“Жер таппан жерге жетер Жетісуым…» Иманғазинов Мұратбек, Саякупова Еркежан

“Жер таппан жерге жетер Жетісуым…"

              
Халқымыздың құт-береке дарыған, ежелден ақындық, батырлық, даналық мекені Жетісу өлкесінің перзенті Ілияс көкірегіне жас күнінен бастап ән мен жырдың, өлең мен күйдің небір асыл нұсқалары ұялаған. Табиғатынан дарынды жаратылған зерек бала ел даналығы дариясында еркін жүзіп, уызға жарып, асыл байлықты бойына сіңіре білген.
    Ілияс Жансүгiров творчествосының сан қырлы стильдiк жағынан өэiне ғана тән ерекшелiктерi, характер сомдауы, оқиға iрiктеу, оны қиыстыру шеберлiктерi, өмiр шындығынан көркемдiк шындық жасау ұсталығы, тiл байлығы ешкімге ұқсамайды. 1909 жылдан бері жарыққа шыққан «Күзгі гүлге», “Әнші апама” деген өлеңнен бастап, 1920 жылдарға дейінгі “Жетісу суреттері”, “Ағынды менің Ақсуым” деген өлеңдеріне дейінгі аралықтағы поэзиясы туған жердің сұлу сазды бейнелері, Жетісу жерінің әр түрлі табиғат штрихтары көзге ыстық, көңілге жылу ұялатады.    Олар қазақ қауымының қалың оқырманның ойына ой, сезіміне сезім қосады, қиялына қанат бітіреді, эстетикалық ләззат беріп, гуманистік, адамгершілік идеяларды толғайды. Ал сол “Жетісу суреттерін” жазарға дейінгі кезең қандай кезең еді?…
    Бұл сұрақ кез-келген адамның көңілін сан-саққа жүгіртіп, түрлі әсерге жетелейді. Ия, бұл классикалық туындының шығуы, миллиондаған адамның жүрек қылын шерткені де жасырын емес.
Жастық шағында Ілиястың қиял, арман толқулары, ауыл көріністері, табиғат суреттері ақынның нәзік жүрегін қозғап, тіліне ұйқасты сөздер оралып, өлең шығара бастауы шамамен 14 жастан басталады. Күнде көріп жүрген айт пен тойдары өлең-жыр, айтыс, жыршылар төгілтіп айтатын қисса қанша қызық болғанмен, оның жас қиялына ерекше әсер етіп, орасан зор ықпал жасаған Абайдың лирикалық туындылары еді. Әсіресе оның ең алғаш қолына түскен Абайдың «Жазғытұры» өлеңі оған жай таптырмайды. Әуелде дос-жаран, құрбы-құрдасты әзілдеген қалжың, сықақ өлеңді табанда ауызша айтып тастайтын, өзі де өлең шығарып, ақындық әлеміне ерте ілінеді. 
Оның үстіне хат танитын болғандықтан, шағатай тілдеріндегі кітаптарды жинайтын, аңыз-ертегілерді, батырлық жырларды, тарихи оқиғаларды, әңгіме-шежірелерді жақсы білетін, көкірегі ояу, көзі қарақты, әр түрлі өнерді ұстаған әңгімеші, домбырашы, ұста, көшелі Жансүгір анасынан ерте қалған Ілиясты жетімсіретпей, еркелетіп, жақсы үлгі көрсетіп, әдебиетке жақын етіп тәрбиелеп өсіреді.  Өз үйінде, әкесінен хат танығандықтан, одан соң молда алдын көрген Ілияс біраз уакыт Қарағаш деген жердегі татар үлгісіндегі мектептен оқып, әр түрлі пәндерден сабақ алады. 
Ілияс творчествосының қайнар бұлақ көзінің бірі-орыс әдебиеті. Бұл бұлақтан ақын әуелі Абай арқылы нәр алса, кейін орысша түп нұсқалардың өзінен оқып-сусындайтын болды. 
Мектепте Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Крылов, Державин өлеңдерін оқып, толық түсінбесе де, оның ішкі мазмұнына үңіле бастайды. Оның бұл мектепте орыс тілін үйреткен Барлыбек Сырттанов еді. Кейін отызыншы жылдары Пушкин шығармаларымен көбірек шұғылдана отырып, Лермонтов, сияқты ақындардың да өлеңдерінен аз-кем аударады. Онда лирик ақындардың туған жерге деген ынтықтығы мен сағынышы, көркемдігі мен поэтикасы ақын жүрегіне өзіндік із қалдырғанын өлең жолдарынан аңғара аламыз. Бұдан кейін тұрмыс жағдайы билеп, шаруа күйттеп, тіршілік қарбаласына араласып кетеді. 
Ілияс поэзиясындағы мөлдір арнаның бірі — табиғат лирикасы екені әмбеге аян. Туған жерін, елінің тау-тасын, өзен-көлін беріле сүйген шынайы ақын қоршаған ортаның ғажап сұлулығынан өз шабытынан нәр алып, сан алуан бояулары буырқанған ғажап суреттер салды. Бұлардың ішінде нақты географиялық мекен-жайы танылатын ("Ағынды менің Ақсуым"), табиғаттың бір сәттегі көрінісін бейнелейтін ("Ақшам", "Бұлт", "Желді күн", "Жазғы таң"), кұбылысты көз алдыңа әкелетін ("Жауында", "Жел", "Тас") өлеңдердің сан алуан үлгілері бар. Натюрморт, этюд, эскиз сипатындағы туындыларындағы астарлы ойлар, символдық бейнелер, ишарат образдар толымды идеяларға жетелейді, көп мағыналы сарын-әуездерді тудырады.
           Ал “Жетісу суреттері» өлеңіне көңiл қойсақ, оның iшiндегi жазылған түп деректер мен оқиғалардың бiрқатарының “дайындықтары” архив материалдарының iшiнде орын алған. Туған жер қанша ыстық болса, оның шүйгінін, сұлу мекенін, жат жұрттықтар аяусыз талап, асты-үстін иемденіп жатқаны жанына ауыр салмақ түсіреді, көңіліне кірбің ұялатады, өйткені туған жердің келбеті, болмысы ақын жүрегіне жақын. Мәселен, “Жетiсуда жер мол” дегенге бүкiл Ресей дүрлiгiп, осы жаққа көше бастайды. Орыс жаулап алған күннен өз бетiмен Жетiсуға шұбыра көшiп жатқан крестьян келiмсектерi сеңдей соғылысады. Сөйтiп, Жетiсуды орыс жаулағанда алдымен ең сулы, жайлы жерге орыс қалалары салынады. Онан қалғаны тараншы, дүңген секiлдi халыққа берiледi. Онан қалған жақсы жер жылдан – жылға қазынаға алынып, Ресейден көшiрiлген келiмсекке берiледi. Мiне, сондықтан баяғы көшпелi қазақ – қырғыз әлi көшпелi болып, егiн салып отыра алмай жерге — суға өгей болғандығы осыдан келе жатады. Келiмсектерге өкiмет “өзiң сүйген жерiңе отыра бер” дегенге, бұлар өз беттерiмен қазақтың даяр тұрған, жайлы жайлауына басып қоныстанды. Судың ең көмейiне қала салынды. Тоған, егiндiктiң тәуiрлерi қазақ қолынан тартып алынды. Жер-судан айырылған қазақ кедейленiп, аяқты малдың өрiсi тарылып, азайып, егiн салып, егiншi боп күн көруге жайлы жерi, суынан айырылып, әлгi келiмсектерге малай болды. Мұның үстiне сауда капиталы жүрiп, әр жерден базар ашылып, ел iшiне саудагер, алыпсатар толып, қазақ шаруашылығы жаншылды» деген деректерден Жетісу жерінің талан-таражға түскен жайын аңғартады. Бұл  жайт Ілиястың «Жетісу суреттерінде» символ, емеурін, жасырын бейнеде көрсетіліп, әр бөлiмдерiнде орын алған. 
    Бұл жайт ақынның «Дала» поэмасында да кездеседі. Ақын тарихи деректi өзiне тән шеберлiкпен көрсетедi. Оны құрғақ сөзбен айта салмай, Тарих шалдың аузымен айтқызады. Ол Қорқыт ата сияқты ұзақ ғұмыр кешкен қария. Қазақ халқының 300 жылдық тарихын негiзгi өзек етiп алып, оны жеткiзетiн көптi көрген тарих атаның көргенiмен бүкiл тарихты алдыға жайып салады. Негiзiнен, Iлияс Жансүгiровтiң архив материалының үштен бiр бөлiгi қазiргi кезеңге дейiн жарық көрген шығармаларының түп дерегi, жазылу жайының күретамыры. 15–ке тарта қалың бумаларда (папкаларда) Iлиястың өз қолымен жазған 12 қойын кiтапшалары мен дәптерлерi жатыр. Оны ақтарысып, оқып қараған адамға әлi де болса талай тың жатқан деректiң ашылатыны сөзсiз.  
    “Жетісу суреттері” өлеңі Ілиястың ең айшықты шығармаларының бірі екендігін майталман әдебиетшілер әлдеқашан мойындаған. Өз тұсында академик Мұхтар Әуезов бұл шығарманы бағалап былай деген еді: «Мен Ілиясты бұрын білуші едім, өлеңдерін оқып жүретінмін. Бірақ оның шын мағынасында дарынды ақын екенін мойындағаным сол “Жетісу суреттері” өлеңін оқығаннан кейін» деп жүрек жарды көңілін білдіреді. 
    “Жетісу суреттерінде” ақын 52 тіршілік иелерін атап өтеді. Өлең жолдары былай келеді:

    «…Мінеки, Алатауға біткен торғай:
    Қара, боз, суық, бұқпас, сипті, шымшық,
    Шапшақай,  майлық, маубасбұқа, шөже,
    Тоқылдақ, сан-сапалақ атаулысы…»

    Ал аң атаулысы: сілеусін, ілбіс, аю, бұғы, бұлан, қасқыр, шибөрі, қарсақ, сусар, бұлғын, жанат, таутеке, арқар, қарақұйрық, суыр, марал т.б. болса, жыртқыш құстардың ішінде, тазқара, балтажұмар, құмай, жұртшы, су бүркіт, лашын, тұйғын, тұнжыр, тынар, мықи, ителгі, бәрпі, қырғи, тұрымтай, бидайық, бүркіт, тығанақ тағы басқа да құстар мен қазірде ұмыт болған ағаш-шөптердің атаулары өлеңде ерекше жарасым тауып, табиғи түрде орын тепкен.
    «… Долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша,
    Ақ сасық, қызыл қайың, барша шынар.
    Шырғанақ,, сөңке, терек, сөгет, емен,
    Үйеңкі, сырғай, балғын, тораңғылар,
    Сарыағаш, қойқарақат, жиде, шетен,
    Тобылғы, түйеқұйрық бауыр құрттар,
    Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік,
    Сықылды ағаштардың талайы бар…. — деп Жетісудың бай, шүйгін, табиғатын жырға қосады.
    Тегінде, “Жетісу суреттері”, «Жалпы сын», «Тау суреті», «Жетісуда су суреті», «Жетісу жәндігі», «Жер түгі» тәрізді бес бөлімнен, 333 жолдан тұратын көлемді туынды. Бұл шығарма асқан шебердің қолынан шыққан, құлпырып жайнаған, ерекше пафоспен жазылған қазақ поэзиясындағы еш қайталанбас құнды поэзиялық туынды екеніне күмән жоқ. 
    Ал осы туындының шыққан тұсында соны ең алғаш ақынның аузынан естіген адамның бірі – Мәкей Еркінбеков. Ол адам Ұлы Отан соғысы алдында Талдықорған қаласынан Ақсу ауданына көшіп келеді. Ауылда жетім балалар үйінің директоры болып қызмет істейді. Халық ағарту ісіне көп еңбек сіңіреді. Халықтың құрметіне бөленіп, «Халық мұғалімі» деген атаққа ие болады» — еске алады, Өсербай Жұмаханов. 
    — Біздің Ілияс жырдың дүлділі еді-ау, дейтін Мәкей аға, — «Мұзбұлақ», «Салқынбел», «Күреңбел» жайлауларында талай бірге болып, салтанатпен ит жүгіртіп, құс салдық. Ілияс атқа мініп, аң аулауды жақсы көретін еді. Бұл 1925 жыл болатын. Біз «Ақтасты» мен «Мұзбұлақтың» сай-құздарын талай араладық. Ілекең табиғат көрінісіне тамашалап, қызыға қараушы еді. Алатаудың аңдарын, өсімдігін, жәндігін, хайуандарын, тіпті, ағаштарын жақсы білетін. Кейін оны өзінің өлең-жырларына арқау етті. Біз жүрген жерлерде ол көзімен көргенін қойын дәптеріне жазып алып, өлең шығаратын. Өлеңін бізге оқып беретін.
    — Ей, Мәкей, — деді бірде маған, мына «Мұзбұлақ» тауының биігі көкке тіреледі. Көріп тұрсың ба, басынан мәңгі мұз кетпейді. Анау тұрған «Ақтасты». Оның күншығыс жағын бойлап Бүйен өзені арқырып ағып жатыр. Мен өлең шығардым. Өлеңімнің аты «Тау суреті» деп атадым, тыңда оқимын:

    «…Мұрыны Мұзбұлақтың көкте мүлгіп,
    Ақтасты аспанға әдейі тірелгендей.
    Қар кете қарлы ауаны қақ айыра,
    Қаптағай қаптай көшед Бүйенді өрлей.
    Түйірді бұршақ нөсер ұшықтайды,
    «Шиұшық», «Қырықаяқ су» жібергендей,
    Көкжанбас көл көпірлі таудың көркі,
    Жатқан мұз шатыс тастың көкше бөркі… — деп келеді.

    Біз Ілекеңе «О, пәле, жарайсың Ілияс» деп қошамет көрсеттік. Ол: — Бұл өлеңнің аяғы бар, біткен жоқ. Әлі Алатаудың жәндігі мен құстарын, өсімдігі мен ағаштарын өлеңге қосамын»  —  деп еді.
    Ақынның «Мұзбұлақ», «Ақтасты» деп жырлап отырған жерлері қазіргі «Ақсу» совхозының, «Арасан» ұжымының «Күреңбел» колхозының жаз жайлауы екен. 
Қазақ поэзиясында Абай қалыптастырған табиғат лирикасының ілгері өрістеуін Ілияс есімімен тығыз байланыста қарау керек. Табиғаттың дәстүрлі маусымдарына арналған ақынның алғашқы өлеңдерінің бірі "Жазға салымданы" (1922) оқып көрейік:
  Күркіреп, күңіреніп, ұласып аспан,
Сіркіреп, бұлт тұмшалап, жауар жаңбыр.
Дүркіреп жауқазындар, жарар гүлін,
Үлбіреп өнер шөптер, кұлпырар қыр.
Жалтылдап жүнін тастар тай-тайлағы,
Бақылдап көлде қиқу шағала — қаз.
Былқылдап малға толар қырдың қойны,
Сылқылдап әзілдесер, күлер сылқ-сылқ.
Он бір буынды тармақтың әдеттегі өлеңдегідей соңғы бунақтары емес, бастапқы сөздері ұйқасқан, бұрын қазақ поэзиясында сирек кездескен жаңа форма. Тіршіліктің оянуын, табиғаттағы жаңғыруды жан-жануар, құстың, адамдардың әрекет-қимылы арқылы бейнелейтін бұл өлеңдегі көркемдік принцип ақынның табиғат лирикасына түгелдей тән.
Шашыранды туындылар емес, ақын табиғат пен адам байланысының диалектикасын көрсететін шығармалар шоғырын, өлеңдер циклін дүниеге әкеледі. Бұлардың ішінде балалар талғамын ескеріп жазылған, ырғақты, сөздері ойнақы, жаттауға оңай, тақпақ үлгісіндегі "Жазғытұрым", "Жазғы шілде", "Күз"  (1923) өлеңдерінде жыл мезгілдері, табиғаттағы өзгерістер еңбек әрекеттерімен сабақтас бейнеленеді.
Табиғат суреттері, адам портреттері, мінез қалыптарын ашуда жазушы реалистік биікке көтерілді. Юморлық, сатиралық кейіптеулерде Жетісу жерін бейненелеуде көркемдік қуат бар. Жазушының суреткерлік күші барымта, жұт сценаларын, билер дауы, молдалар айтысын, жұмысшылар ортасын бейнелеуден жақсы көрінеді.
"Жан-жақты қап-қара түтін басты. Түтін астындағы қараған, тобылғы, бөркөздердің бадасы патырлап жанып, аспанға лаулады. Күн шілдесі жаздай қақтап, шақпақтың қуындай тұтанғалы тұрған қуқыл бетеге азғана желдің лебімен отты жан-жакка әлдекашан алып кетіпті. Қаулаған өрт, заулаған от көптен жауын тамбаған қу далаға ойнақты салып берді. Қарағандар бытырлап, тобылғылар шытырлап, шөптер от шалғысына шабылып, жылан-шаян шырылдап, бақа-қоңыз кұрылдап тау-тасты өрт алды".
Стихиялы күш, тілсіз жау қаптаған өртті жазушы осылайша динамикалық қалыпта, жаны бар, ертегінің жалмауызы, аяу білмес қаһарлы дүлей ретінде бейнелейді. Мұнда да Жетісу жерінің пейзаждық көрінісі көз алдыға келеді. 
«Кек» пьесасы да Жетісу жеріндегі тарихи оқиға суретттеледі. Бұл ауылдағы тап тартысына арналып жазылған шығарма. Сол тұстағы жаңа өкіметтің ісіне қастандық жасап, ілгерілеуге кедергі келтірген қайыршы кейпіндегі Тәңірберген қажы, Есенғүл, Сейдахмет, Меделхан сынды кешегі билеуші таптың өкілдері мен колхоз бен жаңа өмір құрып жатқан Рақым, Мекенбек, Аятбай, Үндемес т.б. адамдардың арасындағы таптық тартыс пен күрес мейлінше нақты, реалистік бейнеде суреттелген. Сол кездегі драмалық шығармаға тән халық өкілдері мен екіншісі халықты ғасырлар бойы билеп келген үстем тап өкілдерінің бұрынғы тәртіпті қолдарынан жібергісі келмей тырысып бағуы, сол арада қарапайым халықтың билікті қолға алуы — екі лагердің қақтығысына, конфликт жағдайға әкеліп соқтырғаны, түбінде кісі өліміне әкеліп тіреледі. Осы арқылы шешімін тапқан эпизодпен драма желісі шарықтау шегіне жетеді.
Пьесадағы қатысқан кейіпкерлердің көбі тарихи адамдар, олардың әрқайсысының прототиптері өз тұсында Ақсу жерінде аса танымал болған тарихи бұрмалау мен қитұрқы саясаттың құрбандығына ұшыраған Маман әулетінің ұрпақтары. Өткен ғасырларда қазақ даласында алғашқылардың бірі болып оқу-тәрбие орнын ашқан, сондай-ақ өз ерекшелігімен білім жүйесін қалыптастырған Жетісудағы Қыдыралы бидің ұрпағы Маманның ұлы Тәңірберген қажы, Есенғүл, Сейітбатталдың ұлы Сейдахмет, Бидахмет сынды адамдардың есімдері аталады. Шығарма кезең ыңғайымен жазылған. Ондағы билеуші таптар категориясындағы адамдардың жаулық іс-әрекеттері ойдан, творчестволық фантазиядан туындағанына күмән болмаса керек-ті. 
Ілияс Жансүгіровтің творчествосы бастан-ақ қазақтың халық әдебиеті мен халық тілінен нәр алып дамыған творчество десек, артық айтылған болмайды. Ілияс поэзиясының ерекше күші, әсерлілігі, оның әсем әуезділігі осы халық қазынасын творчестволық жолмен мол және өзінше пайдалана білуінде, оның жалпы халықтығында, ұлттық байырғылығында. Қазақ халқының көп ғасыр санасында қорытылып, шыңдалған, елегінен өтіп сұрыпталған асыл ұғымдар мен образдар, қазақтың шаруашылық тұрмысына байланысты сезік бейнелері Ілияс поэзиясының қаны, ажары, көркі дейміз. Мысалы, малмен байланысты ұғымдарға сайма-сай алынған төмендегі: «Аспанның төсін арда еміп», «Жынды толқын сүзісті», «Қозыдай қауын, қарбыз көгендегі», «Айырплан аспанда бұлт қайырып құрайлап», «Түйелердей тіркелер», «Үйірін көрген күш қара айғыр аңырар да кісінер», «Жорға еді маймаңдаған бақайшағы»,— деген сықылды әлең  жолдары осыны дәлелдейді.

Иманғазинов Мұратбек

Филология ғылымдарының докторы,
Ілияс Жансүгіров атындағы
Жетісу мемлекеттік университеті
қазақ филологиясы кафедрасының
профессоры,

Саякупова Еркежан                 
Жетісу мемлекеттік университеті
қазақ филологиясы кафедрасының
магистранты