керек. Себебі, «Қайырсыз қанды суыт, ылғи ұры» деген тұрақты тіркес қазақта қолданылмайды.
«Содан бері бірталай заман өтті, Күз кезімнің уағы келіп жетті» деген сөйлем түсініксіз. Ол «Содан кейін бір талай заман өтті, Күз күземнің уағы келіп жетті», яғни «күз кезімнің» емес, «күз күземнің келіп жеткені» жөнінде айтылған.
Поэмада қазірде халық арасында, тарихи деректерде белгілі адамдардың есімін де кездестіруге болады. Солардың ішінде Найманның ішіндегі Қайнар руынан шыққан игі жақсылары Шынасыл, Әбдібай, Тұрсын, Тәшен секілді адамдар қатарында атақты меценат болған «Мамания» мектебін ашқан Тұрысбек пен Сейтбатталдың әкелері Маман Қалқабайұлының есімі де кездеседі.
    Ілиястың поэзиясының ауқымы қаншама мол, шалқар болса, оған айтылар ой-пікір де осал болмаса керек-ті. Ілияс Жансүгіров ақталғаннан кейінгі тұста жарық көрген (1960 жылдар мен 1986-1998 жылдары)таңдамалы шығармаларына қазақ әдебиетттану ғылымының аса көрнекті ғылыми-зерттеушысі академик Мұхаметжан Қаратаев, Әбділда Тәжібаев, Мырзабек Дүйсенов, Тұрсынхан Әдірахманова, Рымғали Нұрғалиев, Бақыт Сарбалаев және тағы басқа ілиястанушылар өз тарапынан ақын поэзиясынның сан-салалы құпиялары мен ашылмаған қыр-сырын дәйекті зерттеу еңбектері мен монографиялар жазып, сол арқылы дүйім жұртты бір серпілтті. Осы игі қадам арқасында әдебиет жиырма жылға тарта поэзия нәрімен сусындатқан Ілияс ақынның кейбір танылмай, көрінбей жатқан асыл көмбелері, тіс жарар таза бұлақ кәусары баяу жылжып, қазақ әдебиеттану ғылымының алтын қорына қосылды. Бүгін Ілияс Жансүгіровтің күйлі, сыршыл сан ғасырлық, «Сұлу сөзбен алтын сарай салдыртқан» өлмес поэзиясы қазақ жұртының қымбат қазынасы, осы арқылы оның өр тұлғасы алаш елінің құлай сүйген адал да қадір тұтар сүйікті перзентіне айналды.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1.    I.Жансүгiров поэзиясындағы халықтық рух және ондағы дәстүршiлдiк сарын.
2.    I.Жансүгiров шығармаларындағы әдебиет, мәдениет мәселелерi.
3.    I.Жансүгiров шығармаларындағы ежелгi түркi мен европалық әдебиеттiң ортақ әдеби желiлерi.
4 I.Жансүгiров шығармаларының зерттелуi  мен әдебиеттегi орны.

              Әдебиеттер:

1. Байтұрсынов А.Әдебиет танытқыш. Шығармалары. А.,1989
2.Дүйсенов М. Ілияс Жансүгіров. Монография. А.,1965.
3. Әбдірахманова Т. Ақын арманы. А., Жазушы. 1965.
4.Ақберен. Жинақ.- А.,1972.

              



Ілияс Жансүгіров — прозаик

Қай жазушы болмасын шығармасының айшықты, көркем, сонымен қатар шындыққа жанасатындай реалды түрде шығуы үшін оған негіз боларлықтай түйін, идея, сюжет іздейтіні белгілі. Онсыз әңгімесінің не повесінің көркемдік аясы, мазмұны композициялық  желісі жұтаң тартары, әлсірейтіні заңды. Бұл жайсыздықтың болмауы үшін қай елдің жазушысы болмасын әр түрлі тәсілді пайдаланып, өз дегендей етіп шығарманы жарыққа шығарады.  
Мәселен, А.П.Чехов қайбір қолайсыздықтарды жеңе отырып, қай орта болмасын соның ішінде болып, соны өз көзімен көріп, сезіп, ой-елегінен өткізіп барып шығармаға беттейді. Ілияспен тұстас, замандас, оның тағдырына  тағдыры ұқсас М.Кольцов әңгімесін жазардан бұрын оны кеңінен пысықтап әр адаммен ерінбей–жалықпай әңгімелесіп, ақиқатына жетіп жазатыны, тіпті, таксист өмірін танып-білу үшін оншақты күн таксист болғандығын өз замандастары растайды. 
      Ілияс та бұл әдеттен ада емес. Оның әр әңгіме, повесін жазардан бұрын оған тыңғылықты дайындықпен келетіндігін шығармалардан айқын аңғаруға болады.Ол үшін қай жерде болмасын қолы қалт еткенде, қасындағы серіктеріне әңгіме айтқызып өзі де соған қызу қатыса отырады. Оның әр әңгіме, повесін жазардан бұрын оған тыңғылықты дайындықпен келетіндігін шығармаларынан айқын аңғаруға болады. Жай айта салу емес, оған үлкен мән беріп, майын тамыза көріктендіре айтқанды жөн көреді, ал өзімен әңгімелескен адамдардан естігендерінің ішінен қызықтысын, шұрайлысын әр деталіне дейін анықтап сұрап, өзінің жазар әңгімесінен де повесіне арқау етеді. Бұл жөнінде елге танымал артист Қанабек Байсейітов Ілиястың шығармашылық машығын сөз еткен уақытта әр адамның бал арасындай шырын жинайтынына дәлел етіп былай деп әңгімелейді: «Әркім өзі білетін қызықты әңгімесін айтсын, ал әңгіме, білмейтіндер өзінен басынан өткен ең қызықты оқиғасын айтып берсін…» деген ұсынысын еске алады да, өзі айтып берген бір қанды оқиға «Ілиясты да қатты түршіктіріпті. Кейін сол менің айтқандарымның негізінде «Қожабек нәшәндік» деген әңгіме жазды, ол басылып шықты да, бірақ соңғы бес томдық шығармалар жинағына кірген жоқ. Ол кісінің жазуына қарағанда менің айтқандарымның біразы өмір шындығына  ұқсастау да шыққан–ау деп ойлап қалам»,-деп шығарма арқауына айналған әшейінгі әңгіме–дүкенді еске алады. Академик М.Қаратаев — Ілиястың өмірі мен творчествосын зерттеген адамдардың бірі. Өзінің бір естелігінде Ілиястың әңгімешілдігі туралы: «Сырт көзге Ілиястың тұйық  адам көрінуі әншейін білместік. Ол барлық асылын, әдемісін ішке жинайтын, тереңге сақтайтын ардагер екеніне сол жолда анық көзім жетті. Шынында ақынның сырттай «тұйықтығы» оның ішкі бай рухани дүниесінің қақпағы ғана беріктік пен бекемдік екен. Бір сенген, бір шешілген адамның алдында Ілекең ғажап, сыршыл, әңгімешіл, сөз тапқыш, әзілдегіш адам екен»,- деп жоғарыда айтылған қасиеттерді растай түседі. Ілияс-тек шебер айтушы ғана емес сонымен бірге көрген – білгенін, естігенін шебер жазып жеткіз білетін талантты прозаик жазушы.    
       Ілияс өзінің замандас жазушылары сияқты әдебиеттің түрлі жанрларында еңбек етті. Ілиясты классик ақын десек те, проза  саласында әңгіме, сықақ, очерк, роман, драматургияда бір актылы пьесадан бастап ірі драмалықшығарма жазғаны белгілі. Әдеби сынға да араласып, көркем аудармаға да  үлесін қосқан үлкен жазушы.
      Әдебиетке әрбір суреткер өзіне ғана тән тағдырымен келеді. Мектептік, өмірлік білімнің әсері де, әдеби дәстүрдің үлгі-өнегесі де, өмірді танып-білудің шама-шарқы да жазушының творчестволық ерекшелігіне ықпал етпей қоймайды. Ілияс әдебиет әлеміне, оның ішінде әңгіме, повесть жазуға бірталай өмір тәжірибесінен өтіп,  көп нәрсені өзінше екшеп, пайымдап, түсініп, әдебиетке өзінің өмірлік өнері екендігін сезініп келген адам. 
     Жазушының айтуы бойынша, «Әдебиетке деген құштарлығы совет өкіметі орнап жатқан кездегі  басынан өткен жақсы, жаман қылықтарды суреттеуден оянған». Ілиястың әдебиетке келу жолдары сан-салалы, оның ішінде халқымызыдың ауыз әдебиеті де оның шығармашылығына үлкен әсерін тигізіп, жазушының көптеген туындыларына шырай берумен қатар, болашақ қаламгерге жол салып бергені анық.
     Ілияс ауыз әдебиетін оқып, одан үйрегені де мол. Бұл жөнінде академик Қаратаев: «Ілияс қашанда халық ауыз әдебиеті дәстүрінен қол үзбей, қайта жаңалыққа бейім жаңғырта отырып, реалистік образ нақтылығына, адам сезімінің дәлділігіне психологиялық нәзіктілігіне бірте-бірте ойыса берді. Бұл процесс азамат ақын идеясының қуатын әлсіреткен жоқ, қайта күшейте берді» десе, Тұрсынхан Әбдрахманова бұл жөнінде  айқиқатқа үйлесімді ой тұжырымдапты: «Ілияс ана тілін жетік білгендігіне және оны ұршықтай үйіріп, қынаптап суырған қылыштай жарқылдата, дегеніне көндіріп, қалауынша пайдалана алатындығында»-дейді. 
      Олай болса, Ілияс тілді, ойды, әдебиетті өз халқынан оқыды, халқынан үйренді, эстетикалық ләззат алып, оның өзіне ұнаған, көңіліне ұялағанын ой таразысына салып, «Шапан жауып», өз халқына қайта қайтарды: 
«…Ежелден ескермеуші ем елдің сөзін,
Бұлақтың тазалауға тінтіп көзін.
Бар ма деп ашпаған сыр, айтпаған жыр,
Құлақты қырға тігіп жүрген кезім…», -деп, халықтың мұрасына деген ыждахат, құштарлығын осылай білдіреді. 
      Бұған қоса бала кезінде әкесі Жансүгірдің жинаған әдеби мол мұрасы да өз жәрдемін тигізеді. Оның ішінде батырлар жыры–Қобыланды, Алпамыс, Ер Төстік, Ер Тарғын, Ер сайын, Құламерген жыр дастандарымен қоса махаббат дастандарын Қыз жібек, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, шығыстың қиса әңгімелері – «Мың бір түн», «Тотының тоқсан тарауы», «Мұңлық пен Зарлық», сондай-ақ Алдар көсе, Жиренше, Сары мен Қосай шешеннің сынақтары, Төле би мен Бөлтірік батырдың нақылдары мен қара сөздерінің неше алуан түрлерін бағамдап одан мол рухани қазына алады.
      Ілияс мұны місе тұтпайды. Оқуын әрі қарай жалғастыру мақсатымен 1920 жылы Алматыға келіп, мұғалімдер даярлайтын үш айлық курсқа түседі. Осы тұста халық мұрасын фольклорды жинау науқаны шығады. Бұған түрткі болған 1917 жылдың үшінші  желтоқсандағы «Россия шығыстың барлық мұсылмандарына арналған үндеуінен кейін» совет жазушылар құрамы, Композиторлар одағы, халық шығармашылық үйі, мәдени, ағарту мекемелері мен ұйымдары халық фольклорын жинауға кіріседі.
      1921 жылы Түркістан Республикасы халық ағарту комиссариаты жанынан құрылған ғылыми комиссияны белгілі түрік танушы –фольклорист Ә. Диваев басқарып, ел ішінде шығатын экспедицияның мүшелеріне арнап арнаулы бағдарлама дайындайды. Оны қазақ АССР халық ағарту комиссариаты арқылы жер-жерлерге таратып, игі ісіне сауатты оқыған азаматтардың жаппай қатысуын сұрайды. Өзі Жетісуға келіп, ел әдебиетін жинайтын экспедицияға  жетекшілік жасады.
     Осы тұста үш айлық мұғалімдер курсында оқып жүрген бірнеше жастардың ішінде Ілияс та экспедицияға қатысқан еді. Ілияс Қапал, Лепсі уездерін аралап, ел ішіндегі  ауыздан-ауызға ауысып, сақталып қалған тұрмыс-салт жырларды, мақал-мәтелдерді, өтірік өлеңдерді, Сүйінбай, Түбек, Құл, Орманбай, Бақтыбай ақындардың айтыстарын, Әсеттің әуендерін, тарихта болған адамдармен жер–су аттарына  байланысты аңыздарды қағазға түсірді. Халықтың  талайдан ғасырдан-ғасырға созылып жатқан бай мұраларына көңіл  тоқтатып қана қоймай, Диваевпен сырласып, пікірлесе жүріп, өзінің ауыз әдебиетіне деген көзқарасын біржолата  қалыптастырды.
    Осының бәрі өзінің халқының тарихын жақсы білуіне, арғысы мен бергісін салыстыруына, жеке аңызға, оқиғаға байланысты шындыққа  көзін жеткізуге көмектесті. 
    Ендігі кездегі мақсаты ел әдебиетінің асыл нұсқаларын өз халқына ұсынуды мықтап қолға алу болды. Бірақ өзіндегі архивті реттеуге, саралауға, сала-саласымен жүйеге келтіруге көпке дейін мүмкіндігі болмай жүрді. Оқу, іздену, күнделікті қым-қиғаш істер Ілиястың көп уақытын алып отырды. 
     Қажым Жұмалиевке айтқан бір кеңесінде халық мұрасына деген ықыласын былай деп өрбітеді: «Жазушылық тілде өмірдегі әдемілік, жан сезімінің тербелісі, күйініш-сүйініш–бәрі де тіл арқылы жеткізілмек. Халықтың бай тілінен керектілерін талшықтап ала білген адамның ғана жазушылыққа қолы жетпек. Онсыз әдебиет жасалмайды. Тіл таңдау да оқуды, тәжірибені қажет етеді». 

Жазушының алғашқы әңгімелерінің көркемдігі

     Алғашқы әңгімелері – «Күң өлімі», «Шешілмеген жұмбақ», «Саудагердің тамашасы», «Мерген бөкен», «Ташкендікке тарт»-1920 жыл мен 1928 жылдардың ортасында жазылды. Бұл еңбектерің ішінде Азамат соғысы кезі, сол дәуірдегі қазақ елінің басынан кешкен жағдайларының өзгешелігі бейнеленгендігі бар. Солардың бір сыпырасы өзі көрген – білген белгілі дәрежеде өзі сүйетін, өзі ардақтайтын мазмұндар. Сонда да болса болашақ жазушы бірден жазушылық  жолға түспейді. Әлі де байқап көрейінші дегендей өмірден де кітаптан да көп қазынаны ойға түйе  береді.
     «Білім мөлшерім, өмір соқпағым, шет жұрттың әдеби қазынасымен  танысуға әлі мүмкіндік бермей келеді» деуіне қарағанда, әлі де болса өзіне қанағаттанбағандығын байқаймыз. Дегенмен, Ілиястың сол тұста өзінің хал-қадірінше әлемдік әдебиеттен хабардар болған төмендегі деректер жоққа шығармайды.
      Мәрзия Ильдарова –кеңес өкіметі  тұсында түрлі қызметте болған, көз қарақты, білімді адам. Өз естелігінде Ілиясты 1918 жылы Ақсудың батысындағы Қайнар дейтін елдің мешітінде орыстың және батыстың атақты классиктерін оқып отырғанын көреді. Кейін сол кітаптардың бірқатарын аударып қазақша сөйлетеді.
      Ол кітаптар XIX ғасырда жарық көрген озық ойлы авторлары Л.НТолстойдың «Семья», «Бақыт неде?», Салтыков–Щедринның он екі томдық жинағы, сол сияқты И.А. Гончаровтың, А.П. Чеховтың, И.С. Тургеневтің, К.С. Григоровичтың, М.А. Лесковтың, В.А. Жуковскийдің, А.К. Шиллер-Михайловтың, Ф.М. Достоевскийдің, В.Г.Белинскийдің т.б.ақын –жазушы, сыншылардың шығармалары болған. Сонымен қатар XIX ғасырдың аяғына дейін және ХХ ғасырдың  алғашқы он жылы ішінде орыс тіліне аударылып үлгерген әлемдік әдебиет өкілдерінің де шығармалары көп кездескен. Мысалы, Г.Гейненің алты томдық  жинағы, сол сияқты Вальтер Скоттың он төрт томдық жинағы, М.Сервантестың «Дон-Кихоты», Фердаусидың «Сохрабтың тарихы», А.Доденнің повестері мен әңгімелері, бір ғана Жюль Вернның шығармаларынан жиырма төрт кітап болған.
      Сөйтіп, мұсылман дінін уағыздауға арналған Қайнар құмындағы мешіт әлемдік әдебиеттің асыл қоймасы болып шыққан. Мұны судан сүзіп ішкен тума талант Ілияс әлемдік әдебиеттің түрлі әсем үлгілерін өз қолына ұстап, өнегесінен үйренген, еркінше оқып, еміне сусындаған. 
Қысқасы, Ілиястың тұңғыш шыққан жыр жинағының жайы солай болса, бұл оқиға оқу бітіріп келген жастың  кейінгі қалам сілтесіне ешбір нұқсан келтірген жоқ.  Керісінше, қайта өршеленіп, поэзия өлкесіне батыл қадам жасауына ықпал етеді.   Сағат санап өскен жаңа өмірдің  әр қадам қарқынынан қалмай, қарымды, жақсы жыршысы болу үшін өлең топтамаларын үдете жаза түседі. 
          Сонда Қайнар мешітіне  бұл  қазына  қайдан  келген?
Жетісудың жергілікті  халықтарының ішінде  ертеректе  оқып, білім алған  ұлт  өкілдерінің  бірі-Барлыбек Сыртанов. Ол  өткен XIX  ғасырдың соңғы  жылдарында  орысша  оқуға  шақырылап, Верный  гимназиясын алтын  медальмен, Санк-Петербург университетінің  араб тілі  факультетінің  күміс  медальмен  бітіріп, ХХ ғасырдың   алғашқы онжылдығы ішінде Жетісу  облыстық   басқармасында тілмаш  болып  қызмет атқарған. 1905-1907  жылдардағы  бірінші орыс  революциясының ықпалымен патша өкіметінің  саясатына  қарсы болып,  жергілікті  қазақ-қырғыз арасында  саяси-ағартушылық  жұмыстар   жүргізгені үшін  1908-09 жылдары  қызметінен  қуылған. Сөйтіп,  Ақсу ауданындағы Сүттіген  ауылына көшіп келген Барлыбек Санк — Петербургте  сатып  алған  әлемдік  әдебиеттің   алтын қорына  2000 кітапты елге артып  ала  келеді. 1909 жылдан өзі  қайтыс  болған  1914 жылдың  аяғына  дейін  «Қарағаш» мектебінде  оқып  жүрген  қазақ  балаларына  орыс тілі  мен  әдебиетінен  сабақ  берсе керек. Өйткені, Барлыбектің  баласы  Сыртанов Кәке  өзінің  жазба  естеліктерінде «мұғалім болып жүргенде Ілияс Жансүгіров   Барлыбектің  кітаптарын алып,  сақтап  жүретін» дейді. Ал  сол  жылдары  Ілиястың «Қарағаш» мектебінен  оқығаны  белгілі.
      Проза саласына дендеп кету, өндіріп жазуға жоғарыда айтылған  жайлар  мүмкіншіліктер  берсе де, Ілияс  поэзия  «құшағынан» шыға алмай, қара сөзге  біраз  жыл  жақындай   қоймады. Әрине, бұдан  да  басқа  түрлі   себептер болған шығар, бірақ  сол себептер ішінде  академик  Зейнолла  Кабдоловтың  «Сөз  өнері» атты кітабында «Проза – қазақ әдебиетінде  кешеңдеу  туған,  бірақ  орасан  шапшаң  дамыған  сала» десе, осы  ойды қуаттайтын Әмен  Әзиевтің  «Қазақ  повесі  және  осы  жанрдың совет  дәуірінде  туу  және   қалыптасу  кезеңдері  атты»  еңбегінде  «Рас,  қазақ  прозасы 20 —  жылдардың  алғашқы  жартысында  бірден  дамып  кете алмады. Бұрынғысынша  поэзия  алғы  шепте  тұрды. Ұсақ  новелла, әңгіме  жанрларындағы шығармалар  болмаса, повесть,  роман сияқты   көлемді  туындылар әлі  жазыла   қойған жоқ еді» деген  пікірінде  ойланарлық жай  жоқ  емес.  
    Солай  десек  те, поэзия Ілиястың  прозалық    шығармаларына  жаңа түр, форма,  бейнелеу, суреттеу компоненттерін беріп, өмір  фактілерін жай ғана әсерсіз, ажарсыз   жазудан  аулақ  етуге  жол  салды.
       Тағы бір себеп,  сол тұста  кәнігі  әдебиетші дәрежесіне жете қоймаған,  жазушылық  қазынасының сыры түгел  ашылмаған  жас  жазушы поэтикалық творчествосының әр  түрлі барып  барлау жасады,  яғни  іздену  жолын  басынан  кешірді
       Жоғарыда  аталған  алғашқы  әңгіме,  повестерін  және   кейінгі  жазылған  ірілі-уақты  прозалық  шығармаларын  Ілияс  1920 жылдары газет-журналдар  бетіне  шығара   бастайды. Бұл  әңгімелері  көбіне-көп  кедейліктің  тауқыметін   тартқан  жалшылар. Сол  қоғамда  өмір  сүрген  әйелдердің  басындағы  ауыр хал,  қазақ  ауылындағы  ескіліктің етек  алған  түрлі  көріністерін  бейнелеу,  сынау,  әшкерелеу  тенденциясы  шағын  көлемді  прозасының  арқауы  болып  отырады.
       Оның  көрінісі  алғашқы  туындыларының  бірі — «Күң  өлімінен» айқын  байқалады. Ол 1922 жылы  жазылған.  Бұл  әңгімені қазақ  әйелдерінің тұңғыш  басылымы — «Жетісу әйелі» журналында  жарияланған. Онда  төңкеріске  дейін  күңдікте  жүрген Алқа  атты  әйелдің  ауыр  тұрмысы, қайғылы  халі  бейнеленген. Бұл  әңгіменің  шынайы,  боямасыз  болатын  себебі,  Ілияс  Алқаны  өз  көзімен  көріп, әңгімелескендігі туралы  дерек  бар /1965 жылғы «Жұлдыз» журналының №5 саны/ Алқа  жайында  былай  деп жазады: «Алқа егде  тартқан   кісі еді, өңі сіріңке  қара. Мінез  орнында  ерекше  қуаныш  минуты болмаса, қабағын ашып, ыржиып күлгін  емес.  Бөтен     қатындардай  не  болса  соны  сөйлеп,  өсек-  аяңға   үйір болмай, тиісті  кезекте  ғана  сөйлейтін. /Бұл қасиеті   жөнінде  әңгімеде де талай  айтып  өтеді/ Егер  бір  сөйлесе  тізбегін  әдемілеп, ұзақ-ұзақ  сөйлеп  кетуші еді. Сөзінің  көбі  өз  басының  мұңы  болатын.  Мұның атының  Алқа  екенін  үйі аралас кісі  білмесе, сырт  кісі «Сандыбайдың күңі» дейтін.
      … Алқа  Сандыбайдың  ауылы  күзгі  күзекке қонса,  қора күзететін.  Балаларын  от  басына  орап  алып,  күзгі  ұзақ  сары  таңда  қара  қиды  қалап қойып, түйенің  жабуын, қошқардың  күйегін,  қойшылардың  шарығын  сырып  отырушы еді. Міне,  бұл уақыттта  Алқа апайдың қасына отырып «әңгіме  айт» деп жалынғанда,    аузымыздың суын  құртып,  әдемілеп,  тәтті — тәтті  әңгімелерін ұзақ сөйлеп  беретін» дейді.
     Жазушының  өмірінде кездескен әңгіменің майын тамызып, нақышына келтіріп  айтатын  адамдар  аз болмаған.  Ілияс сондай адамдардың  талайының  тыңдап та,  сөйлетіп  те  көріп,  әңгімелерінің  желісінің  қызықтысын, шұрайлысын  өзінің көркем шығармасына   айналдырып  отыратын әдеті  осы  туындыда жақсы көрінген.
        Ілияс  бұл  әңгімесін «ең  алғашқы  туындыларымның  бірі»  десе де,  шығарма  желісі ширақ,  оқиға  тартымды  жазылған. Әдетте,  жас  қаламгердің  алғашқы   шығармаларының ішінде  көптеген  шикіліктері  әр  жерде  көрініп  тұрса,   бұл  әңгіменің  бір  ерекшелігі- бір  бірімен  астасып  кететін  ұтымды  тартымды  оқиғаларды  сәтті  пайдаланып  оқырманды  бірден  баулап  алады.
       Әңгіме кейіпкері Алқаның  бет-бейнесі, мінез   ерекшелігін  суреттей келе, оның «Сандыбайдың күңі» екендігін бадырайта  көрсетеді. Алқаның кейпін   ағарту  үшін   күйеуі  Қырықбайдың  құл  болып  зорығып  өлгенін,   балалары  Маржан  мен Қасеннің әйтеуір   өлмеген пенденің  күйін  кешіп  жүргендігін  сөз  арасында  баяндап  қойып  отырады. Сонда  күң  мен құлдың  аянышты  тағдыры  көз  алдыңа  келіп,  оның  балаларының  болашағы алаңдата бастайды. Өмір  шындығының  шынайы  суреттері әрі  қарай  ынтықтыра,  шығарма  шырайын  әрлендіре түседі.
      Әңгіме  фабуласының  түсінікті, әр  қысқа-нұсқа  болуына  жазушы  айрықша назар аударған. Мұнда А.П.Чеховтың  әңгімені қысқа   қайыру әсері  де  байқалынады. Әр оқиғамен суреттеуді аяқтай келе,  бұл  осымен бітті, келесі айтарымыз мынау еді деп,  бөліп-бөліп  бергенінен  әрі  қарай созбауым  қажет, жалықтырып алуым мүмкін деген ой  жазушының әр  уақыт  мазалай  бергені  сезіледі.
      Соншалықты  ұзақ  уақыт  аралығында  орасан зор   кеңістікті  ала  отырып, жазушыны ең алдымен  ықшамдылық,  мейлінше  тұжырымды  болу талаптарын көркемдік келісім, лаконизм заңдылықтарын  ескерген. Талант күшін, дарын  қуатын бейнелі  образ, нақты  сурет, картина  арқылы  көркем   ой  айтуға  жұмсалған. «Сандыбайдың  күңі» Алқаның  бүкіл  ғұмырын жиып-теріп  шағын  көлемге   сыйғызу  қанша  күрделі  болса,  штрихты  суреттеумен  бейне  жасауға  күш  салғанын    жазу машығынан  аңғарылады.
      Әңгіменің алғашқы бөлігінің Алқаның  өмірін,  күнделікті тіршілігін,  бүлдіршін балаларын бейнелесе, екінші бөлігінде «Айлар өтті, жылдар өтті. Дүние  дөңгелегі тоқтаусыз өзінің  зырлауында. Жас өсіп,  жарлы  байып,   кедей  бай  болып,  бай  кедей  болып,  тұрмыс   жаңадан  жаңаға  айналып кетті…» деп,  талай  уақыт  өтіп,  Алқаның  қартайып,  балаларының  бойжетіп,  ер  жетіп  қалғанынан  хабардар  етеді.
       Өмір логикасы өзгермейді. Күң  күң  болып қалуы   керек. Оның  ел  қатарлы  тіршілік  жасауы,  өзімен-өзі  өмір  сүріп  кетуі күңдікке  жанаспайды. Ол  сол  Сандыбайдың  есік  алдында  отымен  кіріп, күлімен  шығуы  керек. Оның  санасы  соған  әбден   үйренген. Балалары да сол.  Байдың  айтқанынна шықпай орындау-олардың  әке — шешесінен  қалған  әдет. Тіпті, Маржан — он үш жасында  Сандыбайдың кіші тоқалының  төркінінің  жақыны  Жапар  тазға   Жоңқабайдың  ұйғарымымен  ұзатылып  кете  бара  жатып  «мен  бармаймын» деген  бір  ауыз  сөз  айту  қаперіне кірмейді.  Күң  Алқа  да  үнсіз,  ер  жетіп қалған Қасен де  үнсіз. Сандыбайға  қарсы  сөз  айтуға «сүйектеріне таңба» түсердей қорқады. Қызынан түскен қалың мал да Сандыбайдың көп малының арасына қосылып жұтылып кетеді.
       Талай уақыт өтіп Алқа Маржаннын сағынады, барғысы келсе де, қызының кеткен жағын, барған елін білмейтін, сұрап ал алмайтын сорлы маңдай күң. Анда-санда көзінің жасын сорғалатып от басында ғана сағынып жылайды. Кеткеннен кейін Маржанын көрген жоқ. Ешкімге де зияны жоқ, «…бөтен қатындардай не болса соны сөйлеп, өсек-аяңға үйір болмай,тиісті кезекте ғане сөйлейтін», құдай алдында күнәсі болмасада, Алқаның өзінің көкірегінен шыққан баладан тірідей айырылғанын жазушы көңілге қонар детальдар арқылы өте шебер бейнелеп берген.
        Көз шырағындай болған жалғыз ұлы Қасен қасында ғой дегеніңізбен, оған да кездейсоқтық тап болады.
       «…Жасы азырақ кемірек болса да Жоңқабайдың нұсқауымен жазушының қаламы бір түртіп, жасын жеткізіп кеткен…Сандыбай да Жоңқабай да Алқа мен Қасенді алдап-сулап,бар жақсылықты орнатып «бір айда» қайтып келесің», — деп, жыпылдап «көнбесеңде жазылдың, оны өшірмейді»,-деп күң мен оның баласы қорқытып, алдап жасы толмаған жасты әскерге жөнелтеді.
       Күң жылайды, күңіреніп зарын айтады, Қасеннің қарасы үзілгенше арттарынан қарап тұрып, қара жерді құшақтап «мен енді айырылдым» деп жылайды. Одан басқа не шара, қолынан не келмек? Міне, содан бері Қасенді көрген жоқ деп жазушы осы әңгіменің бөлігін аяқтайды. 
      Ия, Алқаның маңдайындағы соры екі елі. Қызынан айрылғаны аздай, енді жалғыз қуанышы Қасен азулы екі аяқты арландардың кесірінен көзден таса болмақ?
      Жазушы оны әңгіменің келесі бөлімінде баяндамақшы, өміріндегі көрген қорлығы қожайындарының тегеурінді тізесі басына түскен ауыртпалығы жасы жетіп, сүйегі жасып, қайраты қайтып бұрынғыдай қызметке жарай алмай сүйретіліп жүруі жаныма батады. «Жасынан жылы төсек үй көрмеген Алқаның қайратты денесі ауруға шалдығып денсаулықтан айрылған … нашарлаған … сыңқылмен осы жылдың қысына қарсы дағдылы жер төсегіне ауыру халінде мұз денесін төсеген…». Жазушы Алқаның аянышты қалыңдаған үстіне қалыңдата түседі. Бұған өмірдегі реалистік жайды шынайы, көркем бейнелей отырып, Алқаның сүреңсіз, күңгірт өмірін кей тұста натуралдық деңгейде көрсетеді. 
      Басына түскен ауыр түнектен арылуы мүмкін емес. Өйткені қасында жанашыры жоқ. Енді Сандыбайдың өзі де, қатын-баласы да Алқадан жиіркеніп, жақтырмайтын болған. Күн суық, аяз, аңырайған шошалада жалғыз өзі. Бұнда от жағылмайды. Бұған ешкім келмейді. Жиіркенеді. Ішейін десе сусын жоқ. Жылынайын десе от жоқ. Боран үсті – үстіне уілдеп жанды үздіктіруде… Үстіне жамылғаны – Сандыбайдың үйінің тозған торлығы. Ыңырсып, ыңқылдап балаларын шақырғысы келеді. Бірақ оның дауысы боранның гу-гуіне араласып естілмейді. «Қасен!» деп қояды. Үн жоқ. Күрсінеді. «Жаным… Қасенім… Келдің бе?»-дейді. Көзі алайды. Еріндері тырысты. Күннің үлгісі келмейді. Қасеннің, Маржанын көріп бірақ жер жастанғысы келеді. Олар қайда, Алқа қайда? Сүйектеріне сіңген әдет халықтан шыға алмайды. Шешелері өлім аузында өздері белгісіз қайда жүргендері? Олардың да күні осылай бітер ме екен? Белгісіз? А-а-а-һ деді… Соңғы дем бітті алайған көзі ажарсыз тартып, жарықтың жіңішке жабығына қарап нұры үзілді». Міне, шығармада күң өлімі күңдікіндей болуы керек деген шығар деген идея қаламгерде о баста болғанын жорамалдасақ, оны шегіне жеткізіп шынайы нанымды, көкем жаза білу қаншама күрделі /жас жазушыға/ болса да, жазушының бұл ойы іске асты деуімізге әбден болады.
       Ілияс Жансүгіровтің «Күң өлімі» қазақ әйелдерінің аянышты, жалшылық, күңдік өмірі туралы жазылған, сюжеттік және композициялық тұтастықты сақтаған, тілі шұрайлы образдары дараланған шығармасының бірі десек, жаңсақ кетпеген болар едік.
       «Жедел жәрдем» әңгімесі жазушының алғашқы туындыларының бірі. Жазушы әңгімеге Мажыра деген жас әйелдің басындағы ауыр оқиғаны негізге ала отырып, басқа қаламгерлер сияқты «науқандық тақырыптарға бойламай» /оқып-тоқып қиындықтарды жеңіп үлкен лауазымға, өкімет орнына жету немесе сүйгеніне қосыла алмай қайғы жұтқан әйел бейнесі, совет өкіметі арқасында сүйгеніне қосылған т.б./ондай  сентиментальдыққа ұрынбай, бірден оқиға үстіне түсіреді.
Босана алмай қиналып, көзі шарасынан шығып, қорқып жатқан жас әйелге жедел жәрдем керек болады. Қожа, молдасы көп, дәрігері жоқ, ескілігі етектен басқан қараңғы ауылдың жедел жәрдемі қандай болмақ? Бақсысы бар, балгері бар, босана алмай жатқан әйелді «жын буды», «пері қақты» деп, ауру жанның аяқ-қолын буып, періні қуып жібермек болып, неше түрлі ем-дом жасайды. Ұрады, соғады, сүйрелейді. Ақырында дүниеге келген нәресте де, ана да сол ескіліктің, надандықтың құрбаны болып о дүниеге аттанады.
Әңгімеде саяси астар да, социалистік реализм негізінде лайықтау да, әйел правосына нұқсан келеді-ау деген жалтақтау да жоқ. Бұл — өмірде кездесетін құбылыс, реалистік сурет, жанды оқиға, қазақ ауылында жиі кездесетін құбылыс немесе деректі әңгіме жанрына дәл келетін жазушының өз қиялынан шыққан туынды.
Ілияс Жансүгіровтің әңгіме, повестері – қазақ халқы өмірінің көп саласын қамтитын, әсіресе кеңес өкіметі жылдарындағы адамдардың тағдыры мен өмірі, тұрмысы мен мәдениетін суреттейтін, жаңа тұрпатты бейнесін бар қырынан ашатын көркем, мейлінше ашық, батыл жазылған бірқатар реалистік туындылар.Олар түрлі жанрлық сипатта жазылып, 1920-30 жылдары газет-журналдарда жарияланып, олардың бірқатары 1933 жылы толық жинағының 2 томына енді. Таңдамалы очерк, әңгіме, фельетондары 1935 жылы «Жол аузында» деген атпен өз алдына кітапша болып шықты. Олардың жалпы саны жиырма шақты. Кейбір сәтті, көркем шыққан әңгімелерін былай қойғанда, жазушы әңгімелерінің бірсыпырасы осы жанрда әлі төселмеген қаламынан туған жаттығулар сияқты, яки көркем шығарма ретінде жетілмеген күнделік тәрізді әсер қалдыратыны да жоқ емес. Мұнда адам образын жасау жағы жетпей жатады. Кейіпкердің ішкі дүниесі көп жағдайда ашылмай қалады. Адамдардың еңбегі типтік образдар арқылы түйіндеу жасалып қорытылмай, олардың ұзын сонар диалогтары арқылы жалаң беріледі.
Әрине, үлкен жазушы болып, оқырманын тарта білетін тамаша туынды жазу бір күнде бола салатын  құбылыс емес, ол үшін өзінің өсу жолы, даму ерекшеліктері сатылары болуы тиіс. Бұларды орнықтыру үшін аянбай еңбек етіп, қиыншылықтарды жеңе білу керек. Ал шеберліктің толысу процесі – даңғырап жатқан сара жол емес.
Осы мақсатқа жету жолында жазушының көп еңбек сіңіріп, сол тұстағы әдебиет сүйер қауымның көңілі мен жүрегіне тура жол тартқан әңгімелерінің бірі «Шешілмеген жұмбақ» әңгімесі. Бұл әңгіме 1923 жылы жазылып жарыққа шыққан. Бас-аяғы жинақы, нақтылы сюжеті бар, әзіл-қалжыңға толы, әңгіме жанрына жақын шығарма. Олай дейтін себебіміз−талдап, ой елегінен өткізгенде мұндағы персонаждың күлкілі жайттары, әжуа-мысқылға ілінуі. Юморлық әрекеттеріне қарап оны сатиралық әңгіме жанрына қоспай, реалистік өмірде болған оқиғаға негізделе жазылғанын ескердік.
Ал, «сатиралық әңгіме нақты ешкімді, өмірлік ешбір фактіні атамай, «осындайлар бар-ау» деген ойға түйген жалпылағыш сипаттағы факті, пікірге негізделіп жазылады да, әшкерлеуді емес, профилактика жасауды, жағымсыз қылықтардан алдын ала сақтандыруды мақсат етеді»,-дейді, Темірбек Қожакеев. Қаншама шындыққа негізделсе де фельетонды әңгіме жанрына енгізе алмаймыз. Өйткені, ол өмірден  «орын алып  отырған кемшілікті жою үшін»  жазылады.  «Шешілмеген жұмбақтағы» қара төренің де, қара төренің де, қасына ерген серігі ақынның да прототиптері бар. Оқиғаны баяндау барысында кейіпкердің әрекет-қимылындағы кемшіліктерден гөрі, табиғи болмысы, мінез құлқы көп суреттеледі. Сондықтан ол әңгіме жанрының қапталынан шыға алады.
Жазушы тоқмейілсіген, өзімшіл, ойы таяз әкімдердің қаншама үлкен лауазым, шені болса да оларға жаны қас екенін аңғартады. Әр түрлі қызметтерде болып, ел ішін аралап жүргендіктен, оның бәрін өз көзімен көріп, естіп-біліп жүргені байқалады. Сондықтан өмір құбылыстары, жеке адам басындағы күлкілі жайлар Ілиястың қаламынан бірде өлең үлгісінде, бірде әңгіме, новелла үлгісінде қатар шығып отырады. Мәселен, «Бейсенбек болыс» өлеңіндегі:
Ылаулап бір сындар ат мініп алат,
Сымпыстау келте киім киіп алат.
Өзгеге өзі айбынды көрінбекке, 
Мойнына бір сөмкені іліп алат,       
-деген көрініс «Шешілмеген жұмбақ» әңгімесіне көрініс беріп, советтік 
болыстың сыртқы келбетін аңғартады да, бейне жасауға талпынады.
        «Біз жотаға шыққанда сайды өрлеп соққан желдің өті Төреқұловты тоңдырайын деді-ау деймін. Менің басымда жалбағай тұмақ, кигенім күпі шекпен, ызғырық түгіл,боран соқса да қырт дейтін емеспін. Торы айғырдың белінде қайқайып отырғанда жолдасым қолын уқалап-уқалап, едірейте киген қызыл жиекті делегейдің астында қып-қызыл болып тұрған құлақтарын кезек-кезек ұстады. Мен жолдасымның атын білмейтінмін. Батпақтай ғып «Төреқұлов–еке» дегенге аузым бармайтын. Сөздің көбін «Сізбен» ғана алып жүретін де, қажет болғанда ғана «товарищ» дейтінмін»,-деп болар-болмас юмор араластырып, қырға шыққанда қалың киімнің орнына қызыл жағалы жұқа киім киіп, суықтан тоңған төренің сырт келбетін оқушыға көрсеткендей болады.
Күн бата нысаналы орынға да жетеді. Бұл орын − төренің көптен бері қонаға келіп түсетін, өзінің алдап-арбап «саған үйленем» деген сөзіне имандай сеніп жүрген Ырысбала деген бойжеткен қыздың ауылы. Төре қасындағы серігіне «анау отауы, анау үлкен үйі…» деп сыбырлайды. Айналада «… біздің кім екенімізді білмейтін иттер иттігін істеп, азан-қазан етіп аттың құйрығымен алысып жүр…» деп, жеңіл юмор араластырып, ауылдың қонақ келгендегі көрінісін суреттеп өтеді. Ас ішіліп, көңіл жайланады. Төре қағаз шығарып, шылым орайды. Ырысбалаға қарап жымыңдайды, көзін қылмың-қылмың еткізеді. Бір кезде төре қойға шапқан қасқырдай арбаң етіп, Ырысбаланың аш білегіне «шап» ете түседі. Бетін, мойнын иіскелейді. Серігі екеуін оңаша қалдырады.
Жазушы төренің қырға шыққандағы жаман әдет-қылықтарын бейнелей отыра, образын толық ашу мақсатына жету үшін енді оның көрсеқызарлық, парақорлық, іштарлық қасиеттерін бірте-бірте тарқата түседі. Ол үшін оны «көрсеқызар», «парақор» деп ашық таңбаламай, оқиға желісін бақылау ыңғайымен ұтымды детальдар арқылы төренің кескін-келбетін айқындайды.
Кеңес өкіметінің «сара жолын іске асырушы», сол ортадан шыққан үлкен шенеунікті сынап – мінеу бұл тұста өзіне қаншама қауіп пен ыңғайсыздық тудырса да, жазушы өз идеясын іске асыру жолында айтарын айта алмай кібіртіктеп, тежеуге бой ұрмайды. Төренің әр қимыл әрекеті мен сөздерін діттеген жеріне жеткізу үшін бейнелей көрсетіп, сол заман төрінде «ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс» деп жүрген өзімшіл, даңғой әкімдердің бейнелерін көз алдымызға елестетеді.
Төре Ырысбаланы алдап қолға түсіргеніне, оның ажарына көрінген ұрғашы сүріне жығылатынына мақтанып қарқылдап күледі. Тәуір көрген атты мініп жүре береді. Жұрттың қошеметіне дандайсып, мұрнын шүйіреді. Ол аздай ауыл пысықтарының «арқасынан қаққанын» місе тұтып, печаттаған мандат үшін берілген парадан қашпайды. Дәмесі көп жерде болғандықтан, оқыған сұлу, аппақ қыздарға көз тастап соларға ұмтылады.
Осылайша кейіптелген төренін Намазбектікіне құлшынуы «Шешілмеген жұмбақ» әңгімесінің түйініне бастар жол іспетті.
Төренің қасына ерген серігі ақынға «Намазбектің сұлу қызына өлең жазып бер» деп жата кеп жабысады. Серігі «жазамыз ғой» деп тартыншақтай береді. Өйткені, қызды өзі көрген жоқ, сұлу қызға ынтыққан төренің қопаңдап, қожыраңдап, екі аяққа тыным бермей теңселуінен өлең қалай тусын?… 
Ымырт жабыла көздеген ауылға жетеді. Үй алты қанат. Жасау-жабдықты, төрде−тіреліп жиған жүк. Екі мамық жастық темір кереуеттің үстінде құлағын едірейтіп тұр. Қаладағыдай үстел, оның үстінде − жиюлы құран,  кітаптар. Керегеде − айна мен самсаған түлкі. Намазбек заманында болған адам екені көрініп тұр. Ал қызы ше? «Астына көрпе төсеп, түлкі тұмақ киген, бұғағы салбыраған, көзге тоқ, сұлу қыз», қара төренің сонша ынтығып көргісі келген аруы осы.
Мал сойылып, ет асылды. Төре қыздың назарын өзіне аудару үшін саясаттың неше түрін соғып күпінуде. Ел тыңдап отыр. Сөз арасында халыққа қызмет істеп, жанын үзіп жүргендігін қыстырып қояды. Қыз аз ғана құлағын салып, тез жалыққан адамдай қыржың етті де, қолына кітапшаны алып оқып отыра берді.  Ас ішіліп, ел тарап, үй-іші жатуға кірісті. Далаға шыққан қара төре ақын серігіне «Үш күннен бері хат жазып бере алмадың. Адамшылығың кем екен ғой» деп қорсаңдайды. Қапалы, қабағы салбыраңқы, шылымын ширатты да орамады. Салынған төсекке жамылуға қойған қасқыр ішікті жұлқып-жұлқып үстіне тартып, тым-тырыс жатып қалады. Өйткені, алыстан аңсап келген қызға сөз қоса алмағандығы мен «ақын серігінің» хат жазып бермегендігі − арманын орта жолда қалдырғандай сезінді. 
Төре түн ұйқысын төрт бөліп басын көтереді, қайта түсіреді. Жүрегі алып ұшуда. Қызды оятуға жүрексінеді. Тағы да аунақшып қояды. Қайтерін білмей әбден дал болады. «Ақын серігі» хат жазып бергенде, мүмкін, рахаттанып тыныш ұйықтар ма еді. «…Менің жалқаулығымның да кесірі тиген шығар. Маған тісін сақылдатады», — деп жазушы айдарынан жел ескен, шешенсіп көп сөйлеген даңғой төрені аяқ астынан ғашық болған он бестегі бозбаланың кейпіне айналдырады.
Артық-кем сөз жоқ. Алдымызда махаббат күйігіне шарпылған, жүрегі әлсіреген, тізесі қалтыраған бозбала ертеңіне «ақын серігіне» өлең жаздырады. Ойынан шықпаған соң қайта жаздырады. Әйтеуір солардың ішінде біреуі көңіліне қонады. Сондағы ұнағаны – «Махаббат», «Құрбым», «Жүрегім» дегендер.
Хаттың жазылуы жазылды. Ендігі мәселе оны қызға жеткізу «бозбалаға» қиын тиеді. Үйге кіреді. Қыз жалғыз, төсекте қырын қарап отыр. Үй іші жоғалған малдың артынан кеткен. Төре төрелігін ұмытып, қолы дірілдеп, ернін жымқыра тістеп, екі көзі жаутаңдауы «ақын серігін» күлкіге буындырады. Бір кезде қыздың өкпе тұсына барып булығып «с…с…сізге!!!»деді. Қыз шошып жалт қарады. Ұсынған қағазды алып теріс қарап оқи бастады. Осы кезде қыздың әкесі келіп «қонақтарға шәй беріп аттандырыңдар, кешіккен болар!?» — деп тақақтайды. Төреге аттану қиын болып тұр. Отау жаққа жалт-жалт қарайды. Өйткені қыздың ешбір жауабы жоқ, соны күтіп тықыршиды.
«Қонақтың атын тарт! Аттандыр!» — деп қыз әкесі қақсап тұр. Аттарды шешіп көлденең тартты. Біз қайтерімізді білмедік. Аттанбауға, кідіруге түк сылтау таба алмадық. Түзге отырдық, шылым тарттық, сөзге жұбаттық. Хаттан дәйек  жоқ, қыздан дерек  жоқ. Аттанбасқа амал жоқ. «Ақын серігі» атқа мінді. Төре ауру кісідей сүйретіліп әзер мінді. Екі-үш дөң асқан соң жайдақ атқа мінген біреу қуып жетті. Хат берді. Төре қуанады. Ашып оқыса былай деп жазған екен:
«Құрбылық оңай жауап айтар сөзге,
Хұррият ұшбу күнде сіз бен бізге. 
Болмайды алтын ақық, ақық яқұт,
Арзандап тең болмайды алтын жезге.
Табылар іздегенге тастан меруерт.
Алланың жазуынан болмай өзге»,
-деп жауап қатады. Бір ауыз «сүйдім» деген сөз жоқ. «Сүймедім» деген сөзді өзіне жорымайды. Көмескілеу айтылған сөздер төренің миын шағады. Көңілі дал болып «ақын серігімен» ақылдасады. Онан сайын құмарлық дерті күшейе түседі. Қыз аулына қайта барғысы келеді. Өкінеді, күрсінеді, ештеңе түсінбеген бойымен екінші ауылға бет алады.
Әңгіме «жұмбақ шешусіз қалды» деп аяқталады. Жалпы алғанда, жазушының бұл әңгімесі − композициялық құрылысы берік, сюжеттік желісі тұтас, суреттеу, бейнелеу жағынан кәдімгі көркем шығармаларға қойылатын талаптарға жауап бере алатын тіні мықты шығармалардың бірі. Ілиястың бұл әңгімесі ертеректе жазылып, көзі тірісінде жақсы бағаланып, 1933 және 1935 жылдары, одан кейін 1963 пен 1984 жылдары шыққан таңдамалы шығармалар жинағына енгізіліп, басылып шықты. Бірақ әдебиет зерттеушілерінің назарына ілігіп, кеңінен әдеби талдау, талқыға салынған жоқ. 
1920 жылдардың екінші жартысында қазақ даласында ауылдың тұрмыс-тіршілігі өзгеріп, адам психологиясында үлкен сілкіністер болды. Бұрын малдың тұяғы ғана шарлаған далаға техника жетіп, теміржолдың салынуы, қала мен ауылдың мәдениет ошағына айнала бастаған жаңалықтары жазушының назарынан тыс қалмайды. 
Ескілікті қынжыла сөз еткен қазақ арасында жаман әдет-ғұрыптарды әшкерелеген жазушы өз заманының жаңалығына ерекше назар аударды. Қазақ жеріндегі техниканың, поездың, аэропланның пайда болуы қарапайым халықтың ойын сан-саққа жүгіртіп, түрлі нәрселерге жорып, таңғажайып тылсым күшке балап бір-бірімен әңгіме, сөз таластырды.
Ілияс бұл өзгерістерді көріп, халықтың арасында болған соң оның бәрін өз құлағымен естіп жүреді, оны әңгіме-очерктеріне арқау етеді. Мәселен, темір жолдың, поездың пайда болуына – «Шайтанарба», «Жол аузында», «Шоқпардың шоқтығында», «Төрт жолдың торабын» жазса, киноның шығуына байланысты «Мың мылқауға тіл бітті» атты очерктерін дүниеге келтіреді. Ал аэропланның пайда болуына байланысты «Қойшы мен аэроплан» (1923 жылы) деген қызық әңгімесін жазады.
Әңгімеде ауылдың жуаны Тоғызбайдың қойшысы Батырбектің бір күнгі өмірі суреттеледі. Батырбек − қырықтың алтауына келгенше үйленбей, Тоғызбайдың қойының соңында жүрген момын қойшы. Жаңа өкімет келсе де, өзіне бостандықты дәме етпей, өмір бойғы жиған серкештерінің басын қосып түгел жазға салым он үшке енді толған жас қыз Күлипанның қалың малына береді. Күлипанның әпкесін бесікте жатқанда-ақ айттырғанымен ол он үш, он төртке келгенде қайтыс болады да, оның сіңлісі бойжеткенше талай уақыт тосып, жасы қырықтан асқанда осы әйеліне қолы әрең жетеді.
«Күлипан ешкінің шыбышындай қара бұйра қыз. Бәкең Күлипанды бала қылып еркелетеді. Келіншек қылып жұмсайды. Қойшы қойдан келген соң ұзақ таңға Күлипанын еркелетіп шығады. Күлипан түске дейін тұрмайды. Еркелік бар, еріншектік те бар Күліште», — деп автор әңгіме басын жеңіл әзілмен бастайды. 
Момын, жуастығы сондай, таңертеңгі мәзірін ішу үшін жас келіншегінің ұйқысын қимай, «топатай шелекке ұйытқан айранын шала–шарпы ішіп, уқалаған насыбайын шонтайға салып, жуан таяқты тақымына қысып, өгізге мінеді». Өгізбен аяңдап қойына жеткен Бәкең аспанға қарағанда аэропланға көзі түседі. Өзіне тән ақкөңілдігі мен аңқаулығына басып, иен далада ішкі эмоцияға беріліп өзімен-өзі сөйлеседі: « — Астапралда! Астапралда! Бұл қай құс? Астапралда! Айырбұлаң! Ой жасаған-ай! Айырбұлаң деген осы екен-ау», — деп таңырқайды. Аэроплан Қордайдың аспанын баса-көктеп сырылдап сырғанайды.Бәкең бәрін ұмытады. Қойды да, қасқырды да, астындағы  өгізді де, тіпті басқаға көн жүрегі жібімейтін Күлипаны да ұмыт қалады. Көңіл шіркіннен жүйрік, жылдам не бар, аэроплан бір демде көз алдында оның қиялына айналып сала берді. «Ой, алдай! Темір ме екен, ағаш па екен? Ішінде адам бар сияқты ма? Орыс қой, қазақ айырбұлаңда ұшпаққа қайда? Әлде комиссар ма екен? Әлде Союзқосшыға жазылсам, байдан шығып қалаға барсам, оқу оқысам, үстелге шығып сөйлесем, мен де комиссар болар ма едім-ау! Мені де осылай айырбұлаңмен Ташкент пен екі ортаға тасымалдар еді-ау. Мен де осындай болып Қордайдағы қойшының төбесінен ұшып өтер едім, дүние-ай!» — деп ой-қиялын шарықтатады.
Жазушы қойшының ой-арманын бейнелей отыра, өзіне жарасымды мінез-құлық штрихтарын оның ішкі психологиясымен астастыра береді. Қойшының күнделікті көріп жүрген шаруасын жеңілдетуге аэропланның ролін де әңгіме желісіне енгізіп, оны қойшының қиялы етіп көрсетеді. Мәселен, аэропланды бірде жүйрік ат десе, бірде онымен әуедегі қазды, қарға-құзғынды қуар ма еді, бүркіттей түйіліп қасқырға қанды тұмсығы тиген кезде, қақ төбесінен түсіп, қара тұмсықтан салып жіберсе ғой дегізеді. Тіпті қиялдай келе, оны шөп жемесе, шөлдемесе, арқасы кетпейтін болса, қойға көлік қылып та алады.
Жеңіл әзіл-оспағы бар осы ішкі толғаныс қойшының психологиясын әбден ашып тұр. Заман, өмір, қоғам туралы ойлауға оның санасы әлі жетпеген. Жалшылық тұрмыс әбден етінен өтіп, сүйегіне жеткен Бәкеңдер қазақ ауылында әлі де бар. Осы жағы жетпей жатады демесек, әңгіме-сюжеттік желісі, композициялық құрылысы жағынан тәп-тәуір шыққан туынды.
Жазушы әңгімеде ұтқыр да тапқыр салыстырулар жасайды. Мысалы, төбе басындағы аэропланға қарап отырған «Бәкеңнің нашар көретін, жанары қайтқан көзіне аспан көгілдір көл сияқты, ақ шарбы бұлт−көбігіндей. Ана аэроплан көбік астындағы тұйық суға сүңгіп жүрген балық…» — дейді. Бұл салыстырулар, сөз жоқ, прозашыға тән көрегендік пен ақынға тән сезімталдықты айқын аңғартады.
Әңгімеге жазушының тағы бір көзге түсер ұтымды, көркемдік қуатын арттырытын белгісі − туындының қорытынды бөлігі. Онда Батырбек қойшының қиялға беріліп, астындағы өгізді ұмытып кетіп, өзінің әдетіндегі «ех» дейтінімен қолындағы жуан таяғы өгіздің басына сарт ете түскенде, жайбарақат шөп жеп тұрған жануар шошып, атып кеткенде қойшының жерге топ ете түсетіндігі, сөз жоқ, езу тарттырыды, аңқаулықты ажарлайтын күлкі шақырады. Сырттай бақылаған адам ғана емес, тіпті момын, ақкөңіл қойшының өзі де даладағы ерсі қылығына бір күліп ап, өгіздің басын ұстайды. «Аэроплан − Алматыға, қойшы − қойына кетті» — деп, жазушы сәтті сөз өрнегімен әңгімесін кілт тоқтатады.
Қазақ жалшыларының өмірінен жазылған тағы бір әңгіме – «Бадырақ». Бірақ бұл ұзақ әңгіменің аяғы бітпей қалған. Әйтсе де, әңгіменің біткен бөлімдерінде жазушы қазақ қойшыларының Бәкең сияқты санасына әлі жарық саңылауы бармаған кезін суреттейді. 
Әңгімедегі Бадырақ деген қойшы өз қожайынының шаруасымен айналысып, ештеңеден хабары болмай заман өзгерісін түсінбей жүре беретін қарапайым адам ретінде суреттеледі.Тап тартысы жүріп жатқандықтан, біреулер ақтарды, біреулер қызылдарды мақтайды. Солардың арасында жүрген Бадырақ олардың әр түрлі сөздерін тыңдап, не үшін дуылдасып жатқандарын түсінбейді. Оның білетіні — өзінің қожайыны не айтса, соны орындап, адал қызмет ету, ол үшін оған киім, тамақ береді, қыста далада тоңдырмайды. Бадырақ ұзақ жылдан бері осы мимырт өміріне әбден көндігіп, оны әрі қарай жалғастырары хақ еді. Бірақ оның еш өзгеріссіз тіршілігі аяқ астынан тас-талқан болады. Жазушы оның себебін көрсету үшін мынадай оқиғаны баяндайды.
Оқ-дәрі тартып, ылаудан келгеніне он бес күн. Аш-жалаңаш қамалып жатыр. Жаман-жұлба тонының етегі − төсек, жеңі − жастық, жамбасы − мұз, қойны − қар. Түнде Кенже дейтін ел оның күзетіндегі он бір түйені ұрлап әкетеді. Сол үшін Сақыбайдың Мұқашы әке-бабадан түк қалдырмай сыбайды. Солдат мылтықтың дүмбісімен түйіп, тепкінің астынан алады. Соққыдан көзі қарауытып, үсті-басын қан жауып, есінен танады.
Міне, осы ситуация Бадыраққа кімнің кім екенін бірте-бірте аңғаруына мүмкіндік береді. Жазушы оны жаңа қоғамның «Жаңа адамына» айналдыру үшін ескі өкіметтің жуан жұдырықтарынан жапа шектіреді. Оларға қарапайым адамды қарсы қою үшін осы сюжетті қоюлатып, өзінің аты айтып тұрғандай, Бадырақты батрак етіп, мейлінше сүмірейтіп, бейшара күйге түсіреді.
Көп ұзамай ауылға батрактардың қолдаушысы, жарылқаушысы қызылдардың өкілдері келіп, олардың арасында жаңа өкіметтің жалшыларды қолдайтыны олардың басына бостандық, қолдарына билік беретіндігі жөнінде әңгімелейді. Байлар мен ақтардан жапа шеккен Бадырақ олардың әр сөзін қағып алып, ұйып тыңдап, іштей ой түйеді. Өз қожайынынан сөз, ұрыс естіп, көк ала қойдай таяқ жесе, өз отау-шаңырағы болмаса, сонда бұл не өмір деп күйінеді.
Жиналыс соңында сөз сұрап, ел алдында сөйлеп, жаңа өкіметті жақтап, ұйымдасып жатқан батрактар ұйымына ең бірінші болып жазылады.
Сөйтіп, түптің түбінде Бадырақ совет құрылысының белсенді мүшесі болып, өсіп, сүйгеніне қосылып, бақытты өмір сүретіндігіне көзі жетеді.
М.Горькийдің шығармаларынан бастау алған «жаңа адамның» қалыптасу кезеңдеріндегі сюжеттің Ілияс Жансүгіровтің бұл шығармасына ұшқыны тигені айқын аңғарылды. Жазушы заман ағымының басты тақырыптарынан шет қалмай қалам тербегенімен, онысы құлшыныссыз, екпінсіз жазылғандықтан, сол тұстағы қалыптасқан схемадан әрі аспай, көркем туындыдан гөрі, сюжеттік баяндауға жақын әрсіз шығармалар қатарынан орын алған. Сонымен бірге оқиға желісі тиянақсыз, бірнеше кейіпкерлердің әңгімедегі ролі ашылмай қалған. Мұның өзі де әңгіменің көркемдік, композициялық нышандарына едәуір нұқсан келтіргендігін айтпасқа болмайды.
Жазушы бұл әңгімесіне әлі де болса оралармын, кем-кетігін түзермін, аяғына дейін жазармын деген ойлары болған да шығар, бірақ бұл туындысы, сол тұстағы ұраншылдық пен науқаншылдықтың дерті мен  лебі өз салқынын тигізген шығарма болғандықтан, оған оралуға құлқы,  көңілі соқпаған болар деген пікірге еріксіз келесің.
Ілияс Жансүгіров прозаик ретінде қалыптасуына бірден-бір негіз болған-оның журналистік қызметі. Қазақ әдебиетінің қалыптасуына қаншалықты еңбек сіңірсе, қазақ баспасөзіне де тәй-тәйлап қадам басқанынан құлаштай адымдауына дейін соншалықты тер төккені белгілі.
Ілиястың журналистік қызметі туралы белгілі ғалым, профессор Темірбек Қожакеев: «Ілияс – қазақ совет журналистикасының шоқтығы биік, ірі өкілі, оған алғаш келген жыл құстарының бірі…» — дей келе,- «…өзінің журналистік қызметімен ел жоғын жоқтаушы, ел мұңын мұңдаушы екенін дәлелдеген. Үнемі жұрт атынан сөйлеп, ел мұқтажын тілге тиек етіп отырған». Яғни, Ілиястың газеттің ең өткір жанры публицистикаға ден қоюы тегін емес. Публицист тақырыпты терең зерттеп, оның фактілер мен болмыстан түзу, ойлы қорытындылар шығаруы қажет. Сонымен бірге әсерлі де бай, өткір тілі арқылы өз оқырманына бүкіл болмыс-бітімді ашық, батыл жеткізе білу әр журналист-публицистке тән қасиет. Міне, осы тұрғыдан алғанда Ілияс алдына жан салмайтын. Газеттің осы жанры арқылы оқырманын селт еткізіп, ой салдырып, әр жайдың ара-жігін ажыратып дәл ой- пікірін білдіреді.
Осындайда І.Жансүгіровтің публицистикаға бару жолы туралы айтпасқа болмайды. Әдеби творчествоның әр түріне, әр жанрна барудың түрлі себептері бар. 
1920 жылдардың басында Ілиястың оқуы аз, білімі таяз болатын. Бірақ өз бетімен оқып, ізденіп, білімнің кемістігін толтырып, ақындық, жазушылық жолға түседі. Ал газет қызметіне араласуы − оның білім дәрежесін біршама биіктете түседі. Ол тұста Ілияс «Тілші», «Жас алаш», «Ақ жол», «Жетісу әйелі», «Сана», «Жас қайрат», «Шаншар», «Жаңа мектеп» және тағы басқа баспасөз орындарына жазғандарын бастырып, аты біршама белгілі болып қалған журналистің бірі.
 «Мен қалам  жұмысына жиырмасыншы жылдан бастап  араласа бастадым. Одан бұрын жазуға қызығу, ынталану, күшті ақындардың жазғандарына еліктеу, оларды жаттау, ауызша айту, газет-журналдарға сөзге бүйірі қызу сияқтылар болса да, баянды, байыпты өнер емес еді. Тек ет пен терінің арасында желік сияқты бірдеңелер еді»,- деуіне қарағанда, әлі де болса өзіне сенімсіз сияқты.
Бірақ біржола журналистикамен айналысты деуге болмайды. Ол кезде ақын, жазушы, журналистердің басым көпшілігі кеңсе қызметінде істейтін… Бірлі-жарым оқытушы қызметін атқаратын. Өйткені, жағдай олардан тек жазушылықты ғана емес, әкімшілік-ұйымдастырушылық жұмысты да талап етті. «Мен осының бірімін, — деп жазды І.Жансүгіров, — қалам ұстап, жазуды кәсіп қылып, қалам өнерін басқа шеберлердің өнеріндей тереңдетіп жүрген мен емес. Сондықтан менің жазғандарымның бәрі кездейсоқ, көк аттының көңіл-күйі, жазуға мүмкіндік болғанда ғана жазып  отырам», — деп ағынан жарылады.
Кейіннен оқытушылық, әкімшілік-ұйымдастырушылық, баспасөз орындарында қызмет істей жүріп, публицистикалық мақалалар жазудан бірде-бір рет қол үзбейді.
1925 жылға дейін публицистикалық мақалалармен қоса көркем шығармалар жазып талпынып көреді. Онысы нәтижесіз емес еді.Бұл жылдары жап-жақсы өлеңдер жазып танылып қалса да, І.Жансүгіров өзіне-өзі көңілі толмай, табиғат берген дарынмен ғана ұзап кете алмайтынын түсініп, білімін көтеру үшін 1925 жылдың күзінде Мәскеудегі журналистер институтына түсіп, оны 1928 жылдың жазында бітіреді. Оқуын бітіріп келген соң 1928 жылы газет жұмысына кірісіп, әдебиетке белсене араласады.
«Ілияс Жансүгіровтің очерк жазу қызметі ертерек жиырмасыншы  жылдардың аяғында басталды», — деп жазады белгілі журналист ғалым Төлеубай Ыдырысов өзінің «Шеберлік бастауы» деген зерттеу еңбегінде. 1927 жылы Түркістан ─Сібір темір жолының құрылысы қолға алынған кезде Ілияс Түркісиб тақырыбына бірнеше очерктер арнайды. 1929 жылы жарыққа шыққан «Жол аузында»,«Шоқпардың шоқтығында», «Төрт жолдың торабы» деген очерктерінде І. Жансүгіров бүкіл халықтық құрылыстың барысын, жапан түзге желі тартқан болат жолдың қиыншылықтарын, Түрксиб құрылысының ерлерін суреттейді.
Әйтсе де, Ілиястың очеркпен көбірек қалам сілтеген дәуірі─отызыншы жылдар. Осы тұста сөз зергері газет, журнал тапсырмасымен өнеркәсіп орындарынан, колхоз, совхоздардан бірталай очерк берді. 1931-1934 жылдары оның қаламынан «Октябрьдің «Октябрі»», «Сталин колхозы», «Жарыс», «Төменнен толқын», «Бейсетай бригадасы», «Соқашылар»,  «Бір күн ішінде», «Қоян-құс» деген очерктер туды. Бұлардың бәрінің түп қазығы─колхоздастыру кезеңіндегі қауырт істер, жаңа совхоз өркендері, ауыл тұрмысына енген жаңалықтар, социалистік жарыс.
Мәселен, «Октябрьдің «Октябрі»» очеркі─Ертіс өңіріндегі жаңадан  қоныс тепкен бір совхоздың қарбалас күндерінен елес. Жазушының суреттеуінде дала─бейне бір еңбек майданы. Қаптаған техника─тракторлар мен комбайндар. Қырдың қыртысы қопарылып, айнала егін теңізі болып кеткен. Кешегі құла тұз─бүгін көшесінде автомобилі жүйткіген, телеграф бағаналары тізілген. Бұл─дүлей табиғатты бағындырған совет адамдарының қаһармандық қимылының жемісі, социализмнің құдіретті күші. Міне, осы көріністерді Ілияс публицистика тілімен сөйлетеді.
Жазушының «Жарыс», «Төменнен толқын» деген очерктері Екібастұз көмір кені Риддер шахталарындағы социалистік жарысты, жұмысшылардың олқылықты жою жолындағы күресін, шаруашылыққа жанашырлық сезімін өзек еткен әкелі-балалы екі шахтердің (Жауатар мен оның баласы Рахымжан) өзара социалистік жарысын көрсету арқылы Ілияс шахта өмірінің сырын шертеді.
Ал «Бейсетай бригадасы», «Соқашылар», «Бір күн ішінде» деген очерктерінде Ілияс шығарма желісін бір күннің оқиғаларына құрып, адам мінездерін аша түседі. Бұларда кейіпкерлердің бейнесі өзіндік кескін-келбетімен, мінезімен оқшау. Алғашқы екі очерк Қаскелең ауданының «Еңбекші талап» колхозынан жазылған.  Бұл – ертерек ұйымдасқан, шаруашылығы өрге басқан колхоз еді. Міне, осы колхоздың бірде озат бригадасын, бірде екпінді соқашыларын, олардың ізгі мақсат – мүдделерін жан сүйінер жақсы істерін үлгілі комсомолецтердің Бәтіш, Мәскуре сияқты еңбек екпінділерінің бейнесін жасайды.
Ілиястың «Бір күн ішінде» очеркі де тәуір. Ең алдымен оның тілі көркем, композициясы ширақ, сондықтан оны оқу жеңіл. Мұнда отызыншы жылдардың басындағы ауыл өмірінің суреті табиғи. Адамдардың портретін де, пейзажды да автор жақсы береді. Очерктегі басты тұлға – Маров. Ол – МТС – тің саяси  бөлімінің бастығы. Очеркті оқып шыққанда Маровтың байсалды мінезі, іскерлігі жадында қалады.
Жазушы Маров образы арқылы тәжірибелі білгір басшының тұлғасын мүсіндейді. Маров қарауындағы колхоздарды аралауға шыққанда істің байыбына барып, орын алған кемшіліктерді тез жою шараларын қарастырады. Ол ауыл азаматтарының көбін таниды, олармен сырласып, шешіле сөйлеседі. Мысалы, қырман күзетшісі шалмен, ұсталармен әңгімесіндегі қарапайымдылық, қамқоршылық қасиеті Маровтың мәртебесін көтеріп тұр. 
«Әдебиет майданы» өзінің 1937 жылғы бірінші санында І.Жансүгіровтің «Қазақстан астанасы Алматы» деген публицистикалық очеркін басады. Онда ғылыми — танымдық, тарихи деректер мол. «Алматының жері жақсы», «Алматының тарихынан», «Алматы 1916 жылы», «Бүлік», «Қала сонда қандай еді?», «Ескі басшылықтың Алматысы», «Қала қалай өсіп келеді?», «Қаламыз – мәдениет ордасы», «Алматы жолдары», «Үлкен Алматы», «Бақша мен курорт», «Одақтас республиканың астанасы» деген тараулар оқушыны астанамыздың тарихын, күрес жолын, өсу белестерін, соңғы жетістіктерін білуге бірден қызықтырады. Ілияс, әсіресе, Алматының әсем табиғатын суреттеуге ұста. Жазушы Алматының келешегіне көз жіберіп, алдағы уақытта оның мәдениетті үлкен қала болатынын айтады. Сол көрегендік сөздері бүгінгі өмірде нақты орындалғанын айтпасқа болмайды. Алматы кешегі Ілияс көргендей емес, бірақ публицистің «Қаламыз – мәдиниет ордасы» деген бір ауыз сөзі бүгін 68 жыл астана болған қалаға лайықты теңеу екені талассыз. «Ілияс Жансүгіровтің бір топ очерктері бүгінгі күннің еңбек адамдары жайында», — дейді, белгілі Ілияс мұрасын зертеуші ғалым Мырзабек Дүйсенов. «Хабар ретінде жазылған жалаң очеркке ден қоймай, көркем очерк жазуға талаптанған. Бұл талабы жеміссіз болмаған. Әңгіме – очерктерінің сәтті шыққандарының композициялық  тұтастығы берік, сюжеттік желісі тұтас, суреттеу, бейнелеу жағынан да кәдімгі көркем шығармаларға қойылатын талаптарға жауап бере алады»,- дей келе, Ілиястің әңгіме – очерк жазудағы аз-кем ол қылықтарына да ден қояды. «…Композициялық тұтастығын сақтай алмай, көрген – білгендерін жинақтап, қорытындылай алмай, соның салдарынан әңгіме – очерктерінің етек – жеңі жиналмай шұбалаң шығып, нақты адам бейнесі ашылмай қалған кездері де жиі ұшырасады.Мысалы «Нұрша», «Баулыған балапан» және т.б.әңгімелері көркем шығармадан гөрі, жай баяндама тіліне ұқсас» – дейді, М.Дүйсенов.
 Мұндай кемшіліктер атаулылар — әр творчество адамына тән құбылыс. Қазақ баспасөсінің алғашқы баспалдақтарында жаңа туындаған  жанрлардың қанат жайып, бұғанасы қатпаған тұста, оның қалыптасуы мен даму процестерінде ондай кем-кетіктің кетуі − заңды нәрсе. Мәдениет пен өнер саласы − Ілияс Жансүгіровтің газетке сүйіп жазатын тақырыптарының бірі. Ілияс еліміздің әдебиетін, музыкасын, әні мен күйін жинау мен, оларды өзінің творчествосына ұқыпты пайдаланумен ғана шектелмей, газет — журналдарға жазған мақала, очерктерінде, жасаған баяндамаларында халқымыздың ауыз-әдебиетін, әні мен күйін жинау, үйрену қажеттігін ақындарға, жазушыларға жалпы интеллигенттерге үнемі ескертіп, баспасөз беттерінде үн көтеріп  отырады.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1.    I.Жансүгiров — публицист.
2.    Iлияс – эпик ақын.
3.    I.Жансүгiров балалар әдебиетінің негізін салушы.
4.    І. Iлияс – журналистік қызметі.
5.    I.Жансүгiров сатирасындағы кейiпкерлердi бейнелеу тәсiлдерi.
6.     I.Жансүгiровтің ауыз әдебиетіндегі орны.
Әдебиеттер:
1.    Әуезов М. Әр жылдар ойлары. А.,1959.
2.    Иманғазинов М. Жан қайығын жарға ұрдым. А.,1994.
3.    Бердiбай Р.Қазақ эпосы А.,1995.
4.    Бес ғасыр жырлайды. I том. А.,1993.
5.    Иманғазинов М.Ілияс прозасындағы  дәуір дидары. Т.,2000ж.
6.    Дербiсалин Ә. Әдебиет туралы толғаныстар. А.,1990.

І.Жансүгіров прозасындағы сатира

Сатира терминінің шығу тарихын, этимологиясын әркім әр түрлі түсіндіреді. Кейбір ғалымдардың айтуынша, ежелгі гректер жүзім өсірушілердің, жүзім шарабын жасаушылардың құдайы Дионистің ән салып, би билеп, күлдіріп, көңілдендіріп "жүретін жол серіктерін "Сатирлер" деп атаған. "Сатира" атауы сол сөзден шыққан.
Басқа зерттеушілердің пікірінше, бұл терминнің тарихы латынның "Сатира" — "смесь"-аралас, әр нәрсенің қосындысы, "всякая всячина" — анау -мынау" деген сөзінен басталады. Кейінірек ежелгі Рим әдебиетшілері сынап-мінеуші, әшкерелеуші сипаты бар шығармаларды "Сатира" деп атаған.
Қазір "сатира" атауы әр түрлі мағынада қолданыла береді. Біреулер оны әдебиеттің бір тегі (род) деп түсінеді. 1941 жылы шыққан "Шетел сөздерінің сөздігінде" былай делінген: "Сатира болмыстың жағымсыз құбылыстарын ащы күлкіге айналдыратын көркем әдебиеттің тегі (род)".
Я.Эльсберг: "Сатира-болмысты әдебиет пен өнерде көрсетудің бір әдіс-тәсілі".А.П.Квятковский: "Сатира-болмыстағы жағымсыз кұбылыстарды сынап, әшкерелеуді, күлкі етуді мақсат етіп, қарасөзбен немесе өлеңмен жазылатын көркем әдебиеттің түрі".
Сатира әдебиеттің бір тегі ретінде де көріне алады. Ақын-жазушылардың бастан-аяқ күлкілі ситуацияға негізделіп, сықақтық пафоспен жазылған, таза сатиралық шығармалары әдебиеттің дербес бір тегін құрайды. Өйткені оларда өмірді зерттеп білудің, суреттеп берудің өзіндік эстетикалық принциптері, көркемдік әдіс-тәсілдері қолданылады.
Сатираның жеке бір іс, құбылысты зерттеп білудің әдіс-тәсілі ретінде көрінетіні де рас. М: І.Жансүгіровтің  "Жолдастар" романында Ықсан молданы былай деп  суреттейді:
"Қымызға келгенде түп жоқ кісі — ноғай Ықсан молда. Алдына келген аяқты жерге қоймайды. "Алқамдымлла" деп бір кекіріп алады да, басына бірақ төңкереді… өзі үлкен үйелмендей кісі. Майдан көзі бітіп, мұрны үшкірленіп қалған. Мойны мен жауырыны тұтасып, басы итбастанып қалыпты. Омырауы есіктей болып, қарны дастарқанға сүйретіліп отыр. Бұған берген қымыз тек бір сабадан бір сабаға қотарылған сияқты. Өзі бұрыннан құрсақты молда, іші кеңіген сайын айы жақындаған әйелдей айналып отыра алмай тек сүйретіліп отыр. Ыңқ-ыңқ етеді. Сөйлесе қоздайтын қойдай мекіренеді" .
Ілияс романының "Сары ала қаз пәтуасы" бөлімінде Шалматай, Есентай қажылар да осылайша сатиралық әдіспен сүмірейте суреттелген. Автордың елестеуінше "тығыз сары Есентай қажының иектен бұғағы асып, шүйдесі шодырайып, майдан екі көзі айналып кеткен. Бұл қажының қымызды жұтқан сайын беті берен шымылдықтың тозығы сияқтанады".
Қазіргі біздің фельетон, памфлет, пародия, мысал, сықақ әңгіме, сатиралық роман, повесть деп жүргендеріміз сатиралық осы жанрлық көріністері.
І.Жансүгіровтің  "Жалаңаш жиылыс" сатиралық әңгімесінде: "Ширетте тұрған кісі қандай кең пейілді келеді: арық қойдай тырысып, баз біреумен ұрысып, баз біреумен жұлысып теріміз тарылып, өзіміз жарылып кеткендей тұрмыз. Сіркеміз су көтермейді. Тек жуықтап кеткен адамға, бақарауық түйедей баж ете каламыз. Тіршілік түбі тартыс қой, адам өз тесігіне таласады да… 
Сатира жанрындағы өлеңнен прозаға ауысуы бұл -1920 жылдардың бас кезі. Нақтырақ айтсақ, 1922 жылдың қараша айында Ілияс оқуға түсуге Алматыға келгенімен, ол талабына қолы жетпеген соң, «Тілші» газетіне қызметке кірген сәттен басталады. Газет қызметіне араласуы — оның білім дәрежесіне де үлкен әсер етеді. Ақындық, жазушылық талабы мол болғанымен, оқуы, білімі таяз болғандықтан, өз бетімен оқу оқып, ізденіп, білімін толықтыруға күш салады. Сатирадағы проза жанрына ден қоюы осы кезеңнен бастау алады. Өйткені өзімен қызмет істейтін тілшілердің көпшілігі жазушылық өнері бар прозаик, сатирик, фельетонистер еді. Олар сол кезде газеттегі жауынгер жанрлардың бірі — фельетонды әркім әр түрлі, бір-бірімен жарыса, бәсекелесе жазатын. Бұл ахуал Ілиясты да еліктірді. Сол кезде жазғандары тек «Тілші» газетінде ғана емес, сонымен бірге «Жас Қайрат», «Сана», «Шаншар» сияқты баспасөз орындарында жарыққа шығады. Жазғандары сол уақытта елімізде жүргізіліп жатқан науқандык саяси, шаруашылық, ағартушылық жайларды қамтиды. Сатираның түрлі компоненттерін шебер пайдалана отырып, жаңа дәуірдегі жаңалықты дұрыс түсініп, бағалай алмай отырғандарды, жаңа істердегі игіліктерге кедергі келтіріп, бұрмалаушыларға батыл, карымды қаламын қадайды. Баспасөз қызметінде аз уақыт істеген кезінде өзінің әріптестерінен жазу техникасын үйрене отырып, тіпті кейде олардан асып түсерлік дәрежедегі журналист ретінде көзге түседі. Оның жазғандары бірінен-бірі өтерліктей іргелі де айтары мол Құнды материалдарға айналып, қалың көпшіліктің сый -құрметіне бөленеді. Осы еңбегіне лайық оны 1924 жылы «Тілші» газетінің хатшысы, кейінірек редакторы етіп тағайындайды.
Ілиястың сатиралық тұрғыда жазылған еңбектері «Оқшау сөз», «Шашауша», «Әзіл-оспақ» рубрикаларымен жарыққа шығатын. Сықақтарын газет беттеріне, көбінесе, Матай, Құйқалық, Балгер, Таңқыбай, Жа-жа, Сақа, Ағын, Салпаңқұлақ сияқты бүркеншек аттарымен шығаратын. Сонымен қатар Ілияс Жансүгіров шығармаларына тақырыбы мен мазмұнына сәйкес орынды да ұтқыр атау таба білу шеберлігі ерекше екендігін атау қажет. Әр сықақ-әңгімеге жақсы тақырып қою да оңай іс емес. Ол оқырманды туындыға тарту үшін де, сонымен бірге, тақырып атының қысқа, қарапайым, образды, күлкілі, идеясына лайықты, астарлы болуы ғана оқушыны қызықтырады. Бұл жағынан келгенде Ілияс алдына жан салмайтын.
Ілияс ақталғаннан кейін 1961-64 жылдар арасында жарық көрген 6 томдық шығармалар жинағына 1963 жылы «Әңгімелері мен фельетондары» деген атпен 328 беттік көлемде кітап болып баспадан шығады. Сонымен қатар 1964 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Пьесалары мен әңгімелері» деген кітапқа оның көптеген сықақ әңгімелері мен фельетондары енгізілген.
«Жол аузында» әңгімесі «Еңбекші казақ» газетінің 1929 жылғы 16 қыркүйектегі санында жарық көрді. Жазушының «Жаңа жолда> атты Түрксиб жайындағы очерк, әңгімелер жинағына (1929), «Жол аузында», «Мерген, бөкен» кітаптарына, 5 томдық шығармалар жинағына енді. 1963 жылғы нұсқа алынды.
«Жаңа астана» очеркі «Жана жолда» (1929) кітабындағы тексті бойынша берілді. «Төрт жолдың торабы» әңгімесі «Еңбекші казақ» газетінде (1929, 8 шілде), «Жаңа жолда» жинағында, жазушының 5 томдығында жарияланды.
«Октябрьдің октябрі» очеркі 1930 жылы жазылған, қаламгердің 2 томдық және 5 томдык шығармалар жинағында басылған.
«Басын көруге нәсіп болмады» атты сықақ әңгіме «Сықақ, дүрбісі» рубрикасымен «Жаршы» журналының 1930 жылғы 9—10-санында жарық көрді. Автор «Таңқыбай» деп қол койған.
«Ықтияр». Жазушы әңгімені «Таңқыбай» атымен «Жаршы> журналының 1931 жылғы 5-санында жариялаған.
«Қарындастың капшығынан» атты сықақ әңгіме «Жаршы» (1931, № 7, 12—15-66., № 9, 14—15-6. б.), журналында «Таңқыбай» бүркеншік есімімен басылған.
«Дүкенді дала». Әңгіме «Еңбекші казақ» газетінің, 1931 жылғы қыркүйектегі 2 санында, жазушының 2 томдық, 5 томдық жинақтарында жарияланды.
«Күндер» әңгімесі «Жаңа әдебиет» журналында 1931 жылы 10-санындағы (қол койған «Сақа») басылымы негізінде алынды.
«Жарыс» атты әңгіме «Әдебиет майданы» журналынын. 1932 жылғы 2-санында жарық көрген, жазушының 2 томдық және 5 томдық шығармалар жинағына енген.
«Төменнен толқын» атты Риддер қорғасын заводы туралы очерк тұңғыш рет «Социалды Қазақстан» газетінде (1932, 15 мамыр) жарияланып, қаламгердің 1933 жылғы «Толық жинағында», 1960—1964 жылдарда шыққан 5 томдық шығармалар жинағында басылды.
«Ленин аты» әңгімесі 1932 жылғы «Әдебиеттану оқу кұралында», жазушының 2 томдығында, «Жол аузында» (1935) кітабында, 5 томдығында жарық көрді.
«Социализм болғанда ауыл қандай болады» әңгімесі (бұрын фельетон саналған) жазушының 2 томдық жинағында, «Құқ» кітабында, 5 томдық шығармалар жинағында жарияланған.
«Ленин Октябрь күндерінде» әңгімесі жазушының 1933 жылғы Семейден шыққан «Толық жинағындағы» тексті бойынша берілді.
«Сталин колхозы», «Көтерме» очерктері, «Нұрша», «Жарайсың Шұлғаубайым!» әңгімелері де осы басылымнан алынды.

Сұрақтар мен тапсырмалар:
1.    I.Жансүгiров -сатирик.
2.    Iлияс – сатирик ақын.
3.    I.Жансүгiров сатира негізін салушы.
4.    І. Iлияс – журналистік қызметі.
5.    I.Жансүгiров сатирасындағы кейiпкерлердi бейнелеу тәсiлдерi.
6.    I.Жансүгiровтің ауыз әдебиетіндегі орны.

Әдебиеттер:
1.    Әуезов М. Әр жылдар ойлары. А.,1959.
2.    Иманғазинов М. Жан қайығын жарға ұрдым. А.,1994.
3.    Бердiбай Р.Қазақ эпосы А.,1995.
4.    Бес ғасыр жырлайды. I том. А.,1993.
5.    Иманғазинов М.Ілияс прозасындағы  дәуір дидары. Т.,2000ж.
6.    Дербiсалин Ә. Әдебиет туралы толғаныстар. А.,1990.

Ілияс Жансүгіров – драматург

Ілияс Жансүгіровтің қолжазбаларын, аса бағалы архив материалдарын, басқа қаламгерлерге де қатысты көптеген құнды, қымбат тарихи құжаттарды, фольклор нұсқаларын қиын жағдайларға қарамастан, ұзақ жылдар көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жоғалмастай етіп қалдырған оның жұбайы Фатима Ғабитова былай дейді: «Ілияс драматургия жанрында көп жазған жазушы емес.Тек  1931 жылдан бастап қана қолға алып, бес-алты жыл ішінде ірілі-уақты сегіз шығарма жазды». (І.Жансүгіров. Шығармалар, 5-т. А.,1964.3-бет)
Демек, ол аз жазса да саз жазған. Ілияс Жансүгіровтің драматургиядағы ізденістері туралы пікір қозғағанда, пьеса атымен жарияланған шығармалары тексеріп қою аз. Ақын қазақ өлеңінің ырғақ, ұйқас жүйесіне жаңалық әкелумен қоса, формалық тұрғыдан да бірқыдыру барлау жасаған. Осы қатарда автордың өлеңде диалог үлгісін жиі қолданғандығына айрықша тоқталу керек. Драматург қаламынан туған дүниелерді шартты түрде шағын және көлемді пьесалар деп екі салада қарағанда, олардың жанрлық, стильдік ерекшеліктерін ажыратып, көркемдік өзегін ашып, жалпы әдеби процестегі орнын айқындау негізі нысана.
Шағын көлемді, бір перделі пьесалардың барлығы да өлеңмен жазылған. Оқиғаға қатысатын кейіпкерлердің жасы, мінезі, әлеуметтік отбасылық  тегіне байланысты тәптіштелген анықтама берілмейді, тіпті дәл аттары да айтылмай, жалпылай көрсетіледі. Бұл шығармалардың жалпы сарыны – енді ұжымдық өмірге бет алған ауыл тынысы, адамдар санасындағы жаңғырулар. Сондай туындының бірі – «Мін де шап» пьесасы.
«Мін де шап» атты бір перделі пьесада шарттылық тәсілімен берілген сатиралық мотиві бар туынды. Жаңа өмірдің мағынасын терең түсінбеген, дүмбілез, шала-жансар, ұйқыдан бас көтермейтін колхоз бастығының сиырмен, атпен диалогы арқылы берілетін көріністерде улы мысқыл жатыр.
«Сиыр сөйлеп тұр…». Осы диалог арқылы шаруашылықтағы қырсыздықты, оралымсыздықты, еңбекке икемсіздікті айтады.
«Ат сөйлеп тұр…». Мұнда керенау, кердең, кер жалқау, шолақ белсенділерден келген кесапатты айтады. Формасы, идеясы жөнінен Сәкен Сейфуллиннің әйгілі «Қызыл ат» поэмасымен сарындас бұл шығарманың кезінде актуалды болғандығына дау жоқ.
Әрекет көлемінің ұлғаюы, қаһармандар санының өсуі, композицияның күрделенуі жөнінен келгенде «Колхоз тойы» пьесасы драматургтың шағын көлемді сахналық шығармаларының ішінде оқшау тұр. Автор халық тұрмысында бар той салтанатындағы театрға жақын элементтерді пайдалана отырып, жаңа дәстүр, жаңа мазмұнды сәтті бейнелейді. Пьесада әрекет аясына байланысты өлең  өлшемдері өзгеріп, жеті-сегіз буынды жыр ағымы, он бір буынды қара өлең ұйқасымен кезектесіп отырады. Ақын поэзиясының стильдік өзгешелігін танытатын «Тақылда, тіл тақылда», «Қимылда тіл, қимылда», «Айт, айт жырды, айт жырды», «Жорғала, тіл жорғала», «Соқ, соқ, өлең, балға», «Сорғала, жыр сорғала» деген секілді градация үлгілері диалогтарда қолданылады.
Осы шағын шығармада кейін көптеген қазақ қаламгерлері драматургияда жиі пайдаланған ұлттық ойын, ақындар айтысының формасын кәдеге асыру тәжірибесі бар. Драматург той салтанатын лайық атмосфераны жыршы, ретші, колхозшылар атынан айтылатын әр түрлі реплика, диалог, монолог, полилог сипаттарында келетін көп дауысты үн арқылы береді. Әрекеттің ең шарықтайтын тұсы, тойдың әбден қызған мезгілі – «Талаптан» және «Қастек» колхоздарының айтысы. Қызығы, ақындар емес, қатардағы колхозшылардың сөз тәжікесі. Бір жақта — әйелдер, екінші жақта – еркектер. Ғасырлар бойы халықтық театр қызметін атқарып келген көне көркемдік форма енді жаңа мазмұнға лайық құлпырып тұр. Қазақ ауылындағы өзгерістер, жаңа психология жағы айқын көрінген. Ата-баба үшін мақтан жоқ, біреу-біреудің сүйегіне тиетін сөз айтпайды. Колхоз намысы, малдың, егіннің жағдайы, жоспардың орындалуы – тартыс осылардың төңірегінде. Өтіп жатқан әрекетке колхозшылардың көңіл-күйі көп дауысты, әр текті реплика, сөз тастау арқылы көрсетіледі.
Сонымен, Ілияс Жансүгіровтің драматургиядағы алғашқы ізденістері поэзияда диалог, монолог формаларын қолданудан басталып, бір перделі шағын пьесалар жазуға ойысады. Бұлар адам характерлерін ашатын, күрделі тартыстарды көрсететін, жанрдың қатал талаптарына жауап беретін, төрт құбыласы бірдей, бас-аяғы теп-тегіс, жұмыр дүниелер емес, актуалды тақырыптарға арналған үгіттік-насихаттық идеяларға құрылған, әдеби монтаж, сценарий, скетч, либретто, фельетон сипатындағы туындылар.
Ақынның жаңа, күрделі жанрдағы тәжірибесі шығармадан шығармаға ұлғайып, авторлық идея, шығармашылық мақсат шарттары кең көлемді, терең тынысты, күрделі пьесалар жазуға  алып келген. І.Жансүгіровтің зерттеушілер назарына ілікпей, тексеру обьектісіне айналмай жүрген бес суретті «Райхан» атты драмасы тақырыбы жөнінен де, көркемдігі жөнінен де өз кезегіндегі қазақ пьесаларының жуан ортасында тұруға толық мүмкіндігі бар дүние. Бұл шығарманың жазылу уақыты белгісіз. Әуелі көзге шалынатыны пьесаның бөлек-салағы жоқ, ықшамдылығы. Алғашқы ұлттық пьесаларымыздың әрекетке белсеніп қатыспағанымен, қосақ арасында жүретіні бар, айқайшысы бар, әйтеуір кейіпкерлер саны сала құлаш болатын жанр табиғатын білместіктен туған жаман дағды бар-ды, айтылмыш пьесада ол мін жоқ. Тартыс үш-ақ адамның арасында өтеді, ең соңғы суретке қосалқы персонаждар деңгейінде көрінетін, аттары бөлек демесе, бір мінездес үш қыз бар.
Фольклордағы толғау, тақпақ сарындас өлеңмен жазылған диалог, монологқа төселген ақынның реалистік тілмен, қара сөзбен драма жазуы – шығармашылық өсу, өрлеу белгісі. Драматург қазақ әдебиеті үшін әбден машықты, етене тақырып — әйел теңдігі мәселесін жаңа, бұрын ешкім қозғамаған қырынан көрсетеді.
Назар аударған адам алғашқы көріністе сахнаға  шығатын Имаш пен Нұрайдың Бейімбет Майлин шығармаларында жиі кездесетін еркектер мен әйелдердің типінен бөлек от басы, ошақ қасындағы жандар емес, тіпті Бекен мен Раушанға да ұқсамайтынын бірден байқайды. Ілияс Жансүгіровтің бұл екі кейіпкері – Имаш пен Нұрай оқыған адамдар. Сөздері ауыл үйдің қысыр әңгімесінен басқа арнада, әлеуметтік мәселе — әйел теңдігі туралы. Пікірін ашық айтпай, күлбілтелеп, тайқи сөйлеп тұрған Имаштан гөрі, ағынан жарылып, турасына тартатын Нұрайдың толғамында жүйе, салмақ, әділет мол. Бірінші сценада Имаштың жарықшақты, екі ұдай қатпарлы, ісі мен сөзі бөлек адам екендігі сезіле бастайды. Нұрай болса, революциядан кейін әлеуметтік күресіне білек сыбанып араласып кеткен, жалынды, ер сенімді, ер қажырлы Алма Оразбаева, Нәзипа Құлжанова, Нағима Арықова, Сара Есова сынды әйгілі әйелдердің өмірдегі қимыл-әрекетін еске түсіреді.
Нұрай бұдан кейінгі оқиғаға қатыспай, соңғы суретте бір-ақ көрінеді. Шарпысуға, қаржасуға тиісті, қарама-қарсы ыңғайда тұрған кейіпкерлердің әрекет үстінде ұшыраспауы – драматургтың пайдалана алмаған мүмкіндігі деп қарау керек.
Негізгі тартыс ыңғайы бірінші перденің соңғы көріністерінде, сахнаға Райханның шығуынан бастап айқындалады. Райхан қалаға тұңғыш рет келгенімен, оң мен солын ажырата алмайтын, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен салпы етек емес, сен тұр, мен атайын деген пысық қыз; бірден Имаштың әйелі Күләйді майлы ішекше айналдырып, іші-бауырын кіріп кетеді. Имаш жас қызға: «Қазақ қыздары ынжықтығын жойып, еңсесі көтеріңкі болса, адам болғанымыз! Орыстың сендей қызы осы күні қай жерде жүрмейді? … Олар өжет. Е, десе, мә, деп тұр. Билегенде жердің шаңын шығарады» (5-том,152 бет) деген насихат айтқан болып, әйелінің көзі тая бергенде, жігітшілік жасау қамына кіріседі.
Екінші суреттегі алғашқы диалогтар Имаш пен Райханның бірталай жерге барғандығын, әйелім бар деп еркек, оң жақтағы қызбын деп бойжеткен өздерін ұстай алмай, құмарлық жетегіне кеткенін көрсетеді. Сезім, сүйіспеншілік табыстырмай, қомағайлық, бақай есеп қауыштырғаннан, кімдер үшін болсын мұндай жалғасудың соңы кейіс, реніш, тіпті бір-бірімен жауласып, өштесіп, ат кекілін кесіп кету трагедия емес пе?
Драматург адамдар арасындағы жаңа қоғамдық қарым-қатынастар негізінде пайда болған кейбір психологиялық құбылыстарды дәл көре білген. Алдымен Имаш характеріне көңіл бөліп көрсек, Мұхтар Әуезовтің алғашқы әңгімелеріндегі «оқыған азаматтарда жатыр» дегенге келеді. Ескі қазақ рәсіміндегі жігітшілік бұлар үшін жол болмай қалған. Имаштар мұндай сезім байлығынан жұрдай, олардікі үзіп-жұлып оқыған Еуропа романдарынан тапқан «дон-жуандық» салқыны. Райхан-Имаштың қалай табысқаны көрсетілмейді, олардың енді бір-біріне оқ атқан, тартысқа түскен шағына куә боламыз. Имаш әйелі ауылға кеткен кездерде қызды құшағына алып, ұрлық ләзәттан тояттап, соны іштей үлкен олжа санап, енді ешкімге білдірмей, аман-есен құтылсам деген ниетте болады. Райхан абырой төгілуді өлімге балаған, халықтың тамаша дәстүрін ұстанған бой жеткен емес, бұрын бай болған, кәмпескеге іліккен жуан жердің бұлғақтап, шолжаң өскен тәйтік қызы, әйелін тастаса да, әйтеуір күйеуге тиіп алуды мақсат еткен.
Тартыс Имаш-Райхан арасында. Осы конфликт үстінде екеуінің де рухани дүниесінің жұтаңдығы, сезім кедейлігі, моральдық тұрақсыздығы ашылады. Алғашқыда бауырмал, ақкөйлек көрінген Күләй алдағанға оп-оңай сенетін парықсыз, сезімі қорланғанын ұқпайтын түйсіксіз, топас, намысы күйгенде жігерленудің орнына, ашу шақыратын көк долы болып шығады.
Пьеса сюжетіне тарамдалған, салалы оқиға жоқ, психологиялық кернеу, ширақтық бар, барлық әрекет Райханның аяғының ауыр болып қалуына Имаш кінәлі ме, кінәлі емес пе – осыны айқындаудың сарабында отырады. Бар пәле күйеуінен екендігін сезген Күләй өзгені тастай салып, Райханға пышақ ала жүгіреді. Бұл көріністе сахналық эффект мол: бір жақта ақ безер де көк безер болып, бәрінен танып тұрған Имаш пен күйеуінен айрылып қаупі төнгенін сезген Күләй; екінші жақта – акушерка техникумында  оқитын, көп нәрсені бүркемей, өз атымен айтатын ашық қыздар, беті ашылып алған соң, сөзді кесек-кесегімен шығарып жатқан Райхан.
Шығармадағы авторлық мұрат, суреткерлік позиция әйелдер бөлімінің бастығы Нұрай образымен сабақтасып жатыр.
Айтылмыш пьесаның идеялық нысанасындағы айқын мақсатпен қоса, көркемдік-структуралық формасында  бірталай сапалы сипаттар бар. Тақпақ,  өлең үлгісіндегі диалог, монологтары мол, негізінен, эпос, тарих, аңыз материалдарын арқау еткен сюжет жүйесін, образдар тұрпатын фольклордан алған пьесалар көптеп жазылып жатқан кезде Ілияс Жансүгіровтің конфликтісі де, сюжеті де, бейнелері де тың, күнделікті өмірдің өзінен іріктеліп алынған құбылыстар бойынша реалистік туынды жасауы берекелі, өнімді қаламгерлік ізденістен туған сәтті қадам-тын.
Автор сұрақ-жауап, тәжіке-айтыс, дау-дода ретінде келетін диалогтар шеңберін әдейі, мақсатты түрде кеңейткен. Кейіпкерлердің өзімен-өзі іштей арпалысқан, ой толғағы қысқан сәттерін дәл бейнелейтін күрделі, ұлғайған, көлемді монологтар ұшырасады. Бұларда синтаксистік, интонациялық, ырғақтық тұрғыдан келгенде драматизм мол. Имаштың: «Біздің өміріміздің бәрі драма ғой.Үстіміздегі дәуір «өткінші дәуір» десе, өткінші дәуір. Біз алдыңғы ұлы мақсатқа талпынып әлекпіз. Бірақ, тап дұшпаны жырынды түрде жалғасады. Ескілік аяғымыздан алып, сүріндіргісі келеді.Әсіресе, біздің осы поколение, сірә ерте қартаямыз. Адам терісі тегі, арқан болса да не қылсын. Нелер көрмедік, нелер көрмедік, біздер…Ескі тұрмыс бір батпақ көл. Қазір үсті ғана қатты деуге болады.Түбінің бәрі лай. Бетінде қатқан мұзды біз ептеп басып жүрміз.Анда-санда ауып бассаң, аяғыңды жылымға тығып аласың.Ай-ай-ай! Пәле бола жаздаған жоқ па? Әңгіме ашылғанда не болар еді? Елге — әшкере, жұртқа – масқара!…Әй, өзі де арсыз екен…Адам деп айттың – деді-ау.Дегенім жоқ-ау тіпті.Тағы онымен қоймай, тастаймын дегенсің, — деді-ау! Еһ-еһ-еһ…» (5-т,166-бет) деп келетін толғауын психологиялық, реалистік монолог қатарына қаймықпай қосуға болады. Кейіпкердің ішкі әлемін, сезім күйін, көзқарасын, бір сөзбен, тұтас тұлғасын танытатын сөз.
Тағы бір көркемдік ерекшелігі – негізгі сценалардағы жинақылық айқын, әрекет жан-жаққа шашырамай, негізінен, екі адамның арасында өтеді. Нұрай қыздар аузымен айтылып жатқан Имашты мансұқ еткен сөздер нақты көрсетілген.Обьективті өмірді ағысын жанды бейнелер арқылы көрсету мақсатындағы драматург әсіресе, Райхан образына қатысты сыншыл идеяны айқын аңғартады.Трагедияда айыпкер жалғыз Имаш емес, ең алдымен қыз намысын аяққа таптаған оның өзі екені ашық айқындалған.
Ілияс Жансүгіров алғашында драматургия саласындағы шағын формаларды игеріп, жанр техникасына машықтанумен болса, «Кек» пьесасын жазу үстінде талант толысуына, қаламгерлік марқаюға, шеберлік шыңына көтеріледі. Онда Октябрь революциясынан кейінгі оқиға көрсетілген. Ақсу жеріндегі Совет өкіметі құрылуы, оған тап жауларының зиянкес әрекеттері адам өлімімен аяқталады. Пьесадағы кейіпкерлердің бірқатары тарихи тұлғалар.
Исатайдың қаза болғанына ғасыр уақыт өтсе де талай іс-әрекеттерін ауызға алуға, қағаз бетіне түсіруге батпаған, солардың жарқын бейнесін көркемдік дәрежеде көрсетпеген тұста ең тұңғыш рет суырылып шыққан Ілияс Жансүгіров болатын. 
Ал солардың ішіндегі «Исатай-Махамбет» — Ілиястың ең соңғы туындысы. Бұл пьеса екі нұсқада жазылған болатын.
Біріншісі театрға арналып қара сөзбен жазылған еді де, екіншісі өлеңмен либретто ретінде жазылған.
Біріншісін театр Октябрь мерекесінің жиырма жылдығына арнап дайындағанмен, 1937 жылдың қуғын-сүргін оқиғасына байланысты «Исатай-Махамбет» сахнаға шыға алмады.
Театрға арналған нұсқасын Ілияс оқығанда тыңдаушылардың бірі болған Мұхаметжан Қаратаев «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» деген кітапта былай деп жазды: «…1936 жылы жазған, бірақ сахнаға қойылып үлгермеген, «Исатай-Махамбет» пьесасы жазушының драматургиясындағы үлкен жеңісі еді. Мұнда ол өткен ғасырдың 30-жылдарында Россия патшасының отаршылдары мен қазақтың хан, сұлтандарының қанауына қарсы көтерілген себептерін оның әлді-әлсіз жақтарын дұрыс көрсетіп, Исатай мен Махамбет секілді көтерілістің айбынды басшыларының образдарын жақсы жасаған, әрқайсысын өз ерекшеліктерімен  айқын бейнелеген. Ілиястың бай ақындық тілі осы пьесада өзінің қуатын, әуенін, бояуын молынан танытты. Махамбеттің арынды поэзиясының сырын терең ұғыну және оны драмалық образды бере алу – «Исатай-Махамбет» пьесасының кісі таңданарлық қасиеті».
Ілияс «Исатай-Махамбет» пьесасы үшін материалдарды бірнеше жыл жинады. Сол ұзақ сапарларда жүрген сәттерде үйіне жазған хаттарындағы жыр жолдарынан бастасақ.
Үйге сәлем!
Аманмын.Еділдемін. Жолым жайлы.
Тепшілеп теріп  жүрмін «Исатайды»,
Көлемін Астраханнан жоғары өрлеп,
Жеріне жолаушыға жету қайғы.
Пароход жүрдек, күшті өрге қарай
Тартады, пристанға көп тұрмайды.
Қаласы Сталиннің алдымызда,
Пароход осы араға көп тоқтайды,
Ұясы трактордың осында ғой!
Әнеки, заводтары бұрқылдайды,
Көрерміз бәрін дағы иншалла!
Бірер күн азар болса өтті мейлі…
Патима! Еркелетіп Азатымды,
Сүйіп қой ағасы үшін Үмітайды.
Волга Пароход» — 17 год!
15/ ІІІ  — 1934 жыл.
Сәкен, Мұхтар, Ілиястар бірдемені жазардан бұрын, оны зерттеп біліп, егжей-тегжейіне көздері жетіп жазады. Сәкен «Көкшетау» поэмасын жазудан көп бұрын Көкшетауға барып бір-екі жыл тексереді.
Мұхтар «Қилы заманды» жазарында Ілияс екеуі Асы мен Қара жайлауларын аралап көп жүрген болатын. Міне, Ілияс осы «Исатай-Махамбетті» жазарда үйде отырып, бал ашуға бармайды. «Исатай мен Махамбетті»  зерттеу, сол жөнінде тың деректерді өз құлағымен естіп, көзімен көруді мақсат еткен ақын, есіл ерлердің туған жері мен шайқас өткен далаларына аттанады.Сол сапарда жүріп өзінің отбасын, балалардың сағынғанда жоғарыдағы жыр жолдарын жазып, жұмысының қалай өтіп жатқанын өз хаттарында атап өтеді.
«Бұл хатты Саратовтан жазып отырмын. Мұнда келгелі екі күн. Қала бұл күндері Саратов аймағының центрі, Еділдің бойында екенін өзің білесің. Бұрынғы Алтын Орданың Убек деген қаласының орны бұдан 12 шақырым дейді. Жол бұдан Мәскеуге бір сөтке. Осы жолдың Үмет деген станцияда «Исатайға жүйрік» бір шал бар.Кешке соған жүруге билет алып отырмын!».
«Исатай туралы біраз материал жаздым. Бірақ әлі үйден шыққалы тоқтаусыз жүрістемін. Сондықтан демалысым да жоқ, жазуым да жоқ. Тек жүріс,жүріс…!»
Міне, бұл хаттарды оқи отырып, сол  кездің өзінде заманның тұрақсыз құбылуына қарамастан осы тақырыпты таңдап алады. Әрине, сонау Батыс Қазақстанның шетсіз-шексіз даласын аралау, Исатай мен Махамабетті білетін адамдармен жүздесу көліктің тапшы кезінде жеңілге соға қоймайтынын сезіп отырған боларсыздар. Сондықтан, қалай да куәлік, анықтама қағаз, басқа да бюрократтық әкімшілік жүйенің куәлік құжаттарын жаны сүймейтін ақын дегенмен, куәлік жаздырып алуды жөн көреді.Сол сапарға аттанғанда мына қажетті куәлікті ала кетеді. Ондағы ойы жұмыстың орайына бір септігін тигізе ме дегені. Сол кездегі Наркомпростың төрағасы Жүргеновтің өзінің қолы қойылғаны ақынға «ақ жол» тілегенін куәлік растайды.
Ілияс Жансүгіровтің драматургия саласына ден қойғаны 1936 жыл еді. Бұл жылдарда ол «Түрксиб», «Кек», «Исатай-Махамбет» пьесаларын жазды. Алғашқы екі пьеса – автордың драматургия саласындағы алғашқы тәжірибесі, өз қаламының күшін байқап сынауының ғана нәтижесі болса, ал «Исатай-Махамбет» драмасы оның драматургтық талантын едәуір танытты.Тарихи тақырыпқа барған драматург дәуір сипатын да, қатысушы кейіпкерлер образын да жап-жақсы ашып бере алды, әсіресе пьесаның тілі көркем, баяулы да лепті.
Осы кезде театрда М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбет» атты тарихи драмасының қойылуы ерекше назар аударарлық оқиға болды. 
Бұл қойылым театрдың 1836 жылғы халық көтерілісі тақырыбына арналған екінші талпынысы еді. Алғашқы рет, 1926 жылы Қ.Басымовтың «Исатай батыр», «Исатай-Махамбет» пьесасын қойғанда театр ұжымы мен драматургияның көркемдік дәрежесі төмен болатын да, қазақ халқы тарихының бұл жарқын беттерін шыншылдықпен бейнелеп беруге олардың өресі жетіңкіремеген-ді.
М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбет» тарихи драмасы Махамбет Өтемісовтің өлеңдері негізінде жазылды. Автордың Махамбет өлеңдерін бірінен соң бірін тізбектей беруі драматургиялық формаға нұқсан келтіреді. Пьеса қаһармандарының характерлері іс үстінде ашылмады. Айтылған сындарды қорытындылай келе, бұл спектакль туралы пікір айтушылардың барлығы да пьесада Махамбет бейнесін сәтсіз шыққандығын атап көрсетеді. Міне, осылай айтылып кеткен сын-ескертпелерден байқағанымыз, бұл драмалық шығарма жұртшылықтың көңілінен шықпады.Соны  көңілі сезген Ілекең өзінің уақытын сарп етіп, есіл ерлердің драмалық шығармасын дүниеге келтіреді.
Исатай Тайманов рөлінде ойнаған Ш.Айманов дәйекті түрде  жүзеге асырды.Оның ойынының жемісті болуының себебі – актер қолда бар деректерді зерттеп, Исатайдың өмірбаянын оқып, өзі орындаған рөлдің тынысын кеңейте түсті. Сонымен бірге, ол бұл спектакльден өзінің актерлік палитрасына қажетті бұрын кездеспеген жаңа бояулар тапты. Тағы бір ескеретін жай, Шәкен Аймановты  кезінде Ғабит Мүсірепов Семей педагогтік институтының көркем-өнерпаздары арасынан астана театрына шақырған» деп естіп жүретінбіз. Ал Сәду Машақовтың естелігінде Шәкеңді астанаға шақырған Ілияс Жансүгіров екен.
Бұл пьесаны қазақ драма театры Октябрьдің 20 жылдығына арнап қоймақшы болады. Ол жөнінде Халық артисі, КСРО және Қазақ КСР Мемелекеттік сыйлықтарының лауреаты, Еңбек Ері Серке Қожамқұлов былай деп еске алады: «Халқымыздың сүйікті перзенті, асқақты ардагер ақынымыз Ілияс Жансүгіровті алғаш рет 1925 жылы октябрьде Қызылорда қаласында республикалық «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясында қызмет істеп жүрген кезінде көрдім. Газет қызметкері болғандықтан, біздің театрымыздың спектакльдері, артистеріміздің ойындары туралы Ілияс газетке ылғи рецензиялар жазып, біздің рольдерді қалай орындағанымызға әділ баға беретін. Ойындарымыз жақсы шықса, қатты қуанып, шын ықыласымен шабыттана, сөздерін құйқылжыта, көркем тілмен тамылжыта жазатын. Содан былай біз театр артистері, Ілиясты, Ілияс біздерді жақсы көріп жақын араласып кеттік.
Ілиястің сындары, айтқан ақыл-кеңестері біздің шеберлікке жетілуімізге көп көмектесті.
Мен өзім Ілиястың «Кек» пьесасын театрымыз қойғанда Үкендау рөлін ойнадым.Ілияс менің осы ойнағаныма, жүріс-тұрысыма, дене қимылыма, бет-әлпеттерімнің құбылуына, үн ырғақтарының өзгеріп отыруына, кейіпкердің сөздерін нәшіне келтіріп айтқаныма аса сүйсініп, кәміл риза болған еді.
Ілиястың «Исатай-Махамбет» пьесасын біздің театрымыздың коллективі талқылап, зор баға берген-ді, әттең біз бұл пьесаны сахнаға шығара алмадық» дейді.

           Сұрақтар мен тапсырмалар:

1.    I.Жансүгiровтің драмалық шығармаларының көркемдігі.
2.    Iлияс – драматург  ақын.
3.    I.Жансүгiров драмасындағы кейiпкерлердi бейнелеу тәсiлдерi.
4.     Iлиястың тарихи еңбектеріндегі ел өмірі.
5.    I.Жансүгiров драмалық шығармаларындағы кейiпкерлердi бейнелеу тәсiлдерi.

Әдебиеттер:

1.    Ғабдиров И. Дәстүр және жаңашылдық. А.,1978.   
2.    Жармұхамедов М. Көненiң көзi. А.,1995.
3.    Жұмалиев Қ. ХҮIII-ХIХғғ қазақ әдебиетi. А.,1967.
4.    Иманғазинов М. Ілияс Жансүгіров. Монография. А., ҚазҰУ.2004.

«Жолдастар» романының көркемдік ерекшелігі

«Жолдастар» романы – Ілияс Жансүгіровтің проза саласындағы іргелі шығармашылығының бірі. Жазушы романды екі кітап етіп жазуды жоспарлаған. Баспагерлерге жазған хатында І.Жансүгіров өз еңбегін төмендегідей болатынын ескеретеді.
«Жолдастар» атты романның қысқаша мазмұны төрт бөлімге бөлінген. Біріншісінде – қазақ кедейлерінің тұрмысы, екіншісінде – төңкерістен бұрынғы қалаға, өндіріске байланысты қазақ жұмысшыларының өмірі, үшіншісінде – 1916 — жылға арналған жиһангер соғысының тұсы, төртінші бөлімде – 1917 – жылдың төңкерісі. Осы желімен романның бірінші кітабы бітеді. Романның екінші кітабы – тұтасымен Қазақстандағы азамат соғысынан алынған…
Романның бірінші кітабының толық нұсқасы қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан 1935-жылы латын әріпімен 583 беттік көлемде басылып шығады. Аталмыш нұсқасы екінші рет 1962-жылы Ілияс Жансүгіровтің таңдамалы шығармалар жинағының 3-томында жарық көреді. 
Бір атап өтетін жайт, алғашқы және кейінгі нұсқаларында бірінші кітаптың жалғасы басылмауы оқырманды ғана емес, әдебиеттану ғылымында да түрлі ой-пікірді туғызады. 
1960-жылдары әдебиетіміздің үш арысы ақталғаннан кейін, Ілияс Жансүгіровтің  творчествосы мен өмірі жан-жақты зерттеле бастады. Сол тұста әдебиетші-ғалым Мырзабек Дүйсенов «Жолдастар» романына өз көзқарасын айқындай келе: «Жолдастар» романына Ілияс Жансүгіров о баста екі кітап етіп жазуды жоспарлаған да, бірінші кітаптің сюжетін Октябрь революциясының дайындығына арнап, екіншісін халық шаруашылығын қалпына келтіру дәуіріне арнамақ болған. Бірақ романның екінші кітабы  жазылмаған, деген пікір айтса, Ілияс Жансүгіровтің жары Фатима Ғабитова «Алыптар тағдыры» атты еңбегінде: «Жолдастар» романының екінші кітабы жазылған, бірақ жарық көрген жоқ» дегенді айтады. 
Ақиқаттың анықтау қажеттілігі өзінен-өзі түсінікті. Сол оймен Ілиястың ағайын-туыс, балаларынан сұрастырғанымызда, оның жеке архиві болуы керек деген жауап естідік. Ильфа Ілиясқызы Жандосова бір сұхбатында «Мамам Ілиястың «Жолдастар» романының екінші кітабы бар, ол әлі жарыққа шыққан жоқ деп жиі айтатын», дегені, түптің түбінде жазушының жеке архивіне еріксіз жетеледі. 
Мемлекеттік орталық архивте Ильфа Ильясқызы тапсырған құжаттар мен қолжазбалардың бәрін дерлік қарастырғанымызда, бірінші кітаптың жалғасы көзімізге ілікпеді. Алғашқы кезде қолжазба мұқабаларындағы «Жолдастар» романының «2 және 3-ші кітабы» (Ф. №1368 Оп 1Д №8); (Ф №1368 Оп 1 Д №9) деген белгілерді көргенімізде, бірінші кітаптың жалғасы бар болғаны ғой деп үміттенгенімізбен, ішіндегі жазылған жарық көрген бірінші кітаптың мазмұны болып шыққан соң, әзірге ғалым Мырзабек Дүйсеновтің пікіріне құлақ асқан жөн. 
Әрине, басқа жерден табылып қалар деген үмітіміз де жоқ емес. Дегенмен, жазылған күннің өзінде де, оның жарыққа шықпауына бір себеп бар сияқты. Өйткені, кітап толық 1935 жылы аяқталып, сол жылы бірінші кітабы жарық көрді. Ал қамауға алынғанға дейінгі екі жыл ішінде екінші кітапты бір жайлы қылу керек емес пе? Бірақ сол «Жолдастар» романың жарыққа шығаруға жазушының өзі құлықсыз болғанны анық. Тарихи себептерге сүйенсек, біріншіден сол тұстағы совет өкіметінің ұстап отырған жайсыз да солақай саясатын суреттесе «жаңа тұрғыдағы адамдар» образын шынайы, реалистік түрде бейнелесе, жазылған шығармаға ғана емес, өзінің жеке қара басына қатер туғызуы әбден ықтимал еді. Сол кездің өзінде-ақ «Жолдастар» романында «большевиктерді мазақ етіп жаздың» деген қаңсу сөздер әр-әр жерден қылаң бере бастаған-ды. 
Ал саяси ағымға лайықты жазу, «жаңа адам» образын көпірте көрсету, ол тұста оның стилінде жоқ қасиет. 1935-жылға дейінгі көптеген жанрдағы шығармаларына зер салса, жаңа жаңа өкіметті өмір-тұрмысының кейбір «көлеңке жақтарын» теңегені аз-кем болса да кездеседі. Өкіметтің негізгі қағидаларын іске асыру әр жазушының алдына қойылған міндеті десек те, бұдан кейінгі шығармаларында саяси тақырыпқа жазылғандар кейінге қалдырылып, сол тұста халықтық тұрғыдағы мұраларға көңіл бөлу тенденциясына ойыса бергенін көреміз. Басқа шығармаларын айтпағанда 1935-жылдан 1937-жылға дейінгі жазғандары «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер», «Аққала» (аштық жылдарындағы қайғылы оқиға суретеледі, бірақ  баспа беттерінде жарияланбаған) поэмалары, «Исатай-Махамбет» пьесасы, либреттосы соның жарқын дәлелі болса керек. 
Аталған туындыларды жазу барысында халықтың ғасырдан ғасырға сақталған игі дәстүрі қозғаушысы болғаның көреміз. Алайда, айналасын қоршаған орта да сол қасиетіне өзіндік күш бергенін төмендегі берілер жолдар жоққа шығармайды. 
Фатима Ғабитованың айтарлықтай қабілетінің үстіне, Ілиястан қалған мұраны көзінің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа шашпай-төкпей жеткізгенінің өзі елерліктей еңбек деп біліп, есімін ардақтауға тиіспіз. 
1995-жылы көп уақыттан бері басылмай келе жатқан естелік, эссе жанрында жазылған кітабы жарыққа шықты. Еңбекте бұрын-сонды айтылмай, жазылмай жүрген көпке мәлімсіз жайлар айтылып, талай құпиялардың сыры ашылуына мұрындық болған-ды. Соның бірі – жоғарыдағы сұрауымызға жауап боларлық бірлі-жарымды деректер: «Ол өзінің күнделік өміріне, әсіресе соңғы жылдары аса жауапты (1935-жылдан бастап) қарайтын да, жазғандарына қанағаттана қоймайтын» деген, «Жолдастар» романына қатысты болуы әбден мүмкін. Өйткені, «Жолдастар» романында жарым-жартылай совет өкіметінің жоғын жоқтар элементтердің басымырақ болып тұрғаны жасырын емес. Оған кейінірек тоқталамыз. 
Ал екінші кітапта өзі айтқанындай « … тұтасымен Қазақстандағы азамат соғысы, халық шаруашылығын қалпына келтіру дәуірі» айтылмақшы еді. Бірақ дәуір жөнінде кітапты кешеуілдетуі жөн көргенге ұқсайды. Бұл бір. Екіншіден, сол кезде Максим Горькиймен кездесуі де шығармасына талай ой түсірген сияқты. 
«…1934 — жылы августың 20-сында Москваға қарай жолға шықтық», — деп, сөзін жалғайды Фатима Ғабитова естелігінде. «Менің  әсіресе есімде қалғаны – Горкий бізді аса кішіпейілдікпен қарсы алды. Ілиястың творчестволық жоспары жайлы сұрасқанда, Ілияс «Челюскиншілер» жайлы поэма жазып жүргенін айтты… Алексей Максимович біраз ойланып тұрып: — Халық әлі де сіздің өз халқыңыздың әдет-ғұрып, сыр-мінездерімен жете таныс емес. Сізге менімше, алдымен өз халқыныздың әдебиетін жұртқа таныстыруыңыз қажет. Асылы, ең алдымен өз төңірегіңізден іздеу лазым сияқты,- деп, ақыл-кеңесін берді. Алексей Максимовичтің осы пікірі Ілияс творчествосының арнасын мүлдем өзгертті. Ілияс «Жорық» поэмасынан кейін өзіне жете таныс емес, сірә да, бір жайды жазған емес». 
Осы тұста басқа жанрдағы шығармаларымен бірге, «Жолдастар» романы да көлеңкеде қалып қоюы мүмкін. 
«Жолдастар» романының біршама кейіпкерлері мен сюжет желісіндегі оқиғалар өмірде, тарихта болған. Оны жазушы әр кейіпкердің өз ауызынан естіп отырғандай күйде жазса, кейде болуға тиісті оқиғалардан алып жазады. Сонымен бірге, оның жас кезіндегі ауылдағы көрген-білгендері де шығармасына өз жәрдемін тигізіп отырады. Тіпті, қоғамға жат пиғылды барымташы, қарақшы, ұрлықшымен де сөйлесе жұріп, көп детальдарды анықтап алғандығы сезіледі. 
Жазушының жеке архивіндегі қолжазба, қойын кітапша, жолжазба сияқты 12-ге тарта күнделіктеріндегі жазылған жайлар осы ойға еріксіз жетелейді. Мәселен, 1916-жылғы көтеріліс жөнінде есте қалғандар, «Мұхаметқали Тәтімовтің 1919-1921 – жылдардағы азамат соғысына қатысушы жайлы шағын естелігі» дейтін жазба, «Хажының ұрлығы» деген жазба (Қоянды жәрмеңкесінен малшылармен бірге қайту туралы), 1916-жылғы  Жаркент уезіндегі көтеріліс және тағы да басқа халық ішіндегі көне көз қария, оқиға ішіндегі болған адамдармен әңгімелесуі, көптеген жерлерде болуы – романға шикізат, қажетті мәлімет болғаны анық. 
Жазушы осы жиналған деректерді ысырап қылмай, бәрін ретіне қарай оқиғаның бастауы, дамуы, шиеленісуі, шарықтау шегіне дейін жоспарлап, әрқайсысын бөлшектеп алып, өзіндік эскиз жасайды. Мәселен, ««Жолдастар» романының мазмұны туралы» деген жазбасында романның қысқаша, ең негізгі кезеңдерін жазып шыққасын, басты кейіпкерлері – Сатанның, Марданның, Мәмбеттің образдарына тоқталады. Онда олардың бет-әлпеті, мінез-кескіні, оқиғадағы орны, істеген істері мен қызметтері, айналамен байланысы тәптіштей жазылған. 
Жазбалардағы оқиға мен шығармалардағы оқиғаны салыстыру кезінде ұқсастықтар кездеседі. Мәселен, Мұхаметқали Тәтімовтың басынан өткендері, Семей, Қарқаралы, Омбы қалаларында көрген оқиғалары романдағы Мәмбеттің образын жасауда пайдаланылған. Соған қарағанда, Мәмбеттің прототипі Мұхаметқали Тәтімов болуы да ықтимал. 
«1916-жылы Орынбордағы учительскиий семинарияны үздік белгімен аяқтаған Біләл Сүлеев қара жұмысқа алынған қазақтарға мың басы болып Минскіге барады» — деген дерек Фатима Ғабитованың кітабында айтылады. Шығармада Мардан қара жұмысқа алынып, сол жерде жігіттер арасында сыйлы болады. Кейін февраль революциясы болған тұста, еліне аман-есен оралады. Марданның прототипі Б.Сүлеев болмағанымен, қара жұмысқа жегілген жігіттердің өмір тұрмысын Біләл Сүлеевтен сұрап білуі де ғажап емес. Өйткені, Біләл Сүлеев Ілияс Жансүгіровтің жақын ағайыны және өз тұсында көп араласқан адамының бірі.
Міне, осындай деректерді, оқиғаларды топтастырып, хронологиялық тәртіппен романның сюжетіне пайдаланғанын архив материалдары айқын аңғартады. Жазылып, әдеби өңдеуден өткендерінің кейбір үзінділерін баспасөз беттерінде жариялап та отырған. Алғашқы үзінді 1934-жылы «Әдебиет майданы» журналының 3-4-сандарында, 18-27-беттерінде «Ақ вексель» деген атпен шығады. 
Романың прологы «Қызыл таң» деген атпен «Қазақ әдебиеті» газетінің 1935 жылғы 9-24 қазандағы сандарында басылады.
Роман прологтан басталады. Жазушы өзінің ақындық шеберлігін осы жерде өте ұтымды пайдаланған. Даладағы шу, дабырға құлақ қойған жазушы, одан жайсыз желдің сүйкімсіз уілін табады. Ол үлкен шуға алмасып, ішінен қазақ даласының сол кезендегі заман, уақыт лебін метафоралық тәлісмен алмастыра отырып, оқырманды тасыр-тұсыр, күңіренген күй әуенін тыңдаған жағдайға түсіреді. Жел күшейіп, көк күркіреп, найзағай шатыр-шұтыр етіп, нөсердің төгіп — төгіп жібергенін суреттеп, оны ел өмірімен сабақтастырады. Табиғаттың дүлей күші, оның салқыны мен аязы, жаңбыры мен қары, ыстығы мен шыжығы елдің өткен өмірі іспеттес. 
Қатты дауыл соғып, бұлт ыдырап, жұлдыздардың көрінгені, көп ұзамай таң таянып, қызыл нұрға боянуы – жаңа орнаған өкіметтің қызыл туы, соның қызылы, соның нұры екенін поэзияның құдыретті тілімен көмкеріп, бұл бүгінгі елдің жайы, қызыл таң солар үшін атып келеді дегісі келеді жазушы. 
Ілияс халықтың бүгінгі өміріне разы. Оның болашағы зор деген үмітте Қызыл тудың көкке ұмтылып бара жатқанының, оның артынан көп қызыл әскердің ілесіп жөңкілуін, елдің бүгінгі ұмтылысына балағандай. Өзінің позициясын да айқын аңғартқысы келген жазушы, ілгері ұмтылған көшпен бірге бара жатқанын сездіреді. Бірақ осы өмірге қол жеткізу де оңай бола қойған жоқ. Жеңіс, жеңіліспен алмасып отырады. Ел қиямет-қайым  кезеңді басынан өткізеді. Қан төкті, жан берді, қыл көпірдің үстінен өтіп, жаңа өмір орнатып жатқан жайы бар. 
Басына тымақ, үстіне күпі киген қазақ бұл өмірге қалай келіп, қалай қол жеткізді екен? Жазушы осыған жауап іздейді. Кітап шығарушы баспагерлерге жазған хатында ойын былай деп сабақтайды: «Романның алдында қойған мәселесі – қазақ жұмысшыларының, қазақ халқының азаттық қозғалысы октәбір төңкерісімен, Ресей пролетариатының қозғалысымен ұстасып келгендігін көрсету. Қазақ халқы октәбір төңкерісін тілеген жоқ, тек большебектер зорлап әкеліп, еріксіз тапсырды деген қазақ байшылдардың пікіріне қарсы дәлел ретінде қойылған мәселе» деп, романның жазылу мақсатын ашық айтып өтеді. 
    Сол мақсатына жету үшін, қазақтың кешегісі мен бүгінгі күнінің арасындағы 30 жыл төңірегіндегі тарихына ой толғап, оны көркем бейнелеу үшін осы романды жазуға бел шешеді. 
Романның бірінші «Бастау» тарауын жазушы Арқа жерінде Қоянды жәрмеңкесінің маңындағы бір ауылдағы жесір әйел Сәтбаланың үйіндегі екеуара сөйлесіп отырған шешесі мен үлкен баласы Тәжидің диалогтарынан бастайды. 
Әңгіме күндегі тіршілік жайы. Қазақ жерінде сауда капиталына бір ұшығы бұл үйде де таяу келген. Жан сақтап, елмен бірдей тіршілік жасау үшін үйдің үлкені Тәжидің Қоянды жәрмеңкесіне барып, Жетісу жерінен келген бай саудагер Шалматайдан «ақ вексельдеп 20 қойды бағамын деп, нотариус алдында қол қойып алады. Вексельді қойды баққандағы ақысына алатыны – үш қой мен қойдың күзгі жүні. Алған 20 қойы базарда өтпей қалған, аяғы құрттап, ақсап, күркілдеп жөтелген көксау ауру-сырқаулар. Ол өлсе, жоғалса төлейді. Байдың бұл қойлары суға салса батпайтын, отқа жақса жанбайтын, бір жаны бар темір қойлар болады. Ақ вексель кұны кесулі тұр. Енді соны Тәжи бір жыл бағу керек. Бір жыл әп — сәтте өте шығады. Сонымен не керек, жиырма қойдың жан-жағынан тиген қасқырдың тісі, ұрының қолы, қонақтың пышағы, ауылнайдың мөрі, аурудың шығыны, қыстың аларманы – бәрі араласып, бұлар қыстан үш-төрт-ақ қойды алып шығады». Байға санап тұрып, 20  қойды қайтару қажет. Уақыт – мерзімі де таянды. Не істеу керек? 
Міне, осы тұста жазушы оқушыны романның басты кейіпкерлерінің бірі – Сатанмен жүздестіреді. Ол – Тәжидің туған інісі. Тығырықтан Тәжиді осы інісі шығарады. Тәжи Сатанды Шалматайға қалған қойдың өтеуін қайтарып үшін бір жыл қызмет істеуге амалсыз беруіне тура келеді. Бұдан кейін Сатанның Жетісу жерінде бай көпес Шалматайдың есігінде өткен қор өмірі суреттеледі. Академик Мұхаметжан Қаратаев «Жолдастар» романын талдағанда Сатанға былай тоқталады: «Сатан – қазақ кедейі, пысық, әнші, домбырашы жігіт. Ол революция қарсаңында қиын-қыстау жылдары мұқтаждықтан байларға кіріптар болып, жалшылық етеді. Көп шытырман қорлық пен қиыншылықтардан өтіп, ақыры, өзі сықылды кедейлерден шыққан көзі ашық, қажырлы жолдастар тауып, 1916-жылғы оқиға тұсында таптық тартысқа шығады». 
Сатан өмірімен параллель сол кездегі қазақ жалшыларының күнделікті тіршілігі, олардың қанша қанауда жүрсе де ештеңенің байыбына бармай, барға риза, бергенге қанағат етіп, жер басып жүрулеріне жазушы наразылық білдіре жазады. 
Ал Сатан  болса, сыршыл, мұңшыл, сазгер болып өсіп келе жатқан жігіт. Бай не жалшы болсын, олардың теріс істері жас жігіттің ақ пейіліне, пәк жүрегінде дақ салады, ауыртады, қинайды. Бірте-бірте оған да жаны үйреніп, өмірдің ағысы осылай болады екен ғой деген тоқтамаға келген сәттерді басынан кешіреді. Көңіл күйі сәл пәс тартса, өзінің анасын, ағасын, үйін, бірге ойнаған құрбы-құрдастарын, туған жерін сағынып, ыңылдап ән салып, өзінің мұң-шерін өлеңге де қосады: 
«Қоянды, жолын қатты, нанның тәтті,
Айдаймыз ақсақ қойды, арық атты.
Айдаған осы жолға кедейшілік,
Арқаның арқамызға қатты батты…» — деп қояды, қой баға жүріп. 
Мұң-шерге батып жүрген тек Сатан ғана емес, романдағы осы тарауда, өзінің сүйгеніне қосыла алмай, налаға батқан Шалматайдың Нәзипа деген тоқалы да бар. Жазушы жаны қиналған екі кейіпкерді ойда жоқта кездестіріп, нағашы, жиен атандырады, қапылыста қалғанда бір-біріне қол ұшын, рухани демеу бергізеді. 
Олардың характерлері бірте-бірте оқиға үстінде мейілінше жақсы ашыла түседі. Екеуі екі бөлек адам, аралары да алшақ. Сатан кедей, ал Нәзипа болса атақты Мысық қажының ерке қызы. Екеулерін де осы ортаға тоқайластырған озбыр, қу, бай Шалматай. Сатан еліне жете алмай зарықса, Нәзипа сүйгеніне қосыла алмай қиналады. Бір өзгешелігі, Нәзипа Сатан сияқты Шалматайдан имене бермейді, қайта өзінің дегенін жасау үшін, еріксіз қосылған күйеінің мысын басуға бар күшін салады. Оның еркелігі мен серілігі өзінің шыққан тегінің мықтылығында жатыр. Ол өзінің отауында жиі қыз-келіншек, бозбала-жігіттердің басын қосып, той-думан өткізеді. Жұртқа ән айтқызып, үйдегі бар дәмдісін солардың алдына салғызады. Біреудің әйелі бола тұра, жүрегі көнбей, өзіне тең адам іздейді. Тағдырдың мойынына салғанын көтеріп жүре бермейді. Ақыры басым осыған байланған екен демей, татар мұғалімі Фазылды көңілі тартып, соны құлай сүйеді, мұнысы әшкере болғанда «әттең-ай» деген өкініш Нәзипада болмайды. Қайта мұны әдейі істегендей кейіп танытып, ешкімнен именбей, өмірдің қызығы болса, өзім тартып аламын деп заңға да, ата жолына да бас ұрмайды. Осыны бір жерге қаратып алайын деген күйеу, мойынына құрым кигізіп, жұрт алдында мақсара, әшкере еткенде еңсесін түсірмей, өр мінез танытады. 
Жазушы Нәзипаның бұл мінезін төмендегідей етіп суреттейді: «Талдай сыны, жанған жүзі, жалтыраған көзі жайнай, қабағы қаз- қалпында. Бетінің қызылы қызыл, ағы ақ, жайшылықтағы жайдары мінезінен мынандай да өзгермеген. Ол Дәукеннің жетегінде іркілмей аттап басып келеді». 
Ел дүрлігіп «аттың құрығына тағамыз, кереміз, қырықтық басамыз» деп каһарлағанда, Сатан алты қырдың астындағы әкесі Мысық қажыға хабар беріп, шақыртады да, оның жанын аман алып қалады. Ақыры ел алдында масқараға ұшыраған Нәзипаны әкесі ауылына алып кетеді. Кейін Сатанды Шалматайдың қатқан құрсауынан шығарып алған да осы Нәзипа. Мұны жазушы осы тараудың соңғы тұстарында айшықты бейнелеп көрсетеді. 
Сатанның Жетісу жерінде жалшылықта жүргенде мейілінше толыққанды ашылған образдардың бірі – Шалматай қажы. Жазушы оны осы тарауда қажетінше ел-жұртқа зорлықшыл, мейірімсіз, қу, алдампаз адам есебінде бейнелейді. Жалпы, адамдар ішінде жамандық, дау-жанжал, зорлық әкелуші ретінде көзге түседі. 
Шалматайды заман ағымына сай қанша даттағанымен бір елейтін жақсы қасиетті – ол іскер, дүние жинау, баюдың тәсілін тапқан, сынық инесін есепке алар шаруақойлығы. Сонау Жетісу жерінен Қоянды жәрмеңкесіне май айдап келіп, сауда жасайтын, жылына 70 мыңнан кем қой сатпайтын өз жерінің мыңғырған байы, тиыннан ақша туғызатын епті саудагер. Бұл қасиетімен бірге, оның басқа да адам жирендірер қырлары ерекше көзге түседі. Ол жалшы-жақыбайларға тізесіп батырып, мейірімсіздікке, қатігездікке жиі баратын адам.  Жас жігіт Сатанның қызметтегі мерзімі бітсе де, оны ұстап қалып, әлі де болса тегін пайдаланып қалғысы келеді. Сатан тек шаруға ыңғайлылығымен қатар, Шалматайдың «аса жауапты шаруаларын да» көңілдегідей істейді. Мәселен, қазақ байларының өз арасында бақталас, көре алмаушылық, қырқысу болған сәтте Шалматай Сатайды «тиімді» пайдаланады. 
Ыдырыс деген жігіт Досай деген бидің «тамыр болам» дегеніне сеніп бір түйе, бір күмісті ер-тоқым, бір құлын жарғақ бергендігін, енді Досайдың үш жыл болды ештеңе татырмағандығын Шалматайға айтады. Шалматай Досай биден ала алмай жүрген кегін есіне түсіріп, қалайда оны жер қақтырғысы келеді де Сатанды арандату үшін Досайдың жүйрік жылқысын ұрлап әкелуге жұмсайды. Қанша қауіп-қатерден өткен Сатан Шалматайдың тапсырысын сәтімен орындап келеді. Шалматайдың есебі түгел. Сатан жүйрікті ұрлап әкеліп, Досайды зар қақтырады, ал Сатан қапыда ұрлық үстінде қолға түссе, оны тәубесіне келтіргені, өйткені, соңғы кезде «еліме қайтам» деп қасарысуы мүлдем ұнамай жүр. Яғни, Шалматай өзіне қарсы келген пендені осы «тәсіл» арқылы өз қолында қарататындығынан оның қара пейілді адам екенін паш етеді. Жазушы Шалматайды қауқары мол, алпауыт аузы қарыс адам болса да, оның су жүрек қорқақтығын да әшкере қылады. 
Қазақтың көп жұртына есімі мәлім, беделді Мысық қажы қызы Нәзипаны ел алдында масқаралағанын естіп, Шалматайдың шаңырағына каһарын төге келіп: «шық, еркек болсаң!» деп, айқайға басқанда Шалматай сұңқардан қорқып, ініне тығылған саршұнақтай үйінен шыға алмай, су жүректілік танытады. Онысы «су жұқпас сумақайлығы мен түлкідей бұлаңдаған қулығы» болуы да ықтимал. 
Өйткені, Шалматай қай бір қысталаң сәтте болмасын «судан таза, сүттен ақ» болып шыға келеді. Айталық, Мысық қажыдан құтылып, басы жазым болмай аман шықса, өзінің бақталасы Шаяхметтің 400 жылқысында Қояндыдан қайтқанда қарақшы тигенде, оның жылқысы дін аман оралады. Ал  бұрыннан тісін қайрап «саған қалай жетермін?» деп жүргенде Сатанды пайдаланып, Досай биді ел алдында жерге қаратады, қапысын тауып өзіне бас игізеді. 
Жазушы романдағы Шалматайдың  образын мейілінше жан-жақты етіп бейнелейді. Ол кейде жүрегі жібімейтін қатігез, озбыр болса, бірде басын аман алып қалу үшін қорқақ, су жүрек кейіпіне енеді, кейде жер-дүниені жалғыз билеп отырған әмірші болып та кетеді. Сөйтіп, алма-кезек өзгеріп отырған, ішін алдырмас Шалматайды жазушы осы кейіпімен не үйі, не малы жоқ қарапайым жігіт Сатанға қарама-қарсы қояды. Ол аздай малға сатылған итаршылары би-болыстар, қызметшілері де Сатанға қырын қарайтын типтер есебінде  бейнеленеді. Өйткені, Сатан Шалматай сияқты жүзіқаралардың ортасынан аулақ жүруді қалайды, оларды суқаны сүймейді, бала кезден ондай адамдардан көргені қорлық, зорлық-зомбылық, арамдық сияқты жаман қасиеттер. Олар Сатан сияқты жалшыларды ит орнында көрмейді. Екі сөздерінің бірінде «оттама», «ақымақ», «ит», «шайтан», «сұмырай», «сүмелек» деген сөздермен қорлап сөйлейді. Мұндай әр айтылған сөз намысқой жігіт Сатанға шаншудай қадалады. Қорланады, қатігез тағдырына налып, жұдырығы түйіледі. Барар жер, басар тауы қалмағандай болады. Амалсыздан айтқандарына көніп, дегендеріне жүріп, бірте-бірте ой санасы кеңейе түседі. Айдалада қой бағып жүргенде: «Өмірім осылай өте бере ме? Менің де көрер қуаныш-қызығым болар ма? Байларға осылай қызмет істеп жүре берсем, бір күндері құл болармын, одан қалса баукеспе ұры, қарақшы болып, кісі қанын мойыныма жүктермін» деген ойлар жиі мазалайды да, қайткен күнде де осы ортадан басын арашаламақ болады. Бірақ нәтижеге қолы бірден жете қоймайды. Кезінде өзі құтқарып алған Нәзипа әкесінің тегеуріні арқасында, нағашысы Құсайын арқылы Шаматайдың қанды шеңгелінен босатып шығарып алады. 
Міне, Ілияс Жансүгіров екі таптық, екі лагерь кейіпкерлері – жалшы Сатан мен адуынды, бай Шалматайдың арасындағы тап тартысын осындай келіспеушіліктер арқылы сипаттайды. 
Романның бірінші тарауындағы қоғамдық тартыс үстіндегі негізгі кейіпкерлері бірте-бірте айқындала түсіп, шығармада кімнің қандай орын алатыны мінез-құлық, сөздері мен іс-қимылдарынан байқала бастайды. 
Кейінгі тарауларда белгілі бір әлеуметтік ортаның типтік бейнесі болған Сатан мен Шалматай мүлдем көрінбей кетеді. Шалматайдан басқа даладағы ел билеушілері, үстемдік жүргізушілер арасында Ықсан молда, Ахмет хазірет, Асылбек болыс, Досай би, Шаяхмет бай және тағы басқалар романның әр тұсында қылаң беріп көрінгенімен, олардың образдары толық ашылмайды. Жазушы оларды бір Шалматай образы арқылы көрсете аларлық мүмкіндікті пайдаланбаған. 
Даланың үстем таптарын бейнелеуге келгенде, жазушы шеберлік танытып, сатираның ең оңтайлы да ұтымды тәсілдерін қолданады. Жуан қарын бай-болыстардың ас ішкендегі қомағайлығы, біреудің мүлкіне көрсеқызарлығы, талғамсыз жаман қасиеттерін көзге елестетіп суреттейді. Мәселен, Ықсанның бейнесіне көз салайықшы: «Өзі үлкен үйелмендей кісі. Майдан көзі бітіп, мұрны үшкірленіп қалған. Мойны мен жауырыны тұтасып, басы итбастанып қалыпты. Омырауы есіктей болып, қарны дастарханға сүйретіліп отыр. Бұған берген қымыз  тек бір сабадан бір сабаға қотарылған сияқты. Өзі бұрынның құрсақты молда, іші кеңейген сияқты айы жақындаған әйелдей айналып отыра алмай, тек сүйретіліп отыр. Ыңқ-ыңқ етеді. Сөйлесе, қоздайтын қойдай мекіренеді». 
Жазушы үстем тап өкілдерінің итаршы, жағымсыз қызметшілеріне де жаны қас. Оларды сын-сынаққа алып, өлтіре әшкерелеуге де қаламы жүйрік. Сондай персонаждың бірі – кедейдің Дәукені. «Ол кісінің тілін тауып сөйлесе біледі. Сөйлескен адамын майлы ішектей айналдырып алады. Қатын-қалаштың арасына кіргенде, күндесті күндеске шағыстырып, тасқаяқтай қағыстыратын қу ауыз. Ол бәйбішеге барса, Нәзипаны жамандайды, Нәзипаға келсе, бәйбішеден түңіліп отырады. Малшыға жолықса, байды даттайды. Байға барғанда, жалшыны боқтайды. Дарылдауық көсе, қара шал – Дәукеннің мінезі осындай», деп мінездейді Мырзабек Дүйсенов, өзінің «Ілияс Жансүгіров» деген монографиялық еңбегінде. 
Осындай типтегі кейіпкердің бірі – Құсайын. Ол Шаяхмет байдың приказчигі. Бірақ ол Дәукенмен салыстырғанда, қалада оқыған, сауатты қызметші есебінде көрінеді. Дәукен сияқты өсек, дау-жанжал тасушы болмаса да, жылт етіп бір көрінгенде Сатанға қамқор болғанымен, Тәуке сияқты дала қыраны қолға түскенде «алмағанды алды» деп, оған жала жауып, қылмысын қалыңдата түсіп, әділет жолынан аттайды. 
Ілияс Жансүгіров сол кезде қалыптасып келе жатқан шаблонды, әсіресе, тап жауларына жиі қолданады. Дала билеушілерінің түр-тұлғасы, бет-пішінінен күлкі-әжуа, мазақ-мысқылға айналдыру мақсатымен, олардың жаза басқан қадамдарын суреттеу арқылы  бейнелейді. «Алған мөрлер кесір молданың кішкене сандығының үстіне үйме-жүйме болып отырған билердің өздеріндей тізіліп барады. Тот басқан ағаш сапты дөңгелек мөр, бота табан тас мөр, ит бас сүйек мөр, ит асық мұжық мөр, сабы мүйіз сұр соқпақ мөр, кір-кір төс қалталардан, түйіншектерден құдыретті түрде шығып жатыр. Әркімнің мөрі иесі сықылды, мықыр мойын, құнан бұқа бидің мөрі – ит асық. Шуда сақал, жалпақ мұрын бидің мөрі тот басқан шойын мөр, теке сақал пұшық бидің — өзінің мұрны сықылды пұштиып қалған. Ұзын мойын көсе қараның мөрі – сұр сопақ пұшық ұқсайды» деген суреттер арқылы сол тұстағы би-болыстардың түс-тұрпатын көзге елестетеді. Романда олардың бейнелері осылай көрінсе, істеген істері одан да сорақы. Басында сәлдесі, ауызында алласы бола тұра, көңілдеріне жақпағандарды, айыбы болмаса да, итжеккенге айдатады, жалшыларына ұрлық қылдырады, басқа біреудің қолымен өз мүддесі үшін сойыл соқтырады. Бастарына іс түсіп, балаларын ақ патшаның майданынан алып қалу үшін жүздеп, мыңдап оязға мал тығады, тіпті көнбесе, өз қыздары мен келіндерін көлденең тартқан опасыздар да ішінен табылады. 
Сатан жастайынан осы үстемдік жүргізіп «ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс» деп, жалғанды жалпағынан басып жүргендерге, не өзі, не үй-іші кисе, киімге, ішсе тамаққа жарымайды. Оңашада бұларға іштей лағынет айтқанымен, мына қатігез, сұрықсыз заманның құрсауынан қалай шығудың жолын білмейді. 
Уақыт байқамастан өте береді. Сатан өзінің иелерінің әділетсіз істерін көріп, бір жыртқыш байдан, екінші бір жыртқыш байға жалданып, ешқайсынан опа таппай, түбінде олардың араларында ешбір айырмашылық жоқ екенің түсінеді. Бұлар тұрғанда қарапайым халыққа теңдік, әділеттік, бостандық жоқ деген байламға келеді. 
Оқуы-тоқуы болмаса да, Сатан романда жасынан көкірегі ояу, сезімі ұшқыр, сөзге шебер, өнерге де таласы бар жігіт есебінде көрінеді. Орайы келгенде әсем дауысымен көкірегінен өлең-жыр төгеді, күмбірлеген күй шертіп, жұртты өзіне қарата алатын де өнері бар.  Осындай асыл қасиеттерге ие жігіт, айналадағы сорақылықтарға төзбейді. Талай рет бас көтеремін деп, соққыға жығылып, жазаға да тартылған. Дала өмірінде жанына сая таппаған жігіт, енді қалаға барып бағын сынамақшы. 
Романның осы тұсына келгенде Сатанның бейнесі көмескіленіп, көрінбей кетеді де, артынан оның орнына келесі басты кейіпкерлер Мәмбет пен Мардан пайда болады. Мұнда жазушы роман жанрындағы жиі пайдаланылатын жарыспалы (параллель) композицияны кіргізеді. Роман ішінде, өз алдында, сюжеттік желі бірінен-бірі алма-кезек баяндалады. Әрине, бұл тәсіл трилогияға тән құбылыс. Өйткені, романның кейінгі тараулары, мазмұны-мағынасы, сюжет жағынан бір-бірімен тығыз байланысты, негізі кейіпкерлері де ортақ келеді, өзара жалғасып, тұтасып та жатады. Басты кейіпкерелер әр тарауларға бірдей ортақ бола тұра, олардың әрқайсысында сол кейіпкердің өміріндегі әртүрлі кезең суреттеледі. 
Жазушы о баста бұл шығармасын үш кітапқа бөліп, трилогия етіп жазуды жоспарлағанға ұқсайды. Фатима Ғабитованың естеліктер кітабында: «Жолдастар» трилогия болатын, бітпей қалған екі кітабының материалдары бұл күнде Ілиястың өз архивінде сақтаулы» дегені тегін айтылмаса керек. 
Архивте «екінші кітап» (339 бет), «Үшінші кітап» (184 бет) деп белгіленген материалдары бары рас. Оның жайын жоғарыда атап өттік. Сондықтан, Ілияс Жансүгіров баспа бетін жарық көрмеген шығармаларды трилогия деп атауға беттемей, бірінші кітабының шығуына орай оны роман деумен шектеледі. Сондықтан біз қолымыздағы «Жолдастар» романын жан-жақты қарастырмақпыз. 
Әдебиетші-ғалым М.Атымов «Қазақ романдарының поэтикасы» деген еңбегінде: «Әңгімелеу көп жоспарда  жүргізіледі. Әуелі бір топта не жүріп жатыр – соны баяндайды. Содан кейін екінші топта жүріп жатқан оқиға баяндалады. Осылайша бір уақыттың ішінде  бірнеше новелла сала-сала болып басталып, оқиғаның даму барысында екі топтың кейіпкерлері түйіседі де, көбінесе бір таптың жеңіп, екінші таптың жеңілуімен аяқталады. Бірін-бірі қарама-қарсы топтар романның өн бойында контраст күйінде көрініп отырады. Мұндай романдардағы екі желінің бірі негізгі желі болады да, роман көбінесе сол желінің жеңілуімен аяқталды» — дегені осы романның өн бойынан табылады.
Романның төрт негізгі тарауындағы 129 эпизодында үш негізі образ сомдалып, оларды қоршаған қосалқы  кейіпкерлер бірінен кейін бірі алмасып, оқиға мың құбылып, дами келе екі лагерьдің тап күресіне тіреледі де, түбінде қарама-қарсы таптың біреуі жеңіс табады, біреуі жеңіліске ұшырайды. 
Жазушының образдар жасау жүйесі мен ол үшін қолданған шеберлік тәсілдері сан-салалы. Романдағы образдарды мейілінше ашық, қанық, шыншыл көрсету үшін Мардан мен Мәмбеттің ғұмыр хиқаялары монолог, екеуара әңгімелесу арқылы бейнеленеді. 
Мардан мен Мәмбет екеуі – бір дуанның жігіттері, бір бақырдан дәм татысқан тату жолдастар. Шыққан тектері жалшы, қарапайым орта. Екеуінің мінез-құлықтары әр түрлі. Бойларындағы от жалындары қанша ыстық болғанымен, Мәмбет Мардан сияқты намысқой, қызба «тыз» етпе емес. Бәрін де ойлап-пішіп, істің байыбына барып, шешім шығаратын сабырлы, салқын жігіт. Мәмбеттің жастық шағы жалшылық пен жоқшылықта өтеді. Ауылының жуандарына жалданып қой, қозы бағады. Әкесі Тұздыбай көп малы болмаса да, аздаған тіршілігі бар адам. Күнкөріс қамы үшін шөптен, әртүрлі тамырдан дәрі жасап, ел-жұртқа сатады. Баласының дұрыс адам болып, ел қатарына қосылуына бар күш-қайратын, ақылын аямайды. Оқытқысы келеді-ақ, бірақ қолы қысқа, Сатанның ағасы Тәжи сияқты, Тұздыбай да еріксіз Мәмбетті Сүлеймен байға өзінің жанын бағып, тамақ асырау үшін береді. 
Иен далада жалғыз қой-қозы бағып жүріп, ұзақ күнге қарны ашқан бала қорықтық жасап ішеді.  Осы тұста жазушы халықтың қорықтық жасау әдісін әдемі суреттейді. Саптыаяққа қойдан сүт сауып алып, оған тезекке қызған ыстық тастардан салып, қайнатып ішсе, қоймалжың сүт бал татып, маңдайдан шып-шып тер шығарып, қарынды ашытқызбайды. (Бұл әдістері Ілиястың бала кезінде қой-қозы бағып жүргенде жастайындағы осы эпизодты көркемдеп жазуға өз септігін тигізеді). 
Қорықтық жасап, көңілі жайланған бала ұйқыға кетеді. Сол тұста қорықтық жасаған жерден өрт шығып, жерді қаулап, қыстақтағы мал жайылатын орынның шөбі өртеніп кетеді.  Сол үшін Сүлеймен байдан таяққа жығылған бала, бір атты ұрлап алып, үйіне қашып барады. Түптің түбінде дала өмірінен ешбір рахым көрмеген жігіт қалаға барып басын тірейді. Онда Марданға кездесіп, екеуі қала байларына жалданып, түрлі жерде жұмыс істейді. 
Қала өмірі де оларды қабақ ашып  қарсы алмайды. Қайда барса да «Қорқыттың көрі» дегендей, жалшылық, зорлық-зомбылық, ақы жеу, әділетсіздік аяқ бастырмайды. Енді не істемек? 
Дегенімен, өмірдің мәнін қалада жүріп түсінеді. Талай адамдармен кездесіп, дәм-тұздас болып, талай ел-жерді көріп, әлеуметтік теңсіздіктің арасын ажыратар күйге жетеді. Есейіп, ер жетіп, өздерінің жанындағы достарын қандай да бір ауыр қиын-қыстау шақтан арашалап та алады. Келе-келе тек айналасындағы достары ғана емес, сонымен бірге халық қамын ойлаушы, солардың күйін күйттеуші дәрежесіне көтеріледі. 
Бұл жолдарда олар параходта матрос, теміржолда, завод-фабрикаларда жұмысшы, бай-көпестерде ат жүргізіп, жүкші болып талай ауыр жұмыс атқарады. Бірақ  бостандық, теңдік, әділеттік, бақыт деген асыл ұғымдар олардың қаперіне де кірмейді. Тіршілік жасап, тамақ асыраса болғаны. 
Жазушы олардың өмір өткелдерін суреттегенде, болмысты реальдық түрде бейнелейді. Оларды кейде ұр да жық бұзық, баукеспе ұры кейіпінде көруге болады. Арақ пен бұзылған әйелдерге де әуестіктері де жоқ емес. Осындай кезеңді бастан кешірген өмірдің шындық бет-бейнесін, ыстық-суығы, ащы-тұщысын танып білу мүмкін емес деген қағиданы ұстанған жазушы, оны басты кейіпкерлерге телитін тұстары да кездеседі. 
Мысалы, Сатан 1916-жылдың дүрбелеңін пайдаланып, «жазаға тартпас» деген оймен, жаймашуақ жатқан елдің жүйрік атын ұрлайды (234-бет). Қасындағы серіктері — Қышақ пен Пышаққа, нағашысы Әбішке де бір-бір ат мінгізеді (237-бет). Ал ас-сорпа ішкілері келсе, Сатан ешбір қиналмастан қапысын тауып, бір қойды өңгеріп әкеледі (239-бет).
Ұрлықтың аты ұрлық болғанымен, жазушы Сатанды «байдың, болыстың малын ұрлады» деген желеумен жамандыққа қимайды. 
Роман басында жүк басында тиелген керуендерге дәулетті адамдардың пәуескесіне, трашпеңке-арбаларына, малдарына шабуыл жасап, қарақшылықпен тіршілік етіп жүрген Тәуке батыр мен Самалықтар да елдің қамы үшін, солардың кегін қайтарушы есебінде көрінеді (110-бет).
Мардан талай жуандардың есігінде жалшы болып жүргенінде олардын талай қорлық пен қасірет көреді. Бірақ тек жалшы болып қана жүрмей, сонымен бірге қожайындардың әйелдерін теріс жолға салушы ролінде де көзге түседі  (125,132,134-беттер). 
Сатан өзінің серіктестері жас жігіттермен араққа тойып алып, төбелес шығарады. Одан қалса «қыз сатылатын орынға» барулары да (262-бет), өмірден алынған шындық. 
Жазушы осы детальдар арқылы кейіпкерлердің қандай жолдан өтіп, қандай сұмдық кесапат көргендерін бүркемелемей, ашық, реалистік суреттер мен шынайы сюжеттер арқылы жаңа адамның қалыптасу эволюциясын қызықтыра, сендіре оқырманының алдына тартады. 
Оқиғаның сюжеттік желісінің ширығуы 1916-жылғы халық көтерілісінің алдындағы ел іші мен қаладағы жағдайларды суреттейтін экспозициядан басталады. 
Ел үркулі. Қаладағы Сатан, Мардан, Мәмбет және олардың бірқатар достары бір орнында байыз таппай, көңілдері өрекпіп әр-әр жерге жөңкіледі. Өздері істейтін жұмыс орнында жан-жақтан жіберілген өкілдер, жер аударылған «саяси қызметкерлер», жұмысшылар Ресейдегі 1905-жылғы дүмпудің, патшаның құлайтындығы туралы әрқилы үгіт-насихат жүргізеді. 
Жазушы осындай адамдардың ішінде көрген-білгені көп, саяси сауатты, сөзге шешен, қарапайым халыққа қамқор болып жүрген орыс жұмысшылары – большевиктер Михайлов, Герасимов, Орлов, Ловковалардың арқасында істің ақ-қарасын түсініп, тап күресінің қағидаларымен танысып, қазақ жігітттерінің нағыз идеялық күрескерлерге айналуын баса айтады. Олар жігіттерге тап жауларымен күресу үшін стихиялы түрде емес, бірлесіп, қоян-қолтық араласып, ұйымдаса күресу керектігін түсіндіреді. 
«Егер де бір буда сыпыртқыны тұтасымен сындырса, қолдың күші жетпейді. Егер оны бір-бірлеп исе, бірің де оңай сындыруға болады. Егер біріксеңдер, сендер – үлкен күшсіңдер» — дейді, Герасимов Мардан мен оның бірге жүрген достарына. Ол – Тагил заводының қарт жұмысшысы, Екібастұзда астыртын большевиктер ұйымын құрып, Марданды сол ұйымға кіргізіп, өз халқын азат пен қорлықтан құтқару жайлы көп ақыл-кеңес береді. 
Романдағы Мардан образы да – айтарлықтай үлкен орын алатын кейіпкерлердің бірі. Басқалармен салыстырғанда күш-қуаты мол, нағыз революциялық істерге араласа алатын қасиеттер оның өн бойынан табылады. Кез-келген қолымен істегенді мойнымен көтеріп жүре беретін тік мінездігі үшін айналасындағы достары оны құрмет тұтады. Ал «ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүргендері», әділетсіздікке жиі баратындар қатары Марданға жаны қас. Реті келгенде оны шалып қалып, тәубесіне келтіруге дайын тұрады. Сондайлардың торына түсіп қалып, көп қазақ жігіттерімен майданға окоп қазуға да аттандырылады. 
Майданда көрген азабы Марданды біршама ширықтырып, істің ақ-қарасын тануға мүмкіндік туғызады. Мінез-құлқы, дүниеге деген көзқарасы өзгереді. Дұшпаны мен қасы, дос – жараны кім екенін айқын ажырата алады. Оның санасына бұдан кейін қарапайым халықты әділеттік пен бостандыққа қалай жеткізу туралы ой мазалайды. 
Бірте-бірте рухани сана-сезімі оянып, билеуші тапқа деген кекшілдігі мен өшпенділігі саналы революциялық идеяға ауысады. Бұл қоғамдық құрылыстың түбі құритынына сенген ол: «Бүгін сендер біздің біреуімізді түрмеге тықсандар, ертең оның орнына мыңдаған адам келеді» — дейді ашуға мінген Мардан түрмеге қамарда. 
Роман соңында майданнан оралған Мардан ой-санасы кеңіген, жан-жағын барлай алатын, революциялық істерге еркін араласып, өзінің артынан қарапайым халықтың мүддесін ойлайтын адамдарды ерте алатын образ ретінде көрінеді. 
Шығармадағы Сатан, Мардан, Мәмбет образдары мейілінше нанымды, шынайы бейнеленген. Олардың әр қимыл-әрекеттері өмірге, шындыққа жанасатындай суретеледі. Жазушының идеясы – осы үш кейіпкер арқылы жеке адамның тағдырын бейнелеп, бүкіл бір елдің тарихын көркем шығармамен көрсету. Тек олардың революцияға, үлкен өмірге дайындығы ғана  жан-жақты жазылғанымен, оған қоян-қолтық араласып кете алмай қалып қоюлары, көштің барар жеріне жетпей, жарты жолда тоқырап тұрып қалғандай сезімде қалдырады. Бұған шығарманың жалғасының табылмағаны да «кінәлі» сияқты. 
Романда мінез-құлқы, сырт бейнелері әр басқа екі жүзге тарта кейіпкерлер қатысады. Олардың біреуі түрлі оқиғаларға белсене қатысса, екіншілердің тек аттары ғана аталып, ұсақталып кетеді. Көп ретте Сатан, Мардан, Мәмбет әрекеттерімен байланысты ғана көрсетіледі. Әрқайсысының  таңдаған жолы, арманы, көздеген мақсаты әр басқа болғанымен, басты кейіпкерлердің романдағы алар ролін, орнын шындыққа жанаспайтындай деңгейде пайдаланылған. Мәселен, Байғарау деген жігіт үш негізгі кейіпкерге де қатысы бар, олардың ортақ достары. Қазақ ішіндегі оқығаны көп болғанымен, оны орнына жұмсай алмайтын әлжуаз кейіпте көрінеді. Бірақ айналасындағы саяси ахуалды газет-журналдардан оқып алып, достарының көбін саясат соқырлықтан құтқаруда үлкен роль атқарып жүреді. 
Аяпберген ауылдың ақсақалы. Әке-шешесі жоқ тұлдай жетім Марданға қамқор болып жүрген адам. Халық қасіреті, оның болашағы туралы ойлар оған күндіз-түні маза бермей қинайды. Бетіндегі терең әжімдер, басындағы аппақ қудай шашы соңын айғағы тәрізді. Аяпберген айла-амалдан ада ада емес. Ауылдарына жау тиіп, еркектерін қосақтап байлап әкеткенде, ол тайқазанды төңкеріп соның астында тығылып қалып, кейін баскөтерер азамат ретінде өкімет орнына барып арызданып, көп істі атқарғандығы қызғылықты, күлкілі эпизодтармен жазылған. 
Субай қазақ ішінде іріткі салушы ретінде көзге түседі. Ол сот орнында істейтін адвокат. Ойы – қалайда қазақ жігіттерін ұйымдастырып, «Үш жүз» деген партия құрып, сол арқылы өкімет билігіне  қол жеткізу, ел-жұрттың үстінен басқару. Бірақ ол ойына жете алмайды. Өйткені, ол тек өзінің ғана жанын күйттеген адам. Соны түсінген қарпайым халық одан іргесін аулақ салады. Әрине, «үш жүз» партиясын құрған Көлбай Тоғысовты мұнын прототипі деуге болмағанымен, кейбір деректердің ұқсастығы жоқ та емес. 
«Жолдастар» романында тарихи тұлғаладың есімдері де ұшырасады. Жазушы Субайды бейнелей отыра, сол тұстағы «Алаш» партиясының ірі қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтарды жол-жөнекей атап өтеді. Сол тұстағы саяси ахуалға байланысты оларға бейтарап көзқарас  дарытылған. Ал Субай адвокат қалада оқып жүрген оқушылар, «Бірлік» қауымның мүшелерімен әңгімелесу үстінде «Алашшыларды» мақтаудан гөрі, даттауға көп ойысады: «Слушайте, азаматтар. Олардың істеп жүргені қара қазақтың қамы емес, жұртты бүлдіру… Алаш деген атты былғау… оны жасап отырғандар – қазақтың қашаннан қанын сорып келе жатқан хан мен төренің тұқымдары. 
Төренің қасында қазақтың қарасынан шыққан маубас Ахмет деген жырауы бар, Міржақып деген атқосшысы бар. Олардың айналасында «Ғалия», «Хұсанияларды» оқыдық дейтін жәдит жаялығында өскен бір топ төлеңгіттері бар. Амалың бар ма, балта сабы өзіміздің ағаштан, төренің атшысы өзіміздің алаштан…  Қазақтың соры әлі қайнап отыр. Үш жүз жыл патшалық құрған Романов нәсілінен құтылсақ та Бөкейхан нәсілінен құтылу бізге нәсіп болмай отыр. Міне, көрдіңдер ме, менің Ташкентте шығарған «Алаш» атты газетімнің атын партиясына қойып алып, қоңырсытып жатқанын…» — дегені, Ілиястың сол кездегі ой-пікірді малданғанын аңғартып тастайды. 
Тарихи тұлғалардың бірі, спорт аренасында үлкен өнер көрсеткен атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімі де айқын аталады. Омбы қаласында циркте оның әлем чемпионы Мартыновпен күресі айшықты тілмен суреттелген. Әрине, бұлардың тарихы шындық деп қабылдау орынды бола бермек емес. 
Романда үлкен орын алған кейіпкерлер — өздерінің бас бостандығын, теңдігін аңсаған Күлзейне, Нәзипа, Күлән, Қамаш сияқты қазақ әйелдерінің бейнелері. Қанша арпалысып әрекет еткендермен өздерінің сүйгендеріне қосыла алмай өмірлері өкініш, налаға толады. Әсіресе, әйелдер ішінде Күлзейненің тағдыры ауыр да аянышты. Әке-шешесі оны жастай Үсейін деген саудагерге тоқалдыққа берген күннен бастап оның соры екі есе қалыңдай түседі. Күндердің ылаңы мен күнделікті ауыр жұмыстың үстіне көңілі қалаған адамын ойлап жүрегі қарс айырылады. Тағдыр оны Марданмен жанастырады. Олардың бір-біріне деген ынтық сезімдерін, жасырын кездесулерін, біріне-бірі бөліскен мұң-шерін мейілінше қызықтыра, натуралдық бедер-бояумен суреттей келе, финалында екеуін еріксіз қош айтыстырады. 
Романда Күлән деген қыздың тағдыры Күлзейнеге ұқсас. Көңілінде еш жамандығы  жоқ, ақкөңіл, нәзік жанды қыз адал махаббатты қалап, өзінің сүйгені қосылу үшін небір кедергі-қамалдардан өтеді. Бірақ ата заңы оны арманына үлкен тосқауыл болып, мұң-қайғыға дұшар етеді. 
Жалпы романның өн бойында кезігетін қыз-ер кейіпкерлердің көбісі эпизоттық қана роль атқарып, образ дәрежесіне жете алмай қалғанын көреміз. Бұдан әлі роман жанрын толық игеріп болмаған профессионалдық тәжірибенің аздығы да себеп болуы ғажап емес. 
«Жолдастар» романы шұрайлы тілге бай. Жазушы халықтың қазыналы тілінің небір сұлу иірімдері мен айшықтысын ең керекті тұстарда орнымен пайдаланған. Әсіресе, пейзаж жасау, адам портреттерін суреттеу амалдарын кейіпкерлердің екеуара сөйлесу сәттерінде молынан қажетіне асырады: «Ортада дөмбірдей ақ үй, оған таяу жалпиып тігілген қоңыр үй, екеуі де өзге үйлердің ішінде салтанатты көрінеді. Ақ үйдің оң жағында бәтеспен қаптаған, манат, бөрлат, қызыл мақпалмен оймышталған әсем отау тұр… Ауылдың онан басқа оншақты үйі қоңыр, қара үйлерден, қос, лашықтан құралған. Лашықтардың адамдары ию-қию болып, кешкі қойды сауып жатыр. Қой-қозы маңырап, сиыр-бұзау мөңіреп, қора жақ у-шу… Әне, байдың өз үйі арбиған ақ шабдар бүйінің дәл өзі. Қасындағы қоңыр үй — өрмекші. Отауы – бүйінің жұмыртқасы. Ауылдың өзге қара лашық, қоңсылары кәдімгі бүйінің торына түскен шыбын, қоңыз, паруана көбелектер сияқты!» 
Қазақ ауылының жайма-шуақ жатқан кешкі уақыттағы сырт көрінісін жазушы осы панорамалық пейзажбен әдемі суреттей келе, «бай үйін бүйі, ал кедей үйі соның торына түскен шыбын, қоңыз, паруана көбелек» деп тап арасындағы айырмашылықты да сыздықтатып болар-болмас қыстырып та қояды. 
Табиғат суретін беруде де жазушы алдыңғысынан кем түспейді. Қылқалам суретшінің салған портретіндей көрініс кейіпкердің көңіл-күйімен дәл сәйкесіп жатады: «Жаз күні  ыстықта қоңыр тау құрысқан тері сияқты. Шөл жерге қырау түсіп, қар жаумай бұл таудың маңайын мекендеп жүрген аң да – қара құйрық, қоян, қасқыр, құс та – бөктері, сауысқан, адам да – жол тосқан ұрылар ғана. Көсеумен шұқылап, отқа пісірген бауырдай қара быжырық таудың жыраларында жылт еткен су жоқ… Күні шыжып, тасы ысып, аңызақ желі ұдайы соғады. Сайлардың ішінде шанжағайлап біткен седірең тобылғы, тырбақай бозқарағандар болмаса, берекелі шөп те жоқ. Бұта да, шөп те таздың шашындай» — деп суреттейді.
Қазақ даласында жаздың нағыз аптап ыстығында жазушының суреттегендей жер аз ба?
Ал оны қысқа тұжырымды, қарапайым қара сөзбен көзге елестеткендей көрсету, берекелі сурет, бояу, колорит таба білу – кез-келген жазушының қолынан келе бермес. 
Табиғат құбылыстарын жандандырып, кейіптеу тәсілімен көзге елестету, оларды адамның көңіл-күйіне сәйкесті суреттеу дегеніміз – адамзаттың ішкі жан-дүниесін түсіну арқылы, оны қоршаған ортаның тылсым, құпиясымен байланыстыру. Бұл жайында ілиястанушы ғалым, профессор Мырзабек Дүйсенов былай дейді: «Жолдастар» романының тілі бай, жазушы табиғатты, адам портретін беруде үлкен шеберлік көрсете алған». 
Ілияс Жансүгіров – нағыз табиғат суретшісі. Жазушының бұл қасиеті туралы қылқалам суретшісі Әубәкір Ысмайылов былай деп есіне алады: «1936 жыл. Маусым. Қазіргі «Просвещенец» демалыс үйінде жатқам. Бұл жер «Теріс бұтақ жайлауы» делінетін ол кезде. Ілекең де киіз үй тіккізіп сонда жатқан. 
Бір күні, күн енді шығар кезде, таң суретін тамашалайын деп бір белден ассам, анадай қорым тастың үстінде Ілекең отыр екен. Отырысы – кәдімгі қанатын қомдаған бүркіт сияқты, алыс қарап отырған тастүйін мүсін. Өзінің бітімі де сондай еді, жарықтық. Қасына келдім. Сол отырған бойда Алматының үстін ала алыс көкжиекті нұсқады Ілекең. 
«Қарашы әне, — деді, — соно-ау көз жетер жерден бері қат-қат, қабат-қабат бояу қанша. Солар бір-бірімен астасып қалай құлпырады – кәдімгі қырғауылдың қанаты емес пе? Сол сурет, сол бояудың алыстаған сайын мұнарлануы қандай әдемі! – Сөйлейді де, қайтадан тастүйін боп үндемей отырып қалды. Мен «бұл не деген пейзажист адам еді. Нағыз суретшінің көзі, нағыз ақынның тілі бар бойға қалай сыйған?» деймін ішімнен. 
Ілекең енді көзін маған салып: — Табиғат анаң. Оны сүю керек. сонда оны жазбасқа шамаң болмайды, — деді. 
Осыдан кейін мен қатты әсерленіп, сол жердің табиғатынан бірнеше этюд жаздым. Және Ілекеңнің әлгі сөзі әсте есімнен кеткен емес. Ол нағыз суретші еді!» деген Ілияс Жансүгіровтің суреткерлік қырының тағы бір бөлшегін айғақтары анық. 
Жазушы қазақ халқының әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын, мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерін романда барынша  мол пайдаланған. Романды оқыған адам, еріксіз халықтың мол рухани қазынасынан сусындай отырып, оның қаншама бай диапазонына, жазушының қазақ өмірінің тұрмыс-салтының тамаша білгірі екендігіне көңіо тоқталады. Ондағы қанық бояулы, жанды бейнелі картиналар, этнографиялық экзотика, тұрмыс суреттері шағын штрих, кішкентай деталь арқылы көрініс беріп, шығарманың көркемдік, композициялық нышандарына үлкен шырай-көрік берген. 
Қаламгер бұл көріністерді жөнсіз жерге тықпалай бермей, әр детальды кірпіш қалаған құрылысшыдай орын орныға оқиға, сюжеттік желімен жымдастыра жайғастырған. Айталық, революцияға дейінгі қазақ ішіндегі би-болыстардың айыбы бар адамға жаза кесу реті, ораза кезіндегі ел ішіндегі ауыз ашар, ауа-райы кеселіне қарай тасаттық жасау, қыз бен жігіт айтысы, қорықтық дайындау, алыс жолға шыққанда ат соқпас үшін кеудені таңып, ішті байлап алу, ұрлық, қарақшылық, барымташының оңтайлы тәсілдері тағы да басқа халық ішіндегі тұрмыстық қажеттіліктер романда мейілінше толыққанды көрініс тауып, этнографиялық маңызға ие болды деу артық айтқандық емес. 
Мақал-мәтелдер мен халық нақылдарының небір сирек кездесетін түрлерін романда өмірде болған адамдардың іс-қимылын дәл көрсету, жеке мінездерді, кейіпкерді бағалау,тартыс оқиғаларды бағамдау, авторлық концепциядан хабардар ету үшін пайдаланған. Мысалы, «Бөдененің үйі жоқ, қайда барса бытпылдақ», «Күштің дүмі диірмен тартады», «Тәңір асырған тоқтыны бөрі де жемейді», «Өзі қорлықтан жат қорлық жақсы», «Аттының аяғын, жаяудың таяғын алған қу ғой», «Анасы басқаны, құдай қосады, үйірі басқаны ноқта қосады, туысы басқаны құшақ қосады», «Қаңтар тумай қарға жарымайсың, қажыға бармай дауға жарымайсың» деген халық нақылдары жоғарыдағы ойымызды қуаттары хақ. 
«Жолдастар» романына арнайы зерттеу жасаған профессор Рахманкұл Бердібаев: «Ілияс Жансүгіровтің романы көп жағынан әлі де мәнін жоймаған, кезінде прозаның дамуында көрнекті роль ойнаған шығарма. «Жолдастар» халық өмірінде өшпес із тастаған ұлы өрлеу, күрес оқиғаларына автордың қаншалықты үлкен мән бергенін, азаматтық анық тұрғысынан да сипаттайтын ескерткіш» деп бағалайды. 
Көп жерінде астарлы әзіл мен қалжың, кекесін, мысқылы кездеседі. Оны өзі оқырман көңілін жадыратады, еріксіз күлкі тудыртады. Кейіпкерлердің диалог пен монологтары өздеріне сәйкес сән берген. Романның сюжетті баяу дамығанымен, кейіпкерлердің мінез-құлқы мен іс-әрекеттері айқын тәптіштеліп көрсетілгендіктен өзіне тартар әсері мол және шыншыл. 
Алайда, сыртқы мазмұны, тартымдылығы шығарманың тереңдігіне сәйкес келе бермейтін тұстары бар екендігін айтқан жөн. Үш негізгі кейіпкердің өмір жолдарын көрсету үшін жазушы нақтылы суреттер мен бейнелеулерден ауытқып, образдардың характерін ашуға тікелей қатысы жоқ шытырман оқиғаға толы сюжеттерді енгізгендігі романның логикалық байланысына едәуір ауырлық әкелген. Бір оқиға екінші оқиғамен байланыспай орта жолда қалдырылып, сюжеттік желі дұрыс тартылмай, кейбір кейіпкерлер образдары қомақталмай қалған тұстары да кездеседі. Бұл көбіне романдағы «Мәуліт мейрамы», «Цирк», «Жөгер, жоғары шық», «Тышқанға өлім, мысыққа ойын», «Парад, прошу», «Құшақтан – пышаққа» деген бөлімдеріне қатысы бар. 
«Жолдастар» романы — әдебиет майданындағы проза саласы бойынша жазылған жазушының ең тұңғыш та соңғы көлемді шығармасы. Совет әдебиетінде осынау жанр отызыншы жылдарда кемелденді десек те, прозаның күрделі түрінің алғашқы тәжірибелеріндегі осындай кемшіліктер, сол жылдардағы қазақ прозасының роман жанрындағы ортақ кемшілік екендігін әдебиеттану ғылымы жоққа шығармайды. 
Ілияс Жансүгіровтің ауыз әдебиетінде, халықтық мұраға қатыстылығы жайлы арнайы зерттеу жазған ілиястанушы ғалым Есберген Естаев төмендегідей пікір білдіреді. «Бабамыздың мұраға қалдырған ел әдебиетінің тамаша үлгілері Ілиястың поэмаларында, дастандарында, толғауларында, фельетондарында, пьесалары мен прозаларында көптеп кездеседі. Мысалы, «Жолдастар» романында Абуғалисина деген тау ішінде жүріп , бір үңгірге түсіп кетіпті. Онда кітап көп екен. Осы сықылды күңгірт шам жағып бір шал кітап оқып отыр екен. Абуғалисинаны шал өз қасына алып, қырық жыл сабақ берген екен. Қырық жылдан кейін Абуғалисинаны шал: «Енді оқып болды», жарыққа шық мен оқытқан он екі пәнді жер жүзіне жай», — деп қоя берген екен. Осы дүниедегі барлық өнер, білім сол Абуғалисинадан тараған екен деуші еді» деген жолдар – Мәмбеттің оқып отырғанын көргенде Тұздыбайдың айтқаны, деп есіне түсірген әңгімесі. Осы арқылы автор жұрттың сауаттылыққа ұмтылуын, геройының ой-өрісінің ояна бастағанын көрсетеді. 
Ал Қажен деген таздың көзінен жас ағызатын Жұмалының «Қатқан шалмын» әнінің: 
Мен өзім, шал да болса, қатқан шалмын,
Сақалға меруерт-маржан таққан шалмын.
Боз бала, ішің күйсе, тұз жалаңдар,
Қойнына талай қыздың жатқан шалмын, — деген шумағын да, сыбызғыдай сызылып, ботадай сыздатып Сатан салатын ашық үнді арқаның атақты «Ардағын» да, қызбен айтысатын Тәуке батырдың «Елім-айын» да, арбаға таңып «жер аударғанда» зарлататын «Қарғам-ау» әнін де осы романнан  табамыз»,- дейді. 
«Жолдастар» романы – ірі де іргелі, қанаты кең реалистік шығарма. Осы жерде тағы бір айтатын жайт, «І.Жансүгіров мұнда өмірдің, қазақ әдебиетінде бұрын мүлдем көтерілмеген, тіпті тың жатқан салаларын қозғады. Мысалы, қала өмірі – 1916 жылы майданға алынған қазақтардың қара жұмыстардағы хал-жайы, өндірісте, құрылыста, параход пристанына жұмыс істеген қазақ еңбекшілерінің күші, бұрын әдебиеттен мүлдем сөз болмаған. Бұл жаңалық қазақ әдебиетінің тақырыптық шеңберін кеңейтті. Образдар галереясын толықтырады, өмір танытқыш орайын ұлғайтты. Осыған сәйкес  қазақ прозасында суреттеу мен бейнелеу мүмкіндіктері молайды» деген үлкен ой-пікір білдіреді, академик Мұхаметжан Қаратаев, өзінің «Социалистік реализм және қазақ прозасының даму жолдары» атты еңбегінде. 
«Жолдастар» романының жазылу мақсаты – қазақ еліндегі таптық, әлеуметтік қайшылықтар мен тартыстардың нақты ағысын көрсету, стихиялық қарсыласу, күресу үстінде қарапайым халықтың  шынығу процесін суреттеу болып табылады. Сонымен қатар, романда кедейлер мен байлар арасының мәмлеге келмес қайшылығы, ел билеушілердің өзара келіспеушіліктері, өз қожайындарынан қорлық, зәбір көріп көріп, қарақшы, ұрлықшыға айналған өжет жігіттер жайлы, жұмыс іздеп қалаға келген адамдар өмірі, сол тұстағы жұмысшылардың таптық санасының өсу жолдары 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалыстың көріністері, февраль революциясынан кейінгі дүрбелең оқиға шығармаға арқау болған. 
Жазушы халық өмірін кең көлемде көрсетуді мақсат етеді де, әртүрлі топтардың тіршілігін, ұстаған бағыттын, халықтың әдет-ғұрып, салт-санасын мүмкіндігінше кең қамтуға тырысады. Кейіпкерлер де, оқиғалар да көп. Дегенмен, жазушы ең негізгі кейіпкерлер Сатан, Мардан, Мәмбет сынды қазақ жігіттерінің іс-әрекеттері арқылы шығарманың ішкі сілемін, болмыс-бітімін сыртқа шығарады. Бұлардың қай-қайсысы да саналы түрде саяси күреске түскендер емес, өмірдің тәттісін, ащысын көре жүріп есейгендер, алдағы қатал сындарға төтеп берерлік тәжірибе жинағандар. 
Қорыта айтқанда, «Жолдастар» романы – қазіргі әдебиет әлеміне қоғам өмірінде болып өткен қыруар құбылыстарды эпопеялық үлгіде көрсете алатын шығарма. Сонымен қатар, роман жазудың тың үлгісі есебінде, көркем образ, жаңа түр, халқының тіл қазынасын шебер пайдалану тұрғысында да өз дәуірінің үні, сыры мен шыны асқан реалистікпен жазылғаны – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған елеулі үлес. Қазіргі кезде Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» романы қазақ прозасының тарихында елеулі орын алады. Өйткені, қазақ халқының өткен өмірі, оның революцияға келуі, қазақ төңкерісшілерінің қалыптасуы туралы мағлұматты көп жағдайда қазіргі және кейінгі ұрпақ осы туындыдан алары сөзсіз. 

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1.    І.Жансүгiров прозасындағы кейiпкерлердi бейнелеу тәсiлдерi.
2.    Iлияс – фольклорист.
3.    Iлиястың “Жолдастар” романындағы кейіпкерлер бейнесі.
4.    I.Жансүгiров шығармаларының зерттелу жайы.
5.     Iлиястың өмірі туралы дерек.
6.    I.Жансүгiров поэзиясындағы дидактикалық мәселелер.
7.     Iлиястың эпикалық шығармаларындағы ел өмірі.

              Әдебиеттер:

1. Байтұрсынов А.Әдебиет танытқыш. Шығармалары. А.,1989
2.Дүйсенов М. Ілияс Жансүгіров. Монография. А.,1965.
3. Әбдірахманова Т. Ақын арманы. А., Жазушы. 1965.
4.Ақберен. Жинақ.- А.,1972.
5.Абылқасымов Б. Жанр толгау в казахской устной поэзий.- А.,1984.
6.    Абылайхан. Тарихи жырлар.- А.,1993.
7.    Әдеби мұра және оны зерттеу.- А.,1961.
8.    Әуезов М.Әдебиет тарихы.- А.,1991.
9.    Әуезов М. Әр жылдар ойлары. А.,1959.
10.    Иманғазинов М. Жан қайығын жарға ұрдым. А.,1994.
11.    Бердiбай Р.Қазақ эпосы А.,1995.
12.    Бес ғасыр жырлайды. I том. А.,1993.
13.    Иманғазинов М.Ілияс прозасындағы  дәуір дидары. Т.,2000ж.


Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi
Iлияс Жансүгiров атындағы Жетiсу мемлекеттiк университетi

Қазақ филологиясы және журналистика кафедрасы

Ілиястану

арнаулы курсы бойынша оқу құралы

Жоғары оқу орындарының филология мамандықтары ішіндегі 5В011700 – қазақ тілі мен әдебиеті студенттеріне студенттеріне арналған «Ілиястану» арнаулы курсы бойынша оқу құралы. – Талдықорған: 2014.-  118 — бет.

Ілияс Жансүгіров өмірі мен  шығармашылығына арналған «Ілиястану» арнаулы курсы бойынша оқу құралының авторы, қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы М.М.Иманғазинов.

Пікір жазғандар:
  Филология ғылымдарының докторы, профессор   Т.Сыдықов;
  Филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.Мәдиев;
  Филология ғылымдарының кандидаты, доцент  С.Қожағұлов      


©Iлияс Жансүгiров атындағы Жетiсу мемлекеттiк университетi,
2014 жыл

Тағы да оқыңыз